
Өткен жұма күні аудан әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында "Nur Otan" партиясы Көксу аудандық филиалы партия активінің отырысы өтті. Аудан әкімі Алмас Әділдің төрағалығымен өткен жиынға аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары мен БАҚ қатысты.
Еске сала кетсек, 25 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясының барлық өңірлік филиалдары өкілдерімен кездесіп, "Nur Otan"-ның қоғамдағы алуан түрлі мәселелерді шешуде алар орнының маңызды екенін атап өткен болатын.
"Nur Otan" – бүкіл Қазақстан халқының және елдің болашағына жауапты нақты істер партиясы",- деп өз бағасын берді.
Күн тәртібіне қойылған мәселе - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Елбасы, партия төрағасының партияның аймақтық филиалдары өкілдерімен кездесу барысындағы алға қойған міндеттері туралы. Осы жайында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Бейсенов баяндама жасады:
- Құрметті партияластар!
Бүгінгі кездесу екі маңызды оқиға - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні және еліміздің Тәуелсіздік күндері қарсаңында өтіп отыр. Бұл екі тарихи оқиға да біздің Елбасы, "Nur Otan" партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.
25 қараша күні Қазақстанның барлық өңірлерінен партия мүшелері Елордада жиналып, партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен кеңеске қатысып қайттық.
Сондай-ақ, партия төрағасының бірінші орынбасары Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруы және "қайта жаңғырту" бағытында атқарған жұмыстары жайында баяндады.
Қазіргі уақытта партия төрағасының "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. – "Nur Otan" партиясының 7 серпіні" атты бағдарламасында бізге жүктеген барлық міндеттер - жұмысымыздың маңызды бағыты.
1 серпін – басым бағыттарының бірі – "ядролық электоратты" шоғырландыру.
"Nur Otan" өзінің белсенді партия мүшелерін топтастыру жұмысын қолға алып, өз көзқарасын, партия мүддесін қорғай алатын белсенді азаматтарды партияға тартуда.
Жуырда республика бойынша партияның кадрлық резервіне пилоттық іріктеу аяқталды. Оған 780 үміткер қатысып, 76 мың партия мүшесі дауыс берді. Біздің облысымызда пилоттық жоба аясында іріктеу Ақсу ауданында өтті.
2020 жылдың наурыз айына дейін БПҰ-да WhatsApp топтарын құрып, біртұтас ақпараттық желіге қосу жоспарлануда.
Азаматтардың өтініштерін тиімді және жедел шешу үшін қоғамдық қабылдаулардың жұмысы белсендірілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік мекеме басшылары азаматтарды қабылдауда белсенділігі басым, соның арқасында халықтың көптеген сұрақтары жылдам және тиімді шешілуде.
Айта кетерлігі, әлеуметтік сауалнамалардың қорытындылары бойынша құқық қорғау саласында партияға деген сенім соттан кейін екінші орында тұр.
2 серпін - партия қатарын тазалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту.
Бүгінде ауданда партия мүшелерінің саны 3393 құрап отыр, жыл басынан партия қатарына - 33 адам қабылданды. Жаңа талаптарды ескере отырып, партия филиалдары органдарының, партиялық бақылау комиссияларының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмыстарын күшейту, партия "құрамын тазарту" жұмыстары күшейтілді. Тоқсан сайын өткізуге қажетті отырыстарды ай сайын өткізу тапсырылды. Партияның 2025 жылға дейін жемқорлықпен күрес бағдарламасы толықтырылып, 70 индикаторына қол жеткіздік. Партия бұл қоғамдық індетке қарсы халықты жұмылдыру жұмысын, жемқорлыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру жұмысын жетілдіру жолында жұмысты жалғастырады.
3 серпін – партия органдарының барлық салада әлеуетін арттыру әрі дұрыс арнаға бағыттау мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін барлық деңгейде жүзеге асырылуын бақылау, сондай-ақ аймақтық және аумақтық партия филиалдарында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен арыз шағымдардың оңтайлы шешілуін қатаң партиялық бақылауға алу тапсырылды.
4 серпін – биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыру.
Қазіргі таңда қоғамның күн тәртібіндегі сұрақтары мен сұраныстары ескеріле отырып, комитеттердің, кеңестердің құрамы жаңартылды, партиялық кураторлардың жұмыс жоспарлары нақтыланды.
Бүгінгі таңда саяси партияның рөлі - халықпен бірге болу, оның ұмтылысын білу. Партия іс-қимылға көшуі керек. Біз қарапайым адамдардың мүдделерін қорғауда белсенді болуымыз керек. Бұл - жұмысымыздың негізгі міндеті.
Біздің мақсат - елдегі модернизация процестеріне жүйелі түрде қатысатын Елбасының стратегиялық тірегі болу. Халықтың өзекті мәселелерін тез және тиімді шешу үшін біздің партия қоғамды толғандыратын барлық мәселелердің басы-қасында болуы керек.
Барлық депутаттарды әлеуметтік желілерді белсенді қолданып, сайлаушылармен тығыз байланыста болуға, заң шығарушылық жұмыстағы жаңалықтар жайында айтып, халықтың пікірлерін білуге және оны күнделікті жұмыста пайдалануға шақырамын.
5 серпін – халықтың әр әлеуметтік тобымен жұмыс істеу қағидатын енгізу.
Партияның тиімділігін арттыру мақсатында партия қажетті емес және нысанды іс-шаралардан бас тартты, есептілік 5 есеге қысқарды. Партиялық жобалардың саны 4 есе азайды. Қазіргі уақытта партия нақты әлеуметтік топтарға бағдарланған 6 әлеуметтік жобаны іске асырып отыр.
6 серпін – қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру.
Партияның идеологиялық саясатын күшейту бағытында атқарылатын жұмыстар өте көп.
Республикалық "Менің туым – менің Отаным" жобасы іске асырылып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруда облыс орталығында жоғары және арнаулы оқу орындарында, ірі сауда орталықтарында мемлекеттік ту орнатылды.
Осы акция біздің ауданымызда да 4 маусым рәміздер күніне дейін іске асырылуы қажет.
Партия жанынан арнайы спикерлер және блогерлер пулы құрылып, өз жұмысын атқаруда. Облыстық филиалда "партиялық қорғаушылар", тізімінің құрамына 12 партия белсендісі кірді.
Құрметті партияластар!
Елбасы өзінің бағдарламалық мақалаларының бірінде алған афоризмі маған қатты ұнады. "Кеңістік - барлық заттардың өлшемі, уақыт - барлық оқиғалардың өлшемі. Кеңістік пен уақыт көкжиектері тұйықталғанда ұлттық тарих басталады". Шынымен солай. Бүгін біз өз мемлекетіміздің тарихын жасаймыз. Біз өзіміздің тарихи миссиямызға қатысты қандай көзқарастамыз, соған байланысты болашақ та өркендейді. Ендеше, жарқын болашақ жолында бірлесіп еңбек етіп, еліміздің еңсесін тіктеп, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуға бірігіп жұмыс жасайық, - деп келесі сөз кезегін Алғабас ауылдық округінің әкімі, "Көкжиек" бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Молдағалиға берді. Ол өз кезегінде аталмыш партия төңірегінде атқарылып жатқан іс-шараларды тізбектеді.
Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, алғаш рет "пилотты жоба" ретінде еліміздің 14 өңірінде "Nur Otan" партиясы кадр резервін іріктеу мақсатында ашық дебаттар өтті.
Соның ішінде біздің өңірден Ақсу ауданында партиялық кадрлық резервке үміткерлерді іріктеу жұмысы жүргізілді.
Ел дамуының жаңа биігіне ұмтылып, "Қазақстан 2050" Стратегиясымен 100 нақты қадам Ұлт жоспарының іске асуына жұмыла қызмет етіп, еліміздің ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан табылуына жұмыс жасау басты міндетіміз. Бұл – партия төрағасы, Елбасының тапсырмасы, заман талабы.
Осы орайда біздің ауданның барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың басшылары - партия мүшелеріне, әсіресе төрағаның бірінші орынбасарына ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бізге жүктеген барлық міндеттер біздің жұмысымыздың маңызды бағыты, сонымен қатар алдағы партия жұмысының бағыт-бағдарын анықтап берді. Осы орайда аудан басшысы, партия төрағасы Алмас Қабдулұлы бірқатар тапсырма жүктеді:
Бірінші. Жергілікті жерлерде партия беделін арттыру жұмысын қолға алып, партия органдарының жұмысын күшейту қажет. Партиялық ішкі праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстары жүргізілсін.
Екінші. Ақсу ауданындағы жұмыстарды мысал ретінде қолдана отырып, жоғары сапалы партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін партияның кадрлық резервіндегі ашық ішкі партиялық сайлауға дайындық жұмыстары жүргізілсін. Кәсіби, білімді, білікті мамандарды, партияның күн тәртібін іске асыруға дайын азаматтарды партияның кадрлық резервіне тарту қажет. Біз "Мықты көшбасшылар - мықты партия" қағидаты бойынша сапалы партиялық электоратты қалыптастыруымыз керек. Жоғарыда айтылғандай, әйелдердің кем дегенде 30%-ы және 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-ы партияның сайлау тізіміне енгізілсін, тізімде халықтың әртүрлі тобының өкілдері, Отанына оралған қандастар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуі керек.
Үшінші. Халықтың партияға деген сенімін арттыру, тұрғындармен арадағы байланысты нығайту үшін бізге қоғамдық бақылауды күшейтіп, басшылар мен партия мүшелерінің жұмысын бағалауды енгізу қажет.
Халықтың қажеттілігін алдын-ала болжай отырып, олардың проблемалық мәселелерін шешуге көмек көрсету, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмысты жандандыру керек. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына қолдау көрсету мәселесін назарда ұстауды тапсырамын.
Төртінші. Жобалық тәсіл аясында халықпен - халықтың әлеуметтік топтарымен жұмыс істеудің нақты стратегиялық принципін іске асыру бойынша жұмыстарды жүргізу қажет. Біз өз миссиямызды нақты орындауымыз керек - біз елдегі модернизация процестеріне жүйелі түрде қатысатын Елбасының стратегиялық тірегі болу. Халықтың барлық өзекті мәселелерін тез және тиімді шешу үшін қоғамды толғандыратын барлық мәселелердің басы-қасында біздің партия тұруы керек.
Бесінші. Партияның идеологиялық саясаты күшейтілсін. Бұл бағытта барлық күштерді жұмылдыру керек.
Алтыншы. Жастар - еліміздің тірегі және болашағы. Сондықтан қазақ жастарын партия қатарына біріктіру бойынша жұмыс жүргізу қажет.
Жетінші. Жаңа талаптарды ескере отырып, партия филиалдары органдарының, партиялық бақылау комиссияларының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмыстары күшейтіліп, партия «құрамын тазарту» жұмысы жалғастырылсын.
Сегізінші. Биліктің барлық деңгейлеріндегі партиялық жауапкершілікті арттыру бойынша жұмысты жандандыру, сонымен қатар депутаттар жұмысын одан әрі жетілдіру және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту бойынша шаралар қабылдау керек. Партияның қоғамдық қабылдауларында филиал төрағаларының, мемлекеттік орган басшыларының, партияның фракция мүшелері – мәслихат депутаттарының азаматтарды қабылдауын қамтамасыз етілсін.
Тоғызыншы. 2020-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет көрсеткіштерін салалық бөліністе қамти отырып, партия активтеріне жеткізу және оның орындалуына партиялық мониторинг жүргізу жұмысы қамтамасыз етілсін.
Оныншы. Саны 100 адамға дейінгі бастауыш партия ұйымдарын ірілендіру (аудан бойынша 15 бастауыш партия ұйымдары бар) және бастауыш партия ұйымдарда WhatsApp топтарын құру бойынша жұмыстар жалғассын. Нақты мәселелерді анықтау және шешу, сондай-ақ халыққа партия міндеттерін түсіндіру үшін бастауыш партия ұйымдарда насихаттау жұмыстары күшейтілсін.
Жиын соңында партия құрамына кірген Айнұр Тұрлыбекова мен Ернар Нұрлыбековке билеттері табысталды. "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасының орынбасары Нұрқадыров Серік Нұрқадырұлының Алғыс хатымен аудандық білім бөлімінің басшысы, "Жалын" бастауыш партия ұйымының төрағасы Тлеумұрат Сейтниязов, аудандық "Нұрлы Көксу" газетінің директоры Айгүл Айманбекова мен аудандық "Жастар ресурстық орталығының" маманы, "Жас Отан" жастар қанатының мүшесі Айгерім Артамонова марапатталды. Қосымша аудан әкімінің Алғыс хатымен Лабасы ауылдық округінің әкімі Ерік Тұрғанбаев, ауданның белсенді азаматы, блогер Қасым Кенжеханов пен Мұқыры ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Бауыржан Жақсылықовтар мадақталды.
Диляра ЮСУПОВА.