
Қазақ халқы ежелден-ақ салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы мол халықтардың бірі. Сан алуандығы, әр түрлі болуының өзі тамсандырмай қоймайды. Шет елден елімізге келген қонақтардың салт-дәстүрімізге тамсанып, әдемілігі мен көркіне көздері тоймай қызығатындары да сол болар. Сан алуан ұлттық киімнің түрлері, ұлттық тағамдары, салт-дәстүрі, ұлттық ойындары, тіпті бір киіз үйінің өзіндегі текеметі мен алашасы, уығы мен шаңырағы, кестелі жіптері, ағаш тостағандарының өзі неге тұрады. Көркіне көз тоймайтын кең даласы мен табиғатының сұлулығы бір бөлек. Осындай керемет жерде тұратын қазақ халқының қалыптасуы, әрине мәнді-мағыналы дәстүрдің туындауына себепші болады.
Дәстүрлердің біздің заманымызға жеткені бар, жетпегені бар. Қалай болған күнде де бүгінгі күні орындалып жүрген салт дәстүрлеріміз заман талабынан қалмай өз болмысын сақтап қалған рәсімдер. Не дегенмен де салт-дәстүрлердің бізге жетуі, оның орындалуын, барысын өз көзімен көрген қариялардың айтуымен, жалғастырумен, мұра етуімен жеткен. Мысалы біз екі күннің бірінде демесек те, жылына бірнеше рет барып жүрген, Үйлену тойына, қыз ұзатуға, тұсау кесер, сүндет той, құдаласу, айттыру, қоржын салу (сөгу), құйрық бауыр асату осылайша кете беретін сан алуан мерекенің барлығын алып қарасақ салт-дәстүр, рәсімдерге жатады. Бұдан бөлек Қазақстаннның кей аймақтарында аса мән берілетін, кей аймақтарында ұмытылып бара жатқан да дәстүрдің түрлері кездеседі. Солардың бірі «Iлу». Мысалыға сіз келінің ілу салуға келгенін көріппе едіңіз немесе өз үйіңізде осы дәстүрдің орындалғанын көріппе едіңіз? Егер білмесеңіз, бұл мақалада осы дәстүр туралы мағлұмат беретін боламыз.
Ілу қазақ халқының ежелден қалыптасқан жөн-жоралғысының бірі. Бұл да үйлену тойынан кейін орын алатын рәсімдер қатарына кіреді. Той біткеннен кейін, жігіттің жақын туыстары жаңа түскен келінге «үй көрсету» үшін қонаққа шақырады. Бұл бауырлас туыстың, ағайынның міндеті болып есептеледі. Бұл дәстүрдің орындалуын қайын ене қадағалайды. Үй көруге келген келінге дастархан жайып қарсы алады. Мұндайда жаңа түскен келін ілу салуға міндетті. Үйге кірмес бұрын сәлем салып, үйге кірерінде босағаға әкелген затын іліп кетеді. «Ілу» деп аталуының түп төркіні де осыдан қалған. Ілуге негізінен кілем әкелген, сонымен қатар мата, кілемше әкелінеді. Ілуге жаңа түскен келінді шақыру отбасымен және ағайын-тумамен жақын араласып, танысып білісу мақсатында орындалады. Себебі той кезінде қонақтардың көптігінен келінмен жеке танысып-білісу мүмкіндігі барлық туыс-туғанға туа бермейді. Оның үстіне абыр сабырда келіннің де барлығын есіне сақтауға мүкіндігі де болмайды. Осылайша келіннің жарының отбасына үйреніп кетуіне мүмкіндік жасалған. Күйеу жігіт те өз кезегінде қайын жұртына барғанда ілу салады. Бұл да мол мағыналы мұраның бірі.
Ілу дәстүрінің негізігі мән-мағынасы осыған келеді. Ілу салу салтының түпкі мақсаты және орындалу тәртібі осындай. Қандай салт-дәстүр болмасын, ол – біздің мұрамыз. Оны сақтап, одан әрі мұра етіп қалдыра білуіміз керек. Ол үшін әрине оны көрсетуіміз керек, орындауымыз керек. Сол арқылы есте қалдыруымыз керек. TOiBіZNES.KZ сайтынының осындай салт-дәстүр, ұлтық ойын, жөн-жоралғыларға арнап арнайы ақпараттық алаң ашуының түпкі мақсаты да, оны халыққа насихаттауда. Қазақстанның барлық аймағы мен қалаларынан түрлі ұлттық және заманауи мерекелерді ұйымдастыратын ұйымдар мен агенттіктердің жарнамасын да сіз дәл осы сайттан таба аласыз. Жүздеген ұсыныстың ішінен өз арманыңызды жүзеге асыру үшін мүмкіндіктеріңізге сайын таңдап алу өз қолыңызда.