
Күн сайын құбылған көрсеткіш. Біресе «сарғайып» сары уайымға салған, артынша «қызарып» құтымызды қашырған аймақтардың түстері. Адамдардың санасын көрінбейтін «жаудың» үрейі билеп алғандай. Сіз бәлкім оны сезбеуіңіз де мүмкін алайда, байқайсыз ба, күлкінің өзі күңіреніп шығатын секілді. Бір мазасыздық бар. Әйтеуір, ала-құла күйбең тіршілік. Бір отбасы ет жақынынан айырылып қара жамылса, керісінше келесі бір шаңырақ шаттықтан шадыман күй кешіп, әлі де алаңсыз қалпы тойға шақыру таратып шапқылап жүр.
«Тапқанымыз тойға шашылсын», «Шақырған жерден қалма» дейтін қазақы бейқамдығымыз бен «бармасаң, ұят болады» дейтін жалған көңіл вирустың таралуын күшейткенін мойындағымыз келмейді. Қаншама адам ажал құшып, қаншасы аурухана төсегінде дәрменсіз күйде жатса да, бізді тоқтата алатын түрі жоқ. Неге?! «Қой» деп шектеу қойған сайын қасарыса түсетініміз қалай?! «Барма» деген сайын сабылып, шабылуымызды қоймадық. Мейрамханалардың сыртын бүркеп, ішін «өртеп» жатырмыз. Бүгінде аурудан емес, тойға бармай қалудан «қорқатын» болды халық. Желіні ашсақ әр деңгейдегі әкім мобилді топты бастап, мейрамхана, дүкендер мен сауда орталықтарының алдында халыққа ахуалды түсіндіріп не санитарлық талаптарды тексеріп жатқан видеоларын көреміз. Әкім емес, мұны әркім ойлауы тиіс емес пе?! Біздің бұл «белсенділігіміз» кімге керек? Өз басымызды қатерге тігіп, мейрамхана иелерінің қалтасын қалыңдатқанымызға мәзбіз бе?! Апай-топай үш сағатта тойыңды «дүркіретіп» өткізіп, соңында өзіңді дүрліктіріп шығарып салады олар. Сөйтіп өзінің қалтасына сіздің қарызданып, қауғаланып жүріп жасаған тойыңыздан түскен миллиондарды басып қала береді. Бір өзі «батыл» іс қылып, бір мезетте екі жүз адамның құшақ ашып амандасып, қол ұстасып билеп, арқа-жарқа жүруіне «жағдай» жасап береді.
Соңғы кезде вирус жұқтырып аурухана төсегіне таңылғандардың қатары көбейіп кетті. Бүгін тойда ойнап-күліп, секіріп би билеп жүрген жанның ертең кеудесін керіп, кең тыныстауға зар болып мүшкіл күйге түсіп жатқанын естіп-көріп жүрміз. Күн өткен сайын тура былтырғыдай, өкпені жасанды желдететін аппаратқа таңылғандар саны артып, ауруханада орын қалмай барады. Міне, содан кейін, айналасына қарап, ақылға келмеген топтың санасын ояту үшін соңғы аптада мониторингтік топ өкілдері табандарынан таусылып, тойларға «шақырылмаған» қонақ болып бара бастады. Қанша жерден әлеуметтік салдары қиын болса да, жұртты үйіне таратып, тойды осылай тоқтатпаса, басқа амал болмай тұр. Өйткені, адамның өмірі бәрінен маңызды!
-«Құдай сақтасын» деп қойып, сақтанбай жүретін салғырттығымыздың салдары бәрі. Әлемді әбігерге салған аурудан да қорықпай, халықтың алаңсыз той тойлауын тоқтатпай жатқаны да, содан. Сондықтан біз бақылауды күшейтіп отырмыз. Тексеру барысында талай «ұрлықтың» үстінен түстік. Емен-жарқын дастарханға жайғасқан халық. «Шақырылмаған» қонақтарды көргенде шамданып, айқай шығарғандары да болды. Менің байқағаным – әлі де вирустың бар екендігіне күмән келтіретіндер көп. Әркім өзіне және жақынына жанашыр болуды жауапкершілікпен сезінуі керек,-дейді аудан әкімінің орынбасары Жамбыл Бейсенбай.
Бір туыс ағамыз өткен шілде айында үш апта қатарынан тойға шақырту алғанын айтты. «Қазақпыз ғой, құдалардың тойы болғандықтан аурудың өршіп тұрғанына қарамай бардық. Үшеуі де Талдықорған қаласындағы зәулім мейрамханаларда болды. Біріншісіне тығылып кіріп, тойлап қайттық. Тойға шақырылған адам саны екі жүзден кем емес екен. Мейрамхана ішінде мамыражай жүрген қарақұрым халықты көріп, үрейленіп отырдық. Бұрын бес-алты сағаттап өтетін тойды топтастырып сөз беріп, тез аяқтады. Қазіргі пандемия жағдайында біздің той тойлау талабына ойлап тапқан жеңілдігіміз осы екен. Амалсыз тойға келген жұрт өзара сыбырласып, «сонда вирус тост айтылып біткенше тарамай тұра ма» деп күбірлесіп қояды. Біздің де көкейде сол ой тұрған болатын. Бірақ келесі жолы: «Пәленшеге барып еді, маған келмеді демесін», деп келесі шақырған тойға тағы да бардық. Кейін соңғысына барудан бас тарттық. Өйткені, жауапкершілікті әркім өзінен бастау керек деген ұйғарымға» келдік кеш болса да», — дейді.
Ал, құрбыларымның бірінің әңгімесі мені тіпті қатты ойға қалдырды. Ол жуырда әріптесінің қуанышына ортақтасуға зәулім мейрамханалардың біріне барыпты. Бір қарағанда тым-тырыс тойхананың «сырты бүтін» болғанымен, «іші түтін» екен. Енді той бастала бергенде, мониторингтік топ өкілдері кіріп келіп, екі жүз адам далаға тым-тырақай қашыпты. Сөйтсе, той иесі: «Ең болмаса, той-аналарыңызды қалдырып кетіңіздерші. Мына дастарханның құны ақталсын» деп жанұшырып, шырылдап, жекжат-жұратына жалынып-жалбарынып қала беріпті. Ұяты барлар ақшасын қалдырса, кейбірі «ешқандай дәмнен ауыз тимедік, неге береміз?» деп кетіп қалса керек.
Жарайды, жұртты коронавирус та «қорқыта» алмады делік! Көпшілік карантин талаптарына пысқырып та қарамайды екен. Қанша жерден шектеу қойса да, амалын тауып, айлаға басып жатқандар көп. Бірақ, осындай қиын-қыстау кезеңде қарызданып-қауғаланып, соншама елді шақырып, той жасау қаржылық жағынан қаншалықты тиімді?! Азық-түлік те қымбаттап, жалға алатын ресторандардың ақысы да «ұшып» тұр. Той жасағанмен «Елге бергеніңізді» қайтарып ала аласыз ба?! Қазір мейрамханалардағы халыққа қолжетімді деген орташа бағадағы мәзірдің құны адам басына шаққанда 8000 теңгеден кем емес. Орта есеппен екі жүз адамға осынша дастархан жайған әлгі той иесінің халі расында аянышты-ақ. Оған асаба мен әнші, бишілердің қызмет құнын қосасыз. Бірақ, ол осындай қиын жағдайда той жасап, мұндай мүшкіл күйге өзі түсіп отыр емес пе?! Ерікті түрде жасаған қадамы. Қазіргі жағдайда тойға келуші де жетісіп келмейтіні анық. Бір үйден екі адам келіп, он мың теңгесін тойханаға қалдыратындар да жетіп артылады. Қарапайым арифметика тұрғысынан алсақ, тойға келушілер өзінің орнын да өтемейтін болып тұр ғой сонда. Осының орнына ет жақын ағайынын ғана шақырып қуанышын бөліссе, өзіне де, әрі қазіргі карантин талаптарына да сай келмей ме? Уақыт емші ғой, бәріне. Бәрі басылады әлі-ақ. Қауіптің беті қайтсыншы. Қазақ барда оның тойы бітпейді.
Түйін: Ысырап! Осы сөзді біздің халқымыз ешқашан түсінбейтін шығар. Өйткені, бүкіл адамзатқа қауіп төндірген дерт біздің халықтың ысырапшылдығы мен даңғазалығын тоқтата алатын емес.