
Еліміздің өткеніне бойлап, тарихына көз жіберсек, көптеген тағылымды, ғибратты, үлгі-өнегеге толы салт-дәстүрлермен таныса түсеміз. Олардың бірі қолданыста болса, бірі шығып қалған, ал енді бірі мүлде ұмыт болған. Бірі білсе, бірі біле бермейтін, қолданыста мүлде жоқ, тарихи ұғымға айналған салтымыздың бірі – біз шаншар. Деректерге сүйенсек, кең байтақ жеріміздің оңтүстік, шығыс жақтарында «жаушы» орнына «біз шаншар» салты жүрген. Ол салт бойынша, ауылдың үлкен ақсақалдары бір топ болып жиналып, бойжеткені бар үйге құдайы қонақ болып барады. Түс кезінде барған қонақтар қандай шаруамен келгенін айтпайды. Ауыл-аймақ амандығын, ел, жер жайын әңгіме етіп, түнеп, ертеңгісін түскі уақытта ләм деместен аттанып кетеді. Әдеп бойынша, ол кезеңде қонақтар шайын ішіп, өз сыбағасын жеген соң, баратын жері, ауылы алыс болмаса, түнемей, қайтып кетеді. Сондықтан да бұлайша келіп, үн-түнсіз, бұйымтайын айтпай кеткен қонақтан соң, үй иелері яғни отағасы мен анасы мұның сырын аңғарып, қонақтар отырған жерді, сырмақты қарай бастайды. Сырмаққа шаншылған бізді көріп, қайрағының жоғалғанын біледі. Бұл «ұл ержетті, қыз бой жетті, сізде сұлу қыз бар, бізде ержеткен азамат бар, құданда болайық, жекжат болайық» деген белгі. Яғни бүгінгі тілмен айтсақ, құда түсейік деп қолқалағаны, қыз айттырып барғаны. Егер бойжеткені бар үй қызын беруге қарсы болса, бірден қайрағын сұратып, адам жібереді. Олар бір жеті ішінде қайрағын сұратпаса, жігіт жақ мұны келіскені деп түсініп, келіп құда түсіп, сырға салады. Бабаларымыз ертеден-ақ ұрпағының болашағына бей-жай қарамай, алаңдап, ерекше қамқорлық танытқан. «Шешесін көріп – қызын ал, яғын көріп – асын іш» деген ақсақалдарымыз анасына қарап, қызын сынайды. Жақсы жермен құда болып, ибалы, инабатты, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсететін, көргенді, тәрбиелі келін алуды армандайды. Сондықтан да өзіне тең, үлгілі отбасын іздеп, табылса, олар туралы сұрастырып, көңілінен шыққаны болса, үйдің үлкені, сыйлы ақсақалдары, ер азаматтары «біз шаншарға» барады.