
Қазақ халқы туралы сөз болғанда қай жерде болмасын ең алдымен қонақжай халық екендігі айтылады. «Таспен атқанды, аспен ат» деп айтқандай кім болмасын алдымен қонақ ретінде күтіп алып, төріне шығарып күткен. Қаншалықты жоқтықта отырса да келген құдайы қонағын қорасындағы жалғыз малын сойып қанша болса да «кет» демей, қара су берсе де ақ ниетімен берген. Құдайындай сыйлап, бар жоғын алдына төсеп ерекше ілтипат көрсеткен. Осыдан-ақ халқымыздың қонақжай, кең пейіліне, ізеті мен ілтипатына тәнті болуға болады. Бұл туралы деректерді тарихта да, шежірелерде, ескерткіш пен естеліктерден кездестірсе болады. Сондықтан болар, ата-бабымыздан дарыған бұл қасиет бүгінде бойымызда сақталып қалған. Елімізде тұрып жатқан жүз отыз ұлттың қай-қайсысы болмасын бұны қуана қолдайды. Елімізге келген әрбір өзге ұлт өкілдері қонақжайлығымызды, бауырмалдығымызды ескермей, таң қалмай өтпейді. Бұл аталған қасиеттердің барлығы әрине, бізге ата-бабамыздан дарыған, тәрбиемен келген. Ал, тәрбие туралы сөз қозғалғанда қазағымыздың жаманнан тыйып жақсылыққа жол сілтейтін – ырым-тыйымдарын, қазақилықты бойына сіңіретін – салт-дәстүрін айтпай кетпеске болмас.
Жақсы қасиет пен бауырмал болуға тәрбиелейтін дәстүрлердің түрі өте көп. Себебі, әрбір дәстүрдің тереңде жатқан тарихы, мән-мағынасы бар. Солардың бірі ретінде жылу жинау, асарды алып қарауға болады. Естігендеріңіз бар болар. Екі түрлі бұл дәстүрлердің түпкі мағынасы көмек көрсету, қол ұшын созу болғанымен әр түрлі мақсатта орындалады. Ендеше, «асар деген не?», «жылу жинау деген не?» жеке – жеке тоқталып өтейік. Бұл дәстүрді кімдер орындайды және қандай жағдайда? Бүгінде орындалып жүр ме? Сонымен, асар дегеніміз қандай дәстүр?
Ежелгі заманан бүгінге дейін сақталған дәстүрлерің бірі осы – Асар. Оның негізгі мақсаты көмек көрсету. Отбасында үй-жай, қора-қопсы салып жатқан адам немесе егін науқанында жалғыз шамасы келмей жұмысы өнбей жатқанда көрші-көлең, ағайын-туыс, дос-жарандар келіп еш қайтарымсыз көмек көрсетіп бірлесіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тез-ақ бітіріп тастауға тырысады. Бірлесіп істеген жұмыс тез әрі, қарқынды болады. Соған орай, жұмыс та тез бітеді. Ертеңгі күні басқа біреуі де құрылыс бастауы немесе ауқымды жұмыс мүмкін сол кезде елге жасаған игі ісіңіз өзіңіздің алдыңыздан шығады. Сол себептіде, асар жасағанда оған көмек көрсетуге келген әрбір ер азамат ізгі ниетімен, ақ көңілімен шын беріліп жұмыс жасайды. Өзінің істеген жұмысының құны үшін ешнәрсе де талап етпейді.
Келесі бір осыған ұқсас салт-дәстүрдің бірі «Жылу жинау». Бұл да көмекке бағыталған дәстүрдің бір түрі. Мұнда бүтін бір отбасы қайғылы жағдайға ұшырап үй-жайынан айырылғанда (өрт немесе зілзала және т.б апаттар), мал-жанынан қапыда айырылғанда ауыл болып жиналып қолдарынан келген көмекті беруге тырысады. Ол қаржылай, заттай, немесе мал беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша көмек көрсету үшін арнайы бір адам «Жылу жинайды». Бұл дәстүрлер реті бүгінде орындалады. Әсіресе, ауыл-аймақтарда жиі кездеседі. Бір ауылда, аймақта тұратын адамдардың бір-бірімен бауырдай болған татулығы осындайда сыңға түседі. Оған қоса, біздің заманымызда әулетте орын алатын ауқымды той-томалақта да жылу жиналады десе болады. Себебі, барлық ауырпалықты бір отбасының көтеруі қашан да қиындықа, тығырыққа әкеледі. Сол себепті бір әулеттің бауырлары тойдың әр қажеттісін өз мойнына алып жауапты болып жатады. Бұл да көмектің бір түрі емес пе? Дегенмен, қазіргі дамыған заманда сіздің қалтаңыз көтеретін кез келген қызмет түрін, өнімді бір қыймылмен басқаруға болады.