ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Мені іздесе жас ұрпақ, жырларымнан табады

Санат: ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Уақыты: 17.06.2021
Оқылды: 1754 Печать страницы
Мені іздесе жас ұрпақ, жырларымнан табады

Жыр алыбы Жамбыл бастаған  халық ақындарының  көшіне көз жібергенде солардың бел ортасында  көзге түсетін ақын-Қалқа Жапсарбаев.    Қалқа –көпқырлы ақын. Оны  халқына  алғаш танытқан  айтыстары болды. Айтыс  ақынға  болашақта абырой әперетін, бағы мен бақытын көтеретін өнер деп ұққан Қалқа атамыз әр айтысқа жауапты қарап,халық көңіліндегі  сөзді айта білуге тырысқан. Оған ақынның ертеректегі Нұрбала, Құрама, Үмбетәлі, Иманжан, Қуаттармен айтыстары дәлел. 
Қ.Жапсарбаев  еңбек майданында болсын, жыр-айтыс додасында болсын қанжардай жарқылдап, тіліп түсер өткірлігімен  халық ілтипатына  бөленді.  Өзінің замандастары К.Әзірбаев, Ү.Кәрібаев, Е.Қандеков, Қ. Терібаев сынды ақындармен айтысқа түскен. Ол кейінірек  «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» жырларын халыққа ұсынып, жыршы атана жүріп, ертегі-аңыздарды өзі де дастанға айналдыруға ден қойған. Қалқаның ақындығына сазгерлігі үндескен және әншілігін елге  қатар танытқан өлеңі-«Қалқа» және «Қалқаның жайқоңыры».
Заманымыздың  көркем шежіресін  жазуға өзіндік үлесін қосқан  атамыздың шығармалары ұлы көшпен болашақ күндерге аршынды қадаммен ілесе бермек.Үкіметіміз бен партиямыз Қалқа Жапсарбаевтың  әдебиет пен өнерге сіңірген  елеулі  еңбегін ескеріп Қазақ КСР Жоғарғы  Кеңесінің Президиумы 1939 жылы  «Құрмет грамотасымен», КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 1945 жылы    «Құрмет Белгісі» орденімен  наградтаса, 1961 жылы «Қазақ КСР-інің халық ақыны» құрметті атағы берілді.
Қалқа ақын өзі туып өскен  ауылда 1975 жылы 26 қаңтарда дүниеден озды.  Ал, оның шығармалары халық мұрасы ретінде сақталып,халқымен бірге жасай бермек.Ғалым Серік Негимовтың мына бір пікірін сөз орайында  келтіріп өтсек: «Мені іздесе жас ұрпақ, жырларымнан табады, Іле менен Ақсудың суларынан табады, Қарт Жоңғардың мүлгіген Нуларынан табады» деп  сыр шертеді.Бұнысы –ақиқат шындық.
Ақын дүниеге келген  Мұқыры ауылында ақын есімімен аталатын  мектеп бар. Ауылда ақынға арналып ескерткіш орнатылған. Аудан орталығында мәдениет үйі халық ақыны Қ.Жапсарбаев атымен аталады, ақын атында көше бар .                       
Мектебімізде Қалқа  Жапсарбаевтың  135 жылдық  мерейтойына  арналған «Қанжар ақын Қалқаны ұлықтайды ұрпағы» атты тақырыпта көптеген   іс-шаралар  ұйымдастырылып өткізілді. Оқушыларға ақынның   өмірі мен шығармашылығы туралы  бейнефильм көрсетілді. 4 сынып оқушылары арасында «Қарлығаш  пен дәуіт» дастанынан үзінділер оқудан байқау өтті. «Өз дәуірін жырлаған қанжар ақын» тақырыбы бойынша мектеп оқушылары Қалқаның «Сарыжазық», «Қалқа» әндерін әуелете орындады, «Еңбекші елім, тыңдағың», «Талдықорған-Қаратал», «Май жемісі», «Колхозым сені жырлаймын», «Көктем», «Ғылым бір асқар шың», «Гүлденген елім», «Октябрь толғауы», «Терме», «Өткен өмір», «Жетісу» өлеңдерін 5-11 сынып оқушылары онлайн режимінде жатқа оқыды. «Жетісудің жүйрігі - ақын  Қалқа» тақырыбында оқушылар айтысы өткізілді. Мектеп кітапханасында 
«Халықтың қазыналы Қалқасы»атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Сеңгірбаев Мұсабек», «Тұрлымбет туралы аңыз», «Қарлығаш пен дәуіт», «Уәли Шора құсшының әңгімесі», «Ер Шәймерден», «Біздің Ораз», «Толғаулар және Әбиір туралы жыр », «Шаршамас немесе замандасым туралы жыр», «Дана қыз», «Орақты батыр», «Нұрмолда туралы жыр» атты дастандарын  оқудан байқау ұйымдастырылып өткізілді. Мектебіміздің 1-11сынып оқушылары арасында тәрбие, сынып сағаттары өткізілді. Бұл іс-шаралар жыл бойында жалғасын таба бермек.                     
  Сәуле Бейсенова, 
Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектеп
 директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.  

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.