ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІ: КІМ КІНӘЛІ...

Санат: ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 2397 Печать страницы
ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІ: КІМ КІНӘЛІ...

«Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылымиесі болуды тілейтін өнер», - деген екенМ.Жұмабаев. Қандай  тауып  айтылған даналы  сөз. 

Тәрбие  арқылы адам  тағдыры  шешілетінін,оның  білімді  тұлға  

болып  қалыптасатынын, елдің  берік тірегі  болатынын  көрсетеді.

Тәрбие – қашан да отбасынан басталады. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы - ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі болып табылады. Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі  болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты - әкеде, қыздың ұяты - шешеде» деп бағалағандықтан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған. Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты. 

Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасындағы ата-ана - баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты.

Тәрбие берудің негізгі мәйегі - мейірім мен сүйіспеншілікте. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді.

Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ислам тәрбиесін қалыптастыруда балаларды көзден таса қылмаған. Жоғарыда айтқанымыздай, қайта дүниеге келмей жатып, балаға алаңдаушылық білдірген. Бала дүниеге келісімен діни салт-жоралғылар жасап, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толыққанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған және бала тәрбиесін құрсақта жатқаннан ойластыру қажет деп санаған.

Ендігі кезекте, қазіргі отбасыдағы балалардың мінезі, тәрбиесі туралы қарастырсақ... Қазіргі заманның балаларын өткен ХХ ғасыр балаларымен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Ол кездің балалары ата-анаға қарсы тұру былай тұрсын, әкенің қабағынан қорқатын. Ал, қазір ше? Өзіңмен қоса жағаласып, қабақ тұрмақ әкенің жүрісінен қаймықпайтын балалар бар. Оған себеп, біріншіден, жұмыстан қолы босамайтын ата-анада, екіншіден, теледидар көрсететін түрлі кинолар мен қолдан түспейтін ұялы телефонда. Бүгінгі баланың тәрбиешісі – теледидар, интернет, аула, қоршаған ортасы. Баласының қайда, немен айналысып жүргенінен бейхабар ата-аналар да аз емес. Егер ер-азаматтар нағыз «түздің адамы» болып, табыс тауып, бала-шағасын бақса, әйелдер де тып-тыныш баласын бағын, күйеуінің бабын тауып, ұрпағының тәрбиесімен айналысып отырар еді. Амал жоқ, сүйенетін ері жоқ көптеген әйелдер балаға ұлттық тәрбие беруден бұрын олардың қарны тоқ болғанын ойлайды.

Бүгінгі отбасы жағдайында бала тәрбиесін ұйымдастыру көптеген ғылым саласынан білімді де, қабілетті болуды керек етеді. Ата-аналардың дені отбасын асырау мен олардың қажетін қанағаттандырумен уақыттарын өткізуде. Ал бала тәрбиесі назардан тыс немесе өзге адамның қолында болып отыр. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі күні әрбір үйде демесек те, бес отбасының бірінде бала күтуші жалданып жұмыс істейді. Десек те, сылтауды басқаға ысырмай, ата-аналар өзіміз дүниеге әкелген баланы бастан қадағалауымыз керек.

Ислам дінінде, балаңды еркелеткенің үшінде сауап болады делінген. Кейбір отбасылардан байқайтынымыз, жұмыстан келген ана кешкі астың қамымен жүріп, мектептен келген баласынан қарауға уақыты болмайды. Баласының «мен бүгін бес алдым» деп мақтана келген қуанышына «балам, шаршап тұрмын» деп жас баланың еңсесін түсіріп аламыз. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, бала жас шыбық сияқты, қалай исең солай иіледі. Болмаса, өз жан тыныштығы үшін баланың қолына ұялы телефон беріп қоятын ата-аналар да бар. Ол жас жеткіншек интернет шырмауына кіріп, санасы уланатынын аңғармаймыз да. Кейбірі балаға нағыз тәрбиені ата-апасынан ешкім артық бермейді деп жатады. Бәлкім, дұрыс та шығар. Әжесінің айтқан ертегісімен өскен бала әрине, жаман болмас. Бірақ, қазіргі әжелеріміз ертегіден бұрын телефонның ар жағынан әншілердің өмірін қызықтап отыратыны хақ. Сондағы қазақы құндылық қайда?

  • Назерке Шайхсламқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог-маманы: - Қазақ халқы ежелден тәрбиеге ерекше мән берген. Бау-бақшаны қарап , баптап өсіретіні секілді, бала тәрбиесіне де ата-ананың, бала-бақшаның, мектептің алатын орны ерекше. Ата-ана балаға көргенін ,білгенін, өмірден түйгенін айтып, көрсетуінің өзі тәрбиенің басы. Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұлы атадан үйренбей сапар шекпес,- дейді, халық даналығы. Ана қызына, ата ұлына білгенін айтып отырса бұның өзі бала тәрбиесіне үлес қосып, жақсы азамат болып қалыптасуға маңызы зор. «Балаға өз тіліңмен емес, баланың тілімен сөйле» дейді халық даналығы. Міне, ата - бабамыз баланы қалай тәрбиелегенін осындай дана сөздерінен көруімізге болады.

Қазіргі заманда жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру әлеуметтік құрылымның ең маңызды міндеттердің бірі. Жас жеткіншек - келешек азамат, ал жастарымыз біздің болашағымыз.Бүлдіршін кез -  адам  бойындағы қасиеттердің қалыптасатын кезі. Бұл уақытта – отбасынан берілген тәрбиенің маңызы зор. Бірақ тәрбие жағын балабақша мен білім ордаларына тапсырып жататынын көріп жүрміз. Бұл дұрыс әрекет деп ойламаймын. Иә, рас мектеп тәрбиенің түрлі факторларын үйлестіріп, біріктірудің орталығы. Білім ордасы тәрбие мен білімді қатар үйрететіні де рас. «Тәрбиесіз алған білім , адамзаттың қас жауы», - деп ата бабаларымыз айтып кеткен. Бірақ, ешқандай орта отбасынан, ата-анадан алған тәрбиені алмастыра алмайды. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы»- дегенде, атадан балаға мұра болып келе жатқан қасиеттерді үйретіп , қалыптастырудың еш жамандығы жоқ деп ойлаймын. Сан ғасырлық тарихымызды, ұлттық құндылғымызды , дініміз бен ұлттық тәлім-тәрбиеге ерекше мән беріп осы қасиеттер тал бойында бар жасөспірім жеткіншек, ең бірінші отбасының мақтанышы, ата-анасының мерейі.

Халқымыз «Ұяда нені көрсең,ұшқанда соны ілерсің» деп жатпай ма? Міне, сондықтан, меніңше, жастардың ұядан алған тәрбиесінің нақты көрінісі ол сыртқа шыққанда,көпшілікпен араласқанда,қоғамдық орындарында жүргенде анық байқалып тұрады. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті жүрген ортасына сүйкімді азамат болып жетілуі үшін алдымен тәрбие шараларын өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтарымен баласына «үлгі-өнеге» көрсетпеуге тырысқаны абзал. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады. Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы парасатты азамат болып өсуі- біздің, яғни әрбір ата-ананың өз қолында.

Кейбір ата- ана, біз баламызды материалдық жағынан қамтамыз етсек сол жетеді деп ойлайды. Бәрімізге белгілі мына заманда техниканың дамыған кезі.Қазіргі техника дәуірінде адамның күнделікті өмірі компьютер, ұялы телефонмен өтеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Компьютерге немесе ұялы телефонға отырған кезде адам жай ғана отырмай интернетті пайдаланады. Қазіргі интернеттен өзіңе керектінің бәрін де таба аласың. Әрине, бұл өзіңе пайдалы. Бірақ та, әрбір заттың өз уақыты,өз орны болу керек емес пе? Ал қазіргі жастар сол монитордың алдында  кешке дейін отыруға бар.Ол бір жағынан денсаулыққа әсер етеді,бір жағынан санаға әсер етеді. Мысалы,қазіргі ата-аналар интернетті балаларына қосып беріп жатады, өзі білмесе де баланың көзі ашық болсыншы білсін, оқысын деп. Ал, бала болса құр ойын ойнаумен уақытты өткізеді. Ал, сабақ жайында қалады. Қазіргі интернетте дені дұрыс ойын да жоқ, кілең атыс-шабыс. Міне,осының бәрі баланың психологиясына әсер етеді. Компьютер мониторының кескіндері адамның көзін көру өткірлігін нашарлатады. Әрине оны барлығы да біледі.Сонымен қатар тапжылмастан компьютер алдында отырғанда бұлшық еттері қажытады және де омыртқаға зиян болады.Міне оның бәрі адам өміріне қауіпті әрі зиян.

Қазақия жұртына «Майл.ру агент»,«мобильді агент», «мой мир» деген ұғымдар пайда болғалы біраз жылдың жүзі болды. Пайдасы қайсысы,зияны қайсысы ажырату қиын.Әсіресе,жасөспірімдердің ұялы телефонды қосылған күйінде жастанып ұйықтайтын болды. Қараңғыда тырсылды санағандай тырсылдатып әріп теріп жатады.Оқушылар сабақ уақытында партаның астында әлде біреумен саусағы арқылы сөйлесіп отырады.Тіпті,үйден отырып,ВК-ватцап арқылы болашақ жарын да тауып алуға болады....Қойшы әйтеуір бәрі алақаныңда. Сөйлесемін десең ернің де жыбырламайды,саусағын сайрай береді.

Келешегіміз айқын болсын десек, тәрбиемізді тал бесіктен түзейік.

XXI-ғасыр жастардың жаңа ақпараттық технологиялардың ғасыры. Әлеуметтік желіні пайдалы, дұрыс қолдана білейік және ғасырдың деңгейінен қалыс қалмайық. Ендеше еңсесі биік,егеменді еліміздің адалдықты ту еткен алғыр ойлы адал азамат ұл-қыздары көп болғай.

 

Бұл психолог маманның пікірі. Біз айтпасақ та, уақыт өз ағымымен өтіп жатыр. Сол үшін де, кейін өкініп қалмас үшін, қазірден балаларымыздың тәрбиесіне мән берейік. Бар махаббатымызды соларға көрсетейік. Әл-Фарабидің «Тек бақытты адамдар ғана ізгі істер атқаруға қабілетті болады» деген ұлағатты сөзін ескеретін болсақ, отбасында татулық пен береке болған ортадан шыққан маман ғана қоғамға пайдалы істермен айналыса алмақ. Балаларымыз бақытты болсын!

 

 

 

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.