ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ҚОЛӨНЕР

Санат: ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Уақыты: 19.03.2021
Оқылды: 1945 Печать страницы
ҚОЛӨНЕР

«Астау жасау» ерекше өнер туындысы

 Ағаш - табиғаттың тамаша туындысы. Табиғаттың ерекше туындысынан керемет күнделікті қолданысқа ие болатын заттар жасап шығаруға болады.  Ерте заманнан - ақ адамдар ағашты тіршілігіне қажетті материал ретінде пайдаланғандығы баршамызға аян.  Тарихқа үңілетін болсақ,   ағаштан аң аулауға қажетті аша таяқ, найза,  жебе тағыда басқа  заттар жасаған. Қазіргі уақытта да бізге ағаштан жасалған заттарсыз өмірімізді елестетудің өзі қиын. Тұрған үйіміз, үй жиһаздары, басқа да тұрмыста жиі қолданылатын заттардың көбі ағаштан жасалған. Қолөнердің ең көп тараған түрлерінің бірі - бұл ағашты көркемдеп, өңдеу. Ертеден - ақ көшпелі халық тұрмысына қажетті заттарды өздері жасап отырған. Ағаштан түйін түйген шеберлер атқа салатын ерді, тамақ сақтайтын кебеже, киім салатын сандық, киім ілгіш, тостаған, саптаяқ, шара, оқтау, табақ пен тегештерді аса шеберлікпен жасаған. Тіпті, бүгінгі  таңда күнделікті пайдаланып жүрген қағаздың өзін осы ағаштан жасаймыз. Ағаштардан тіпті ас ішетін ыдысты да дайындап, қолдануымызға болады.
Міне соның айқын дәлелі Көксу ауданы Мұсабек округіне қарасты Мәулімбай ауылының тұрғыны Данияр Рахметұлы ағамыздың ағаштан ас салатын астау жасауы.  Яғни, астау дегеніміз халқымыздың бұрыннан пайдаланып келе жатқан ас салатын ыдысы. Астауға тек қана ет салып қана қоймай басқа да  дәмді астарды салып тартуға болады. Астауды жасаудағы әдіс тәсілдерді меңгеру үшін ең алдымен қолөнершінің шеберлігі, арнайы көркемдік дайындығымен қатар, бұйым жасауға арналған қажетті жағдайларын ұйымдастыруы қажет.  Ең алдымен керекті құрал саймандарды жұмыс орнын сайлағаны дұрыс, қажетті шапқы, қашау, пышақтардың түрлі үлгілерін дайындап, астау жасауға арнайы алынған дайындаманы тақтайша бетінде нық қозғалмастай етіп орнатып  немесе қойып алып, бірақ жұмысқа кіріскен дұрыс. Жасалу техникасы басқа құралдарды жасауға қарағанда ерекше.  Осы астауды жасауды қазіргі таңда өзінің жұмысына айналдырып отырған Данияр ағамыздың туындылары ерекше көрініске ие.
«Ең алғаш осы астау жасауға деген қызығушылығым мектепте ұстаз болып қызмет артқару барысында басталды. Мен өзім еңбек сабағынан ұстаздық еткенмін. Оқушыларға түрлі заттарды жасауды үйрете жүріп өзімде осы заттарды жасауды кішігірім кәсібіме айналдырдым. Бүгінгі таңда тұтынушылардан тапсырыс алып сол арқылы астау жасаймын. Бұл астау жасаудағы бір ерекшелік шыдамдылықты қажет етеді және осы астауды жасау барысында жаным жай табады. Қысқасын айтқанда бұл менің бір жағынан жұмысым, бір жағынан жан рахатым. Осы жұмыстың арқасында отбасымды да асырап, жанұямның да нәпақасын тауып жүрмін. Бір астауды жасау үшін менің 1-2 күнім кетеді.  Бұл астауды «қарағаштан» жасаймын. Астауды жасау барысында бар ниетіммен жасаймын. Себебі, біріншіден, тұтынушы риза болуы үшін. Екіншіден, бар ниетіңмен жасалған дүние әрқашанда сапалы болып табылады»,-деп Данияр аға өзінің ойын білдірген болатын.
Қазіргі таңда қолөнерге деген сұраныс артқан. Қолдан жасалған кез-келген зат үшін еңбек пен уақыт кететіндігі белгілі. Сонымен қатар, қолдан жасалған заттардың сапасы өте жақсы болады. Қолөнер біздің атадан  мұра болып қалған кәсібіміз. Сондықтан да, бұл өнердің жанына серік еткен қолөнер шеберлеріне әрқашан өзіміздің алғысымызды айта білуіміз қажет.

 

Ерінбеген етікші болады

  Бегалы Жанболатұлы – 1984 жылы ҚХР Күнеш ауданында дүниеге келген.  2012 жылы 12 наурыз күні Қазақстан Республикасына қоныс аударып келген.  Қазіргі таңда Алматы облысы, Көксу ауданы, Алғабас ауылдық округіне қарасты Қызылтоған ауылында тұрады. Елімізге келген жылдары бастапқыда табыс көзін таба алмай, жан-жақты іздене бастаған. Соның аясында бір емес, бірнеше жұмыспен шұғылдана жүріп, өзінің оң жаңбасына етік тігу ісінің  сай келетіндігін байқаған. Бүгінгі таңда 8 жыл бойы өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі.  Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында өзінің жеке тігін тігетін  дүкені  орналасқан.  Жастайынан еңбекке жақын болған Бегалы ағамыздың қол өнерге келгенде  шығарда жаны бір бөлек.
  Халқымыз «Ерінбеген етікші болады» деген сөздің өзін тектен текке айтаған. Бұл кәсіптің қоғамдық мән-маңызын әлдеқашан айшықтап, қоғамға керек кәсіп екендігін айтып кеткен. Өйткені, етікшілік ерекше өнер түрі. Жай өнер емес, ерінбей-жалықпай үйренетін өнер. Кезінде әр ауылға бір етікші болған, себебі мәсі мүжілмей, етік тозбай тұрмайды. Шеберлігін шыңдап, іскерлігін ісімен дәлелдеген адам ғана етікші болатын болған. Сондықтан да қазақ қоғамы етікшіні жоғары бағалаған. Қазір ғой, етікші десек, мұрын шүйіретініміз. Сөйте тұра,  сапасыз аяқ киімдер сатып алып, жақсы киіс бермегені үшін сөгіп жатамыз. Ал өзіміз ерінеміз, етікшілікті де кәсіп көзіне айналдырып, табыс табуға болатынын ескермейміз. Міне, Бегалы ағамыз осы ата кәсіпті қолына алып отырған ерекше маман иесі.
«Елімізде жақсы сұранысқа ие болу үшін, өнім сапалы, ыңғайлы, тартымды әрі қол жетімді болу керек. Ойша жоспар құрғанда барлығы оңай, алайда іске келгенде басқаша. Ең бастысы алға қарай ұмтылу, төзімді бола білу керек. Өндірістің қай саласын алсаңыз да отандық тауарға сұраныс бар. Экологиялық таза, сапалы заттар өз құндылығын жоғалтпайды, денсаулыққа зиян келтірмейді. Түсініксіз шикізаттан жасалған, иісі қолқаңды алатын аяқ киімдерден гөрі, арнайы маманның көмегімен таңдалған сапалы терілерден тігілген аяқ киімдерді киген жөн. Біз бір аяқ киімді тігу үшін арнайы Қытайдан қара теріні сонымен қатар, Текелі қаласынан тапсырыс беру арқылы  қой терісін алдыртамыз. Бір аяқ киімнің жұбын тігіп, сатылымға шығару үшін 2-3 күн уақыт  кетеді. Алайда, кеткен уақыт, еңбек өзінің нәтижесін береді. Соны халық енді түсініп еңбегімізді бағалап жатыр. Біздегі мақсат –жерлестерімізге төл тауар ұсыну. Аяқ киімдеріміздің  сапасына көзі жеткесін шын қуанып, таңданыстарын жасырмайтындар да бар. Кейбір тұтынушыларымыз ақ тілектерін  білдіріп, алғысын айтып жатады. Сатып алушылардың осындай тілеулестігін көргенде құлшынысымыз арта түседі. Тұтынушылар арасында  отандық өнімді  іздеп киетін жандар өте көп, олар бізді қолдап, сапасын ұнатып аяқ киімдерді ерекше мақтанышпен алады. Еңбек еткен адам үшін бұдан артық сый жоқ», - деп Бегалы ағамыз өз ойын білдірді.

 

Ата кәсіп – көне мұра

   Қабдыраш Бөкей – 1962 жылы 1-мамыр күні ҚХР Тарбағатай аймағында дүниеге келген.  Қазіргі таңда ата жұртына  қоныс аударып Көксу ауданын да өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі.  Бөкей ағамыздың кәсібі өзге кәсіп түрінен ерекше. Себебі, жеті қазынаның біріне жататын  жүйрік аттарға тікелей қатысы бар бұйымдарды жасайды. Оның ішіне:  ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, айыл, пыстан, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, қамшы және тағы да басқа бұйымдар жатады. Жылқы құрал-жабдықтары түрлерінің сан алуандығы ертедегі қазақтардың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық жағдайымен тікелей байланысты болған. Былайша айтқанда, бұл бұйымдардың барлығы өткен тарихымыздан сыр шертеді.  Жылқы төліне қажетті құралдарды  жасау – шеберлікті талап ететін жұмыс. Себебі, әр төлдің өзіндік ерекшеліктері болады. Бұдан бөлек тапсырыс берушілер де әр заттың ерекше үлгіде болғандығын қалайды. Бұрынғы уақыттарда барлығы бір сипатта жасалатын болатын болса, қазіргі таңда бағалы тастармен көмкеріліп, ерекше тоқу үлгісімен де жасалады. Соған қарамастан, Бөкей ағамыз жаңа дүниелерді үйреніп, сапалы жұмыс жасағанды жаны сүйеді.  
«Жылқы төлін қазақ халқы ежелден қастерлеген. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны саналады. Сол тектіліктің арқасында белгілі бір жерде тілек тілесек те, бір жерге қонаққа барсақ та жылқы төліне байланысты әңгіме болған болса ішкен асымызды жерге қоятынымыз жасырын емес. Менің де осы жылқы төліне деген қызығушылығым  бойыма біткен тәрбиенің арқасында. Бір затты жасауды өзіне көп уақыт пен шыдамдылық керек болса да, менің осы жұмысқа деген махаббатым, сүйіспеншілігім барлығын жеңіп тұрады. Біз салтымызды жоғалтпай, соны кәсіпке айналдыра отырып болашақ ұрпақтың бойына барлығын сіңіре беруіміз керек. Себебі, аға буын өкілдері біз бұл дүниелерді ұмыт қалдырсақ, болашақ ұрпақтан не күтеміз? Басында қолөнермен айналысу мен үшін де жәй қызығушылық болған бүгінгі таңда табыс көзіме айналып отыр. Жастарға да айтарым ешнәрседен қорықпай, жүректеріңіз қалаған дүниемен шұғылдансаңыздар жұмыстарыңызда мол табысқа жетесіздер», – деп Бөкей ағамыз өзінің іс-тәжірбиесімен бөлісті.

 

  Құрақ құрау - өнердің сарқылмас қайнар көзі

Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай ерекше көрпе мен кішкентай көрпешелер жасау. Сол жасалған дүниелер қазіргі таңда үлкен сәнге айналған.  Сәнге айналуының арқасында ұлттық ерекше үлгідегі бейнелерді ұмытпай жадымызда сақтап келеміз. Оның қымбат құндылығының бір айғағы құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, барлық дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіндігі, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтататыны тағы бар. Міне, осы тігін өнерін жанына серік етіп жүрген  Көксу ауданы, Мұқыры ауылының тұрғыны Жұмакүл Бекбосынқызы көрпе жасау ісін бала кезінде анасының  жанында жүріп үйренген. Балалық шағынан бастап,  өзінің қолөнерге қызығушылығы бар екендігін байқаған. Ең алғашқы құраған көрпесін киілген  ескірген киімдерден құрап жасаған. Жоқтан бар жасауды үйренген Жұмакүл тәтеміз бүгінгі күні қыз жасауын жасаумен де айналысады. Құрақ көрпені құрау барысында екі астарлы, үш астарлы көрпелерді еркін тігеді. Көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ көрпеден  құрақ көрпешікке  дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін барлық ауыл тұрғындарына паш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың. Соның аясында, жұмыс атқарып жатқан әпке, әжелеріміздің алдында бас июге болады. Себебі, қазақ халқының қолөнерін осы күнге дейін сақтап, дәріптеп  жеткізе білуінің өзі еңбек.
«Басты бұйымдары көрпе, түскиіз, жастық және түрлі ойыншықтар болып келетін құрақ құрау – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Құрақ негізінен, түрлі-түсті маталардан құралады. Мата қиығын қолына ұстаған әрбір әйел оны білмей тұрып қиық құрай алмайды, жасаған бұйымы көріксіз болып шығады. Яғни, құрақ құрауда қойылатын басты шарт: онымен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, бояулардың сырын білетін таным болуға тиіс. Таным болған жерде өнерге деген сүйіспеншілік пайда болады. Сол өнерге деген құрметінің арқасында сіз өзіңіздің дүние танымыңызды толықтай өзгерте  аласыз», – деп есептейді Жұмакүл ханым.
 Бір ғана ою - өрнектің өзі бізге тарихымыздан сыр шертеді. Сол сырдың астарында бір үлкен сыр жатқандығы бәрімізге аян. Ата-баба дәуірінен келе жатқан бұл дәстүрді еліміздің әрбір ұрпағы біліп жүруі керек деп ойлаймын.


Аяла АРЫСТАНБЕК

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.