
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бұл коммерциялық емес ұйым, оның қызметі елде бизнес жүргізу шарттарын дамытуға бағытталған. Палатаның басты міндеті – шағын орта бизнес құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкер әйелдердің үлесі 50% -дан асады, сонымен қатар шағын және орта бизнес кәсіпорындарының 60% - дан астамын әйелдер басқарады екен.
Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 28 қараша күні «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Алтын Сарай» мейрамханасында аудандық іскер әйелдер форумы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, сондай – ақ әйелдердің экономикалық әлеуетін дамыту.
Форумға облыстық Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің хатшысы, кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, аудан әкімінің орынбасары Нұрдаулет Кененбаев пен әкімшілік қызметкерлері, сондай-ақ, бизнес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің әйел басшылары қатысты.
Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы тыныштықтың шырақшысы, береке-бірліктің тізгіншісі. Қазіргі әйелдер қауымы – мемлекет пен қоғамдық іске келгенде де ер – азаматтардан кем тер төгіп жүрген жоқ. Әсіресе, бизнес саласында, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікте қыз-келіншектердің үлесі басым.
«Бүгінде әйелдер қауымының қоғам мен мемлекеттегі барлық салаларындағы белсенділігі арту үстінде. Бұл бағытта әйелдерді бизнес-ортаға тарту – кеңестің басты міндеті болып табылады. Әсіресе, ауылды жерлердегі әйелдер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Жыл сайын аудандардың дамуына үлкен көңіл бөлеміз. Онда бизнесті жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс», - деді Алмагүл Оңғарбаева.
-Ауданда іскер әйелдер форумын ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен көшбасшы әйелдердің басын қосып, бизнесте табысқа жету жолдары мен мүмкіндіктерді талқылау мақсатында ұйымдастырдық. Бұл – әйелдердің іскерлік білімін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу, жаңа іскерлік байланыстар орнату үшін таптырмас алаң, - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері.
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларында әйелдердің толыққанды және тең құқылы қатысуына жағдай жасауға шақырып, кәсіпкерлік кез-келген ел экономикасының негізгі аспектісі және жұмыспен қамтудың шешуші факторы болып табылатынын атап өтіп, әйелдер кәсіпкерлігі бизнесті сандық және сапалық тұрғыдан дамытудың маңызды катализаторы болып табылатындығын растап, қоғамдағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру жаңа ұрпақтың әл-ауқаты деңгейін анықтайтындығына және бүкіл халықтың жағдайының өсуіне ықпал ететініне сенім білдіре отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға әйелдердің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтуге, отбасын, ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруді заңнамалық қамтамасыз етуге назар аударуды, ҚР Білім министрлігі мен білім беру мекемелеріне университеттер базасында кәсіпкер әйелдер үшін бизнес – инкубаторлар құруды, әйелдер қоғамдастықтары мен кәсіпорындарға шет елдердегі әйелдерге іскерлік қауымдастықтарымен жүйелі тәжірибе алмасуды белсенді жүзеге асыруды, салалар бойынша кәсіпкерлікті енді ғана бастаған жас бизнес – ханымдар үшін тәлімгерлікті дамытуды ұсынады.
Форум барысында қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар тақырыптық шеберлік сағаттарын өткізіп, бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы алуға болатынын түсіндірді.
Қатысушылар «бұл форум бізге білімімізді арттырып, бір – бірімізден көп нәрсе үйренуге мүмкіндік береді. Өзгелердің жетістіктеріне жаңаша көзқараспен қарап, қолдау жасауға ұмтыламыз», - дейді.
Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Көпке танымал тұлғалардың өмір жолдары бұған мысал. Ал, айталық, бизнес әлемінде емін-еркін кәсіптеніп, өз ісіңді нәсіп ету үшін не істеуіміз керек? Үйренуден жалықпай, оқып – машықтану, іздену, білім алу, тәжірибе жинақтау – біздіңше, ең басты қағидаттар осы болып табылады.