
Өткен апта Көксу ауданының тұрғындары үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Олай дейтін себебіміз, ауданға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерінен құралған жұмысшы топ келіп, жаңалықтарымен бөлісіп, аудан тұрғындарымен кездесті.
Ең алдымен, жұма күні ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов арнайы іссапармен келді. Ол аудандық Б.Оңғаров атындағы орталық стадионның жұмысымен танысты. Айта кететін жәйт, орталық спорт алаңы былтырғы жылы ғана күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі заманға сай құрылғылармен жабдықталған. Нәтижелі өзгерістерге оң бағасын берген Елдос Мұратұлы әрмен қарай, стадион базасында орналасқан «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне» де аяқ басты. Бұл мектеп спорттың 12 түрінен оқушыларды шынықтырады. Спортшылармен 35 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Жалпы спортпен айналысатын 1241 бала 90 топқа бөлінген, оның ішінде:
- 63 алғашқы дайындық топтарында 632 оқушы,
- 27 оқу жаттығу тобында 309 оқушы.
Спорт түрлеріне бөлгенде: дзюдо - 216, еркін күрес - 152, волейбол - 135, футбол - 138, бокс - 82, қазақ күресі - 106, баскетбол - 86, грек-рим күресі - 76, самбо - 130, армрестлинте - 42 спортшы жаттығады. Осы тізбектен аудан жастарының уақыттарын текке өткізбей, бұқаралық спортқа өз үлестерін тигізіп жатқандығын көреміз.
Жасыл алаңдағы теңбіл доп қырандарының өнерін тамашалады. Бас бапкермен де сөйлесіп, бұл саланың барын барлап, жоғын саралады. «Балалардың жарысқа шығуына қаражат жеткіліксіз. Барлық мектепке 1 миллион 600 мың теңге ғана қарастырылған. Айлығымыз да аздық етеді» деген уәжді тыңдаған вице-министр алдағы уақытта бұл сұрақтың да шешімі табылатындығын айтты.
Стадионнан бірер қашықтықта салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені де қаралусыз қалмады. Бұл нысан «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқандығын айта кету керек. Құрылыс өз жоспары бойынша уақытынан кешіктірілмей жүргізілуде. Спорт нысанының құрылысы белгіленген мерзімде аяқталады деп күтілуде. Құрылысты жүргізіп жатқан – «NEFT» ЖШС жұмысты 2019 жылдың 22 тамызында бастады. Жалпы, 2 гектарды алып жатқан бұл кешен келесі жылы 22 тамызда аяқталады деп күтілуде.
180 орындық нысан аумағында күрес, бокс және командалық ойындарға арналған залдар қарастырылған (волейбол, баскетбол, гандбол, минифутбол), сондай-ақ теннис және бадбинтон ойындарына арналған үй-жайлар қарастырылған. ФОК аумағында хоккей алаңы, скалодром да бар.
«Өздеріңіз білетіндей, халықтың спортпен жаппай шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Елімізде 38,6 мың спорттық нысан бар. Оның 27,5 мыңы білім нысандарына тиесілі, 11,1 мыңы дене шынықтыру және спорт нысандарына жатады», - деді Елдос Мұратұлы.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, бұл нысандар еліміз үшін жеткіліксіз. «Елбасы өзінің Жолдауында ел бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу керек деген тапсырма қойған болатын. Осы орайда, жергілікті әкімдіктермен бірге, салынатын жобалардың бәрі мақұлданды. Ол үшін терең талдау жасадық. Соның нәтижесінде, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайтынын анықтадық. Жетіспеушілік – 51 пайызды, оның ішінде ауылдық жерде 80 пайызды құрап отыр», - деді ол.
Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтылап қойған. Яғни, осы жылы 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерсе, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынбақ.
Атаулы саладағы жетістіктерді назар салып тыңдаған Елдос Рамазанов спорт майталмандарына алдағы уақытқа сәттілік тілеп, жұмыстың одан әрі жандануына сеп болатынын жеткізді.
Келесі сенбі күні аудандық мәдениет ошағында халық қарасы көбейіп, елордадан келген қонақтарды қарсы алуға дайындалды.
Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрі Біржан Нұрымбетов, денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жастар және отбасы істері комитетінің» төрағасы Мадияр Қожахмет келіп, көксулықтарға Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан басым міндеттердің орындалуы туралы түсіндірді.
Алғашқы болып «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау» министрі Біржан Бидайбекұлы сөз бастады:
- Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік көмекке байланысты нақтылай тапсырмалар берген болатын.
Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы мұқтаждық белгісінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем. Қазақстан бойынша жыл басынан 448 мың адам көмек алып келеді. Алматы облысы бойынша 60 мың жанұя тағайындалған.
Қазақстан бойынша 62 пайыз көпбалалы отбасылар бар екен. Осы жанұяларда кіріс көзі аз. Сол себепті, үкімет тарапынан келесі жылдан бастап 4 немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленетін болады.
Министр түсіндірмесін ұйып тыңдағын аудан тұрғындары ризашылығын білдіріп, қолпаштап жатты.
«Қоғамдық келісім болған кезде оң нәтиже де, әл-ауқат пен өркендеу де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ерекше көңіл бөледі. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы диалогқа қатысты. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану керек. Үкімет екі тұжырымдама әзірлеп жатыр: бірі — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы керек. Бұл құжаттарда ашық үкімет және халықпен тиімді кері байланыс мәселелері қарастырылады. Азаматтардың бірде-бір өтініші, бірде-бір шағымы жауапсыз қалмауы керек», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жиын барысында Бердібек Мәшбекұлы елдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда артқандығын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың дер кезінде жүзеге асырылуы керектігін де айтты.
Аудан халқы вице-премьер мен министрлерге өз сұрақтарын қойып, қалаулары мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, олар жемқорлықпен күресті күшейту, білім беру сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да мәселелерді қозғады. Барлық сұрақтарға жауап берілді. Қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер бойынша вице-премьер заңнамаға сәйкес мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде жауап беруді тапсырды.
Бұл кездесу Лабасы ауылдық округі Мәмбет ауылында жалғасын тапты. Ауыл халқымен жылы жүздескен Бердібек Сапарбаев экономиканың даму қарқынын, жұмыссыздарды азайту мәселесі, инвестиция тарту бойынша әңгіме өрбітті. Жергілікті халық атынан сөз алған Лабасы ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Бәкешов өңірдің күннен-күнге көркейіп келе жатқандығын жеткізді. Одан бөлек, мемлекет тарапынан жасалған жақсылықтың шарапатын көріп отырғандарын айтты. Сөзінің соңында ақсақал Үкіметтің жұмыс тобы өкілдеріне өз батасын берді.
Осылайша, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға Үкімет мүшелері жауап беріп, толғандырған мәселелердің толғағын басты. Сөз соңында айтарымыз, ӨҢІРЛЕР МЫҚТЫ БОЛСА, МЕМЛЕКЕТ МЫҚТЫ БОЛАДЫ! Ал, мемлекеттің мықты болуы біздерге байланысты!