ӘЛЕУМЕТ

ОБЛЫС ӘКІМІ АУДАН АХУАЛЫМЕН ТАНЫСТЫ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 08.11.2019
Оқылды: 361 Печать страницы
ОБЛЫС ӘКІМІ АУДАН АХУАЛЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бейсенбі күні аудан орталығына облыс басшысы Амандық Баталов жұмыс сапарымен келді. Мақсат - мемлекеттік бағдарламаға сәйкес аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, халықпен кездесу.
Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын кеңейіп келеді. Оның ішінде отандық тұқым шаруашылығын оңтайландырып арттыруға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жағынан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарапынан тиісті орындарға жүктелген тапсырмалар ұшан-теңіз. Осы бағытта қант қызылшасына ерекше назар аударыла бастады. Әрі, табыстың қайнар көзі - қант қызылшасы екендігі де баршаға мәлім. Осыған байланысты, облыс әкімінің жұмыс барысының негізі Ақшатоған ауылында орналасқан «Айдын» шаруа қожалығына баруымен бастау алды. Егістік алқабы барлығы 800 гектарды алып жатқан шаруа қожалығында қант қызылшасы - 285 га, соя - 345 га, жүгері - 120 га, дәнді дақыл - 50 га құрайды. Бұл қожалықта 70 -ке жуық адам жұмыс жасайды.
Шаруашылық басшысы Айдын Дюсенбинов қант қызылшасы тұқымының жаңа түрлерімен таныстырып, KWS технологиясы есебінен қызылша өнімділігінің өсуін түсіндіріп өтті.
 - Бұл технология жас өсімдіктердің тұрақты дамуын және  қалыңдығын қамтамасыз етеді. Қосымша егіс алқаптарындағы тұқым себуден өсуге дейінгі мерзімді қысқартуға мүмкіндік береді,- деп атап өтті.
Жол ортасында «Кең дала» шаруа қожалығын да назардан тыс қалдырмаған Амандық Ғаббасұлы мұндағы техникаларға аса мән берді. Себебі, 2015 жылы осы шаруашылық базасында «Алан» сервистік-дайындау орталығы құрылып, лизингіге қант қызылшасын өсіруге арналған 28 бірлік техника 141 млн. теңгеге сатып алынған еді. Соның арқасында бұл шаруашылық та тәтті түбір өсіруден алдыңғы қатарда.
Әрмен қарай Көксу қант зауытына атбасын бұрды. Мұндағы ахуал өткен жылға қарағанда әлдеқайда жақсырақ. Олай дейтін себебіміз, осыған дейін мазут пайдаланып келген зауыттың жалпы шығыны көгілдір отынға қосылу арқылы 20-25 %-ке азайған. Тәулігіне 2,0 мың тонна шикізатты өңдеп, 260 тонна дайын өнім өндіруде. Зауыт директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, 2015 жылы зауыт іске қосылғалы бері кезең-кезеңмен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді. 2017 жылы зауытқа 1,0 млрд. теңгеге модернизация жасалып, ішкі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүрген. Үнемделген қаржы есебінен өнімділікті арттыруға, өнімнің өзіндік құнын өсіруге, айналымдағы қаржыны молайтуға мүмкіндік бар.
Зауыттың ішін аралаған облыс басшысы жаңғырту жұмыстары барысында жаңа құрылған технологияларға мән беріп, дайын болған қаптағы қанттың да дәмін татып көрді.
 - Көріп отырғандарыңыздай, ауа-райына қолайсыздығына қарамастан техникалар өз жұмыстарын тоқтатпай жасауда. Осы жылы еккен егініміздің көлемі 14 мың гектарды құрайды. Жоспарда 500-520 мың тоннадай қант алу. Бүгінгі күнге дәл осы зауытта 150 мың тонна қант жинақталған. Ақсу қант зауыты да қайта өңдеу жұмыстарына кірісіп кетті. Ол жерде де 150 мың тоннадай қант жиналды.
Жыл сайын осы екі қант зауытының жағдайын тексеріп, модернизациядан өткізіп тұрамыз. Өткен жылы Ресейден, Швециядан, Чехиядан құрал-жабдықтары әкелінді. Ақсу зауытын да табиғи газға қосу жоспарда бар, - дей келе тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мырзабеков көшесінде орналасқан 50 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен де танысып қайтты. ЖШС «СТРОЙСЕРВИС ИНК» мердігер компаниясы бұл тұрғын үй құрылысын сәуір айының 15-де бастап, желтоқсан айының 1-де тапсыруды көздеп отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 456,9 млн. теңге, пәтерлердің жалпы ауданы  2917,02 м2 құрайды. Бүгінгі күнге құрылыстың 87 пайызы аяқталған.
Облыс басшысы Амандық Баталов жұмыс сапарының соңында «Nur Otan» партиясы Көксу аудандық филиалының мәжіліс залында аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Кездесуде көп көтерілген мәселенің бірі - тұрғын үй кезегі болды. Амандық Ғаббасұлы мәселенің шешілетіндігін, барлығы заңды түрде атқарылатындығын жеткізді. Айнабұлақ ауылының тұрғыны Роза Абдулқасқызы ауылдағы әкімшілік пен аурухананың ескі екендігін айтып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берулерін сұрады. Аталған мәселенің де шешімі табылып, келесі жылы толықтай жұмыстардың жүргізілетіндігін баса айтты.
Қабылдауға өз жеке мәселелерімен келгендер де болды. Көп сауалға тиісінше жауап та табылды. Жиналысты қорытындылаған облыс әкімі аудан тарапынан айтылған барлық ұсыныстарға көмектесетінін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмасын берді. Шешімі табылған көптеген мәселелерге аудан халқы дән риза болып, Амандық Ғаббасұлы Баталовқа алғыстарын білдірді.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.