ӘЛЕУМЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІК - ТЕҢДЕСІ ЖОҚ БАЙЛЫҒЫМ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 20.12.2019
Оқылды: 511 Печать страницы
ТӘУЕЛСІЗДІК - ТЕҢДЕСІ ЖОҚ БАЙЛЫҒЫМ

Тәуелсіздік! Ата бабам аңсаған,
Қаншама жыр арнады екен жан саған.
Көк байрағым желбіреген сәттерде
Қадамыңа Қазақстан тамсанам!
«Тәуелсіздік»... Осынау тарихқа тұнған ұлы сөзді естігенде» мен қазақпын!» деген әрбір жанның жүрегінде үлкен сезім орнайды. Себебі, сонау алмағайып кезеңдерде қазақ халқы үшін қымбатқа түскен, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болған осы тәуелсіздік еді. Біз бұл кезеңді көрмесек те, қазақтың таңғажайып тарихын, деректерін оқу арқылы білеміз. Бұл қол жетпес бақытқа жету жолында Алаш ардақтыларының басын бәйгеге тіккені, әсіресе 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайсар аға-апаларымыздың ұмытылмас ерліктері көз алдымызға елестейді.
Тәуелсіздік таңы – тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Егеменді елдігімнің айғағы – аспан түстес азат байрағым, Елтаңбам, Гимніміз дүниеге келді.  Тәуелсіздік алған елдің айрықша белгілері ретінде ұлттық валюта, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеу, Конституцияны бекіту танылған. Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан күннен ел тізгіні сеніп тапсырылған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік болды. Бүгінде мінекей, егеменді ел болғанымызға 28 жыл толды. Әр жыл сайын тойланатын бұл мереке аудандық Мәдениет үйінде бар салтанатымен аталып өтілді. Ең алдымен  осы тұғырлы мерекемен аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы құттықтады:
 - Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар!
 Баршаңызды ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.
 Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 28 жыл толып отыр. Осы бір тарихтың ұзынсонар жолында азаттық деп аласұрған, еркіндік деп екпіндеген халқымыздың мұратын орындау бақыты бүгінгі біздің ұрпақтың еншісіне тиіпті. Олай болса, бұл күн ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы той, мерейлі де мәртебелі мереке.
«Елу жылда ел жаңа», - деген халық даналығын баршаңыз білесіздер. Десе де, біз елу емес, небәрі 28 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық.  Бұл да болса кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі аға-апаларымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбектеріміздің арқасы.
Азаттық, Теңдік, Тәуелсіздік! Осы бір ұлы үш ұғымның салтанат құруы үшін шейіт болған боздақтарымыз көзден кеткенмен, мәңгілік естен кетпес! Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл – ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқыны, шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, оны қолда ұстап тұратын тек шарболаттай шыңдалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес.
Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі ұрпақтың яғни, сіз бен біздің  пешенемізге жазылған бақ!

 Ұлы Абай атамыз, егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген.  Расымен де елге еткен еңбек елеусіз қалмайды. Биыл да ұлық мереке қарсаңында өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосып, аянбай еңбек еткен ардақты азаматтарымыз Шеңгелбаев Ерлан Секенбайұлы «III дәрежелі Еңбек даңқы» орденімен, Жүнісов Қуат Әлдибекұлы  Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Алар асуларымыз көп болсын! Бірлігіміз мызғымасын, - дей келе бірқатар азаматтарды марапаттады.
Аудандық мәслихат сессиясының 2019 жылғы 4 желтоқсандағы №55/4 шешімен Көксу ауданының «Құрметті азаматы» атағын  Лабасы ауылдық округінен Жұмабек Алмабеков, Мұқаншы ауылдық округінен   Төлеухан Жасыбаев, Жарлыөзек ауылдық округінен Дәрібай Байжұман және тағы да басқа еңбегі еленген жандар иеленді. Қазақстан Республикасының Денсаулық Сақтау Министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Рысбике Әбішева марапатталды. 2018 жылғы 18 қазан №732 мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілген. Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына  30 жыл толуына орай мемлекеттік төсбелгісімен Василий Онищуков, Виктор Селезнев, Мұса Габуев, Қадылбек Жексенов,  Асхат Байсеркенов және өзге де ардагерлер наградталды.
Мерекеге орай, мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі үшін Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» аудан әкімінің орынбасары    Ұлан Досымбеков, Айгерім Нүсіпова, Бахтияр Касановтар марапатталды. Мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолындағы жемісті еңбегі үшін аудан әкімінің «Құрмет грамотасына» ие болғандар да аз емес.
Жүсіп Баласағұн өз даналығында «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деп атап өткен. Аудан басшысы Алмас Қабдулұлы да дәл осы сипатта. Жас болса да, халықтың жағдайын жасап, бар күшін ауданның гүлденуіне жұмсады. Өзгелерге үлгі бола білді. Сол себепті де, Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс әкімінің қолынан Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсы адам жайында айту біздерге артық емес.
Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, жан - жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне осы елдің азаматы ретінде мен кәміл сенемін! Қолымызға тиген тәуелсіздіктің асыл құсын ұшырып алмай берік ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс.
Надандықтың емі – білім, тәкаппарлықтың емі – имандылық, яғни, мейірім, бауырмашылдық. Олай болса ағайын, ойымыз түзу, ниетіміз таза болғай!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.