
2018 жылдың 5-ші наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында халыққа өзінің әлеуметтік саладағы бес бастамасын ұсынды.
Елбасының бес бастамасын іске асыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың міндетін және бағытын нақтылау мақсатында жиын өтті. Аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы төрағалық еткен жиынға ауданның мәслихат хатшысы және депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары құқық қорғау органдары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, кәсіпорындар, қоғамдық, саяси ұйымдар мен кәсіпкерлер басқосты.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы Елбасының бес бастамасы туралы баяндама жасады. Әр бастамаға жеке-жеке тоқталған аудан әкімі: - «Елбасы ұсынған бес бастамада халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге, төмен жалақы алатындарды қолдауға, жастардың білім алуына және әр адамның кәсіпкерлікпен айналысуына ауқымды шаралар қарастырылған. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды. Президентіміз оны іске асыру үшін ел экономикасының толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірінші бастама ретінде әр отбасын баспанамен қамтамасыз ету керегін және оған мүмкіндік қалыптастыру жайында айтты. Сол үшін берілетін несие пайызын жеті пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керегін айтқан Президент бұл бағдарламаны «7-20-25» деп атады.
Бүгінгі күнге аудан бойынша 701 адам тұрғын үй кезегінде тұр. 2018 жылы 6,9 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделуде.
Балпық би ауылында басталған 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы 2018 жылы аяқталады. Сонымен қатар, 20 және 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге және жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Оның сыртында 60 және 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйлерінің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ 40 блоктық жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына инженерлік инфрақұрылымдары дайындалып, жобалау жұмыстарының басталуы көзделуде.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мәселесі қарастырылуда. Осы айтылған мәселелерді іске асыруды аудан әкімінің орынбасары Д. Халеловке, ауданның құрылыс бөліміне және округ әкімдеріне тапсырамын.
Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту».
Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың жүктемесін 10 есе азайтып, 1 пайыз ғана салық салу ұсынылуда.
Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға (60125 теңге (АЕК – 2405 теңге) салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесі жеңілдетілетін болады. Салықты азайтудан босаған қаржы олардың жалақысын көбейтуге бағытталады. Нәтижесінде, үш мыңға жуық жалдамалы жұмыскерлердің, оның ішінде әлеуметтік, қызмет көрсету саласында еңбек ететін және техникалық персоналдың жалақысы өсетін болады. Яғни, төмен табысы бар адамдар саны азайып, тұрғындардың әл-ауқаты артады.
Осы бастамада көтерілген мәселелердің орындалуын аудан әкімінің орынбасарларына, тиісті бөлім басшыларына және округ әкімдеріне тапсырамын. Үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. «2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек»,- деді Президент.
Ауданымызда орналасқан Көксу политехникалық колледжі бойынша тиісті шараларды орындауды аудан әкімінің орынбасары Ұ.Досымбековке және Мұқаншы ауылдық округінің әкіміне тапсырамын.
Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік болып табылады.
2016-2017 жылдары Жұмыспен қамту орталығы арқылы 127 адамға шағын несие беріліп, 423,4 млн.теңге қаражат игерілді. 179 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.
2018 жылы ниет білдірген 108 адамға 430 млн. теңге несие беру жоспарлануда. 115 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Елбасының бастамасында қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді. Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамти аламыз. Мемлекет басшысы бұл шара әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасарларына, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне, ауылдық округтер әкімдеріне: салалық басқармаларымен қосымша қаражат бөлу мәселесін шешуді және бөлінген қаражатты тиімді игеруді;
- өз ісін ашуға ниет білдірген адамдарға шағын несие бөлу жұмысын жандандыруды тапсырамын. Бесінші бастама деп Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керегін айтты. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан Президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды. Газдандыру жайында айтқанда Президент соңғы кезде Астананың да түтін құрсауында қалып қойғанын мойындады.
2017 жылы Балпық би ауылын газдандыру жұмыстары басталды. Осы уақытта «КазМонтажАльянс» ЖШС-гі 3,2 шақырым орта қысымды, 2 шақырым төменгі қысымға арналған жер асты газ құбырларының құрылысын жүргізді. 2018 жылы Балпық би ауылын газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Бір абонент үшін газға қосылу құны 320 мың теңгені құрайды.
Аудан әкімінің орынбасары Д.Халеловке, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын инспекциясы бөліміне, ауылдық округтер әкімдеріне:
- Балпық би ауылын газдандыруды аяқтауды;
- бірінші кезеңде Мұқыры, Лабасы, екінші кезеңде Мұсабек, Жарлыөзек, Мұқаншы, Еңбекші, үшінші кезеңде Қабылиса, Алғабас, Айнабұлақ ауылдық округтерінің елді мекендерін газдандыру жұмыстарын пысықтауды тапсырамын», - деген Алмас Қабдулұлы ендігі міндет Елбасының бес бастамасын халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін айтты.
Жарыссөзге шыққан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Көксу аудандық филиалының директоры Еділ Зайытбеков және ауданның музыка мектебінің директоры Әлия Қасымжановалар Елбасының халыққа жолдаған Үндеуін қолдап, бес бастаманың халық үшін маңыздылығын айтты.
Жадыра ЕРМҰХАНОВА