ИМАНАШАР

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ОЛ БАҚЫТ

Санат: ИМАНАШАР
Уақыты: 10.07.2019
Оқылды: 465 Печать страницы

Мейірім мен жанашырлық болмаса бұл дүниедегі не нәрсе де мәнсіз, әрі суық сезіліп тұратыны шындық.  Мұндайды қазақ атамыздың «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Мейірім барда, мұңдық жоқ» немесе «Жайылым болмаса, мал азады,  қайырымы болмаса, жан азады» деген нақыл сөздерінен де көруге болады. Қасиетті Құран Кәрімдегі барлық сүренің «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим» деп басталуы бәрінен бұрын Алланың рақымды, мейірімді сипатынан хабар беріп қана қоймай  рақымдылық пен мейірімділіктің жалпы жаратылыстың түп негізі екендігін паш етеді. Жалпы ғаламдағы барлық нәрсе терең мейірім мен ыстық рақымның  негізінде бар болып, өсіп-өнетіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, мейірімділік, рақымдылық, қайырымдылық деген мағыналы сөздердің түп төркіні біреу ғана.  Адамның айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегі оның адамгершілігі мен иманының өлшемі болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдарға мейірімділік танытпағандарға Алла мейірімділік жасамайды», – дейді. Сонымен қатар келесі бір хадисінде: «Мейірімді, жұмсақ жүректі болмайынша иман еткен болып саналмайсыңдар» (Ибн Аббас) десе тағы бір хадисте: «Мейірім тек қана бақытсыздың (иманнан нәсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған», – делінген. Демек, қайырымдылық пен мейірімділік имандылықтың  ең жоғарғы  нышаны болмақ.   Имандылықтың шарты  адал және әділ болуға, әлсізге, жоқ-жітікке, кемтар, панасыз,  жетім,  жесір, мұқтаж жандарға  қайырымдылық ету, ұрлық, өтірік, өсек, ғайбат, қиянат сияқты кеселді қылықтарға жол бермеу болып саналады. Қазақ халқы қазақ болып қалыптасқаннан бергі тарихымызға үңілсек, қарттары мен жетім-жесірлерін далаға тастамай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ел қатарлы өмір сүріп кетуіне бір ауыздан атсалысқан берекелі елміз. Оған «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай», «жерде бір жетім жыласа, аспанда тоқсан періште күңіренеді», «жесір ерден кетсе де елден кетпейді» т.с.с немесе «ағайын-туыстың торқалы той, топырақты өлімдегі берекесі» деген сөз тіркестері куә. Ал қайырымдылық деп  көмекті қажет етушілерге (адам және барлық жандыларға) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмекті айтамыз.  Қайырымдылық ұғымының екі қыры бар. Бірі – рухани-экономикалық жағы (басқаның басына түскен ауыртпалықты қабылдау), екіншісі – іс-тәжірибелік жағы (іс жүзінде нақты көмек беруге ұмтылу). Қазақта «Жақсы кемітпейді де, кемсітпейді де» деген сөз бар. Адамдар берген садақасы, жасаған қайырымдылықтарын міндетсінбей, анаған-мынаған мақтанып айтып, жұртқа көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болуы тиісті деп түсіну үшін аса көп білімді болудың қажеті жоқ. Адамдардың арасында  жасаған жақсылығын міндетсінетін, мүсәпір мен мұқтажды ренжітетін адамдар жоқ емес, бар. Бұл күнде ондай жандар жетіп артылады.  Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе?» (Рахман сүресі 60-аят) немесе «Мал-мүлкін Алла жолына атағандар, соңынан оны міндетсінбегендер және (алушыны ренжітпегендер) Раббыларының алдында сауапқа ие болады, (қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды». (Бақара сүресі 262-аят)  Пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде: «Оң қолыңмен бергеніңді, сол қолың көрмесін» - десе және бір хадисте: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кіре алмайды» - деген.    Құран Кәрімде: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады». («Сәбә» сүресі, 39-аят) десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық», (хадисті Әбу Һүрайрадан (р.а.) имам Мүслім),- деген. Әрбір иманды жанның осы аят, хадистерден  алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де мол.  Рақымды, мейірімді, жан жылуы мол адамды қайырымды адам деп айтамыз. Әрбір адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады. Біреуге жақсылық, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі.  
 Халық аузындағы: «Қайырымды жүрек қартаймайды», «Жайылымын тапса, мал семіреді, Жақсылық жасаса, жан семіреді» деген сөздер осындайдан қалса керек. Ауданымызда қайырымды жандар өте көп. Бірі көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлап, баспана беріп жатса, енді бірі артымыздан ерген жастарымызға арнап спорт алаңдарын ашып жатыр. Алла жолында жұмсаған садақаларыңыз қабыл болсын! Осы жасаған жақсылықтарыңыз Хақ тәңірінен екі еселеніп қайтсын!


Еділбек ЕРІМБЕТ,
аудандық мешіттің имамы.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.