ӘЛЕУМЕТ

ДАУДЫҢ БАСЫ, ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ – ЖОЛДА...

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 783 Печать страницы
ДАУДЫҢ БАСЫ, ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ – ЖОЛДА...

Ауданымыздың кейінгі жылдары экономикасы көтеріліп, халықтың жағдайы жақсарып келеді. Жыл сайын бірнеше жаңа ғимараттар бой көтеріп жатса, бұрынғы ескілері күрделі жөндеуден өтуде. Барлық елді мекендердегі ауызсу мәселесінің шешілетін күні де алыс емес. Газ құбыры да тартылып, қарапайым халықты қуантуда. Ең бастысы жолдарды жөндеуге де қыруар қаржы бөлініп отыр. Аллаға шүкір дейміз! Айтар лажымыз жоқ, бірақ шағымымыз бар...
Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе – ол кейбір көшелердегіжол белгілері туралы болмақ.
Қоғамның басты байлығы адам. Сондықтан да, әрбір адамның қауіпсіздігіне барынша ден қою ләзім. Бұл жерде біздің айтпағымыз ауылдарды айтпай-ақ, аудан орталығының өзінде осы жол белгілерін ретке келтіре алмауымыз болып отыр. Бұл мәселе тиісті жауапты мамандарға айтылды, бірақ, нәтиже жоқ...
Әлемде көліктердің саны жылдан-жылға артып келеді. Көшеде ағылып жатқан темір тұлпарлар өз бетінше бағыт алып кете берсе не болатынын елестетіп көріңізші?! Жол еркелікті және қателікті кешірмейді. Оның өз заңы мен ережесі бар. Бүгінде адамзат өмірінің маңызды бөлшегіне айналған көліктердің жолда оқыс оқиғаларға тап болмауы үшін жол жүру ережелері мен жол белгілері  ойлап табылған. Бұл тәртіпке жүргізуші мен жаяу жүргінші де бағынуы тиіс. Алайда жолда тиісті ережелердің сақталмауынан оқыс оқиғалар, жол апаттары жиі орын алады. Мамандардың мәліметінше, елімізде ағымдағы жылдың сегіз айында 9670 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осының салдарынан 1251 адам қаза тапқан. 18 мың жүргізуші мас күйінде ұсталған.
Жалпы, осы аталған жол белгісі деген не және ол бізге керек пе? Жол белгілері – көлік қозғалысын реттеу және көлік жүргізуші мен жаяу жүрушіге маңайдағы жол жағдайы жөнінде ақпарат беру мақсатында көше мен жол бойына қойылатын арнайы белгілер. Жол белгілерінің бекітілген суреті мен техникалық сипаттамалары «Жол белгілері мен сигналдары туралы» Конвенция (Вена, 1968) мен осы Конвенцияны толықтыратын Еуропа елдері келісімі (Женева, 1971) талаптарына сәйкес жасалады. 1998 жылға дейін Қазақстанда 1987 жылы КСРО-да қабылданған жолда жүру ережелері қолданылып келді. 1998 жылдан республикада жолда жүрудің жаңа Ережелері қабылданған. Осы ережелерге сай жол белгілері мемлекеттік стандарттар негізінде анықталады. Бұл стандарттар бойынша, жол белгілері 7 топқа бөлінеді: ескерту белгілері, басымдылық белгілері, тыйым салу белгілері, міндеттеу белгілері, ақпараттық-көрсеткіш белгілері, қызмет көрсету белгілері, қосымша тақтайшалар. Ескерту белгілері жолдың қауіпті бөлігінің жақындағанын хабарлайды. Ол айналасы қызыл жолақпен көмкерілген ақ түсті тең қабырғалы үшбұрыш түрінде жасалып, ортасына қауіп түрін айқындайтын шартты белгілер салынады. Басымдылық белгілері көше қиылыстарын, жолдың жіңішкерген бөлігін, кесіп өту кезектілігін белгілейді. Олар пішіндері мен түстері әртүрлі 9 жол белгісінен тұрады. Тыйым салу белгілері жолдағы көлік қозғалысына белгілі бір шектеулер енгізеді немесе бұрын қойылған шектеулердің күшін жояды. Олардың пішіні дөңгелек болады, шеті қызыл жолақпен көмкеріліп, ақ түсті ортасында тыйым салатын шартты белгілер көрсетіледі. Міндеттеу белгілері бір бағытта немесе көліктің белгілі бір түріне ғана жүруге рұқсат етілетіндігін көрсетеді. Жиегі ақ жолақпен көмкерілген көк түсті, пішіні дөңгелек не тік төртбұрыш болып келетін 18 белгіден тұрады. Ақпараттық-көрсеткіш белгілер қозғалыстың белгілі бір режимдерін енгізеді немесе күшін жояды, сондай-ақ елді мекендер мен басқа да нысандардың орналасуы туралы хабарлайды. Олардың өлшемдері, пішіндері мен түстері әртүрлі болып келеді. Қызмет көрсету белгілері жол бойында және жолдан әртүрлі қашықтықта орналасқан қызмет көрсету нысандары туралы ақпарат береді. Пішіндері тік төртбұрыш болып жасалып, жиектері қалың көк жолақпен көмкеріледі, ақ түсті ортасында нысандар туралы шартты белгілер көрсетіледі. Олардың жалпы саны – 12. Қосымша ақпараттық белгілер (тақташалар) бірге қолданылатын жол белгілеріне қосымша ақпарат беруге арналған. Негізінен түсі ақ, төртбұрыш кестешелер түрінде жасалып, ортасына қосымша ақпараттардың шартты белгілері келтіріледі. Жол белгілері жолдың (жүріс бағыты бойынша) оң жағына биіктеу бағанаға немесе жолдың үстіне биіктетіп орналастырылады. Олар 100 метр қашықтықтан анық көрінетіндей болып жарықтандырылады. Жол белгілері мемлекеттік автомобиль инспекциясының келісімімен орнатылады.
«Көшенің  арғы бетіне жаяу өтуге қорқып қалдық», «көлік жүргізушілерінде мәдениет қалмады», «ережесіз жол жүру». Таныс ұғымдар, иә? Өйткені, расымен де жол көлік қозғалысын көргенде бұл пікірмен келіспеске шара қалмайды.  Дегенмен, көшелердегі жаяу жүргіншілер жолақтарын көлік жүргізушілері байқай бермейтінін естен шығармаған да абзал. Себебі ала сызық бояуы өшіп кеткен. Ал орнатылған арнайы белгілер кейбір жүргізушінің назарынан тыс қалып жүр немесе ол белгілер тіпті де жоқ. Аудан орталығын аралау барысында осындай келеңсіз жәйттарға тап болғанымыз бар. Атап айтсақ, Балпық би ауылдық әкімшілігінің алдынан кесе-көлденең салынған жаяу жүргіншіге арналған жолақ (пешеход). Алды-артыңа алаңсыз қарамай өтетін болдық деген қуанышымыз су сепкендей басылды. Жолақ бар, белгі жоқ. Ол ыңғайсыздық қар жауғалы тіпті қиындық соқтырды. Ересек жандарды қойғанда, қарттар мен жолды жүгіре кесіп өтетін балаларға қиын-ақ. Жолақты көрсе де тоқтамайтын жүйткіген көліктер қазір тіпті тоқтамасы анық...
Дәл осындай жәйт Б.Момышұлы мен Тазабұлақ көшесінің қиылысында да бар. Ол ол ма? Б.Құндақбаева атындағы орта мектептің артқы жағы, яғни Амангелді көшесінде «мен мұндалатып» әдемі ақ-сары бояумен боялған жолақ белгісіз тұр. Бұл мектеп оқушыларының асыр салып ойнайтын, кешкі уақытта үйлеріне асыға қайтатын көшесі болғандықтан, жолды кесіп өту ыңғайлы болу керек. Бұл нені білдіреді?
Аудан тұрғындары үшін қуанышты хабар - Алматы-Өскемен тас жолының «Royal Petrol» жанармай бекетіне қарай бұрылыс бұдан былай рұқсат етілді. Осы аталған мәселе облысы әкімі Амандық Баталовтың Көксу ауданына арнайы іссапары барысында көтерілген болатын. Енді, міне, көп уақыт өтпей айтылған сөз өз межесіне жетті. Нағыз білікті, халық қамын ойлаған әкім дәл осындай болуы тиіс.
Ендігі мына қызыққа қараңыз...Аудандық автобекеттегі үлкен айналма жолға шығатын жерде оң жаққа ғана бұрылуға болады деген  белгіні көрсе де көліктер сол жаққа бұрылып жүр. Көксу қант зауыты алдындағы аялдамада жол сақшыларын көріп қалған жағдайда, мәдениетті жүргізуші ретінде оңға бұрылып  барып кері қайтып жатады. Сонда, жол ережесін бұзбау үшін әрдайым жол сақшылары тұруы мақсат па? Ережені өзіміз бұзамыз және Үкіметке шағымданамыз. Бұл қазақ халқының қанына сіңген қасиет. Ал, ұсталып қалған жағдайда Мәке, Бәкелерге хабарласып болмаса, «Бауырым, қазақпыз ғой, келісейік...» деп шығамыз. Бұл сыбайлас жемқорлық емей, немене?
Осы жерден тоқтайық, жол жүру қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді санай берсек оған біздің саусағымыз жетпейді. Қалай десек те осы аталған ескертпелерді жедел түрде түзетуіміз керек. Өз адамдарымыздың өмірін өзіміз қорғауға міндеттіміз, осыны ұмытпайық ағайын!

фото:
 Әділет СЫДЫҚЖАНОВ

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.