ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Санат: ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Уақыты: 01.04.2021
Оқылды: 1718 Печать страницы
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Сенбе жұртқа, тұрсада да қанша мақтап,
    Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
    Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
    Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деп дана Абай атамыздың ғибрат аларлық осы бір өлең жолдарын оқушының түпкі ой-санасына сіңірте отырып, алдағы уақытта түрлі байқауларда жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатындығын түсіндірсек, яғни, талмай еңбек ету, білім алу, ізденіп ойға түю, оны шыңдау арқылы еңбек пен ақылдың үндесіп, бір арнаға тоғысуы айдан анық. Міне, осы тұрғыда ұлы ойшылдың сөзін басты назарда ұстап, әрбір байқауға, жарысқа қатысатын оқушыларымды Абай салған сара жолмен жүргізіп, тәлім беріп, үйретер болсақ, онда биік белестерді бағындырарымыз сөзсіз.
«Ұстаз – ұлы есім» - деп дана халқымыз бекер айтпаса керек.  Аудан мектептерінің әрбір тіл маманы өзіне сеніп тапсырылған істі жауапкершілікпен атқарып, әрқашан жоғары көрсеткіш көрсетуге ұмтылады. Осы тұста айтпағым, жылда дәстүрге айналған аудандық, облыстық  байқауларымыз, оқуларымыз былтырғы оқу жылынан бастап, елімізде орын алып жатқан індетке байланысты қашықтықтан ZOOM, Skype платформасымен өткізілуде. Байқаулардың бұл бағытта өткізілуіне оқушылардың  бойы  үйреніп те қалды.
 Ұлы даланың жыршысы, айтыскер ақын, жыр алыбы – Жамбыл атамыздың биылғы жылы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған аудандық «Жыр алыбы - Жамбыл» жас ақындар айтысында мектебіміздің 8-сынып оқушысы Әбділдә Ерсұлтан қатысып, жүлделі 2-орынды қанжығасына байлады. Додалы, тартысты өткен айтыста Ерсұлтан бар өнерін ортаға салып, дүйім жұртты ауызына қарата білді.
2021 жылы 3 наурыз күні Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай аудандық «М.Мақатаев оқулары» мүшәйрасына мектебіміздің 10-сынып оқушысы Серікқызы Елдана қатысып, 2-орынды жеңіп алды. Елдана жылда өткізіліп отыратын Мұзбалақ ақынның байқауынан жүлдесіз оралған  емес.
Қазақ халқының ұлы, дара ақыны Абай Құнанбайұлының аудандық оқуларына мектебіміздің 6 - сынып оқушысы Мұрзағұл Гүлдана «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңі бойынша ақынның 90 өлеңі мен 1 поэмасын жатқа айтып, 3-орынды жеңіп алды. Әділ қазылар тарапынан Гүлданаға ешбір сын тағылмай, керісінше өлеңдерді толық, мүдірмей, дауыс мәнерінің жақсы екенін баса айтып, оқушыға ерекше бір күш-жігер беріп өтті. Ал, «Көңілім әнді ұғады» кезеңі бойынша мектебіміздің 7- сынып оқушысы Асхатқызы Аяулым жүлделі 3-орынды иеленді. Аяулымның ән айтудағы дауысы ашық, таза, сыңғырлап, барша көрерменнің жүрегінен орын алғаны анық байқалды.
«Бәйгеге тұлпарыңды қоссаң, тақымыңды қысып отыр» - деген даналы сөз бар.  Иә, әрбір өткізілетін оқуларда оқушыларымның алған білімін нығайтып, үлкен сенім артып, қолдап, қолпаштап, жақсы мотивация беру- баланың алға ұмтылуына жол ашатыны бірден байқалады.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - деп дайындық барысында берген тапсырмаңды бұлжытпай орындап, көп еңбек ете білген, ақыл мен білімді, еңбекті  ұштастыра білген оқушыларыма мың алғыс айтқым келеді. Бағыт - бағдар бере отырып, дайындаған оқушыларымның түрлі додалы жарыстарда дарабоз, жүйрік атанып, мектебіміздің  намысын қорғап, туын жықпай, атын шығаруы – Ұстаз еңбегінің ақталғандығы, әрі нәтижесі. Биылғы оқу жылындағы аудандық байқаулардан орын алған шәкірттерімнің жетістіктері – ол менің де жетістіктерім. Алдағы уақытта, Мұсабек орта мектебінің оқушылары бұдан да жоғары биік белестерді бағындырады деген сенімдемін.
Осы орайда ұстаздар қауымы, әрдайым талмай  үнемі ізденіс үстінде еңбектеніп, дарынды балаларымызды дер кезінде  анықтай білсек, алар асуымыз бен шығар шыңымыз жоғары, әрі нәтижелі болмақ.

Жұлдыз Қасымова,
Мұсабек орта
мектебінің
 қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.