
Ағымдағы жылдың 11 желтоқсан күні аудан мәслихатының кезектен тыс 55-ші отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Дәулет Халелов, мәслихат депутаттары, мекеме бөлім басшылары қатысты.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 желтоқсандағы ҚР заңының 11 – бабына сәйкес, аудан мәслихатының кезектен тыс 55 – ші сессиясының күн тәртібі бойынша алты мәселе қаралды.
Күн тәртібінде қаралған төрт мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Серік Нұрмағамбетов сөз сөйледі. Бірінші мәселе, аудан мәслихатының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы «Көксу ауданының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндама жасады. Екінші мәселе, аудан мәслихатының 2019 жылғы 9 қаңтардағы «Көксу ауданының ауылдық округтерінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу барысында 2019-2021 жылдарға арналған округтер бюджеті тиісінше шешімге сәйкес бекітілді. Атап айтсақ, Балпық ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістер 521 117 мың теңге, ал шығындар 527 186 мың теңге, Жарлыөзек ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістер 119 378 мың теңге, ал шығындар 120 128 мың теңге, Лабасы ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістер 136 696 мың теңге, шығындар 136 896 мың теңге, Мұқыры ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістер 113 972 мың теңге, ал шығындар 114 815 мың теңге, Мұқаншы ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістер 52 457 мың теңге, ал шығындар 52 858 мың теңге, Алғабас ауылдық округінің бюджеті бойынша кірістр 69 264 мың теңге, шығындар 69 621 мың теңге. Жиын барысында осы шешімнің орындалуы аудан мәслихатының «Ауданның экономикалық дамуы, жергілікті бюджет, табиғатты қорғау және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияға жүктелді. Үшінші мәселе, ауданның азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға жиырма бес пайызға жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгілеу туралы шешім қабылданды. Төртінші мәселе, ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы. Аудандық 2016-2020 жылдарға дейінгі даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен бекітілген аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі әдістемесінің 131 тармағына сәйкес әзірленген. Бұл бағдарлама – экономиканың барлық секторларын және өңірдің даму бағыттарын қамтитын кешенді құжат болып табылады. Бағдарламада барлық негізгі кезеңдер ескерілген: экономикалық және әлеуметтік даму, инфрақұрылымдық жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, экологияны жақсарту және мемлекеттік басқару. Осылайша, Серік Сапарұлы 4 мәселе бойынша баяндама жасады.
Бесінші мәселе, Көксу ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы аудан әкімінің аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай кадр қызметі бөлімінің басшысы Жанар Кубиева: «ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 33-бабының 1-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін бірнеше адамға Көксу ауданының «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсыныс жасады.
Алтыншы мәселе, ауданның елді мекенінің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларға қайта атау беру туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Садықова сөз сөйледі. Өз сөзінде Алғабас округі Алғабас ауылындағы Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған «Жастар» паркіне Батыржан Оңғаровтың есімін беруге тұрғындар тарапынан ұсыныс жасалғандықтан, 2019 жылғы 14 қазанда өткен Алғабас ауылдық округі тұрғындарының қоғамдық жиналысының хаттамасы негізінде осы аталған ұсынысты және Мұқыры ауылдық округі тұрғындарының 2019 жылғы 05 қарашадағы қоғамдық жиналысының хаттамасы негізінде, Мұқыры ауылындағы Жаңа көшеге Жетісу, Жаңа көше – 2-ге Тәуелсіздік, садовая көшесіне Қазақстан атауларын беру туралы ұсынысты қарауларыңызды сұраймын», - деді.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер толығымен қаралды.
Айдана АБДЫКАЛЫКОВА