
Жаңа жыл – жаңару мен жақсылықтың, тазалық пен әдеміліктің мерекесі. Жаңа жыл ғажайыптарға толы мереке. Есігімізден еніп, төрімізден орын алатын жаңа жыл мерекесі жер бетіндегі барша адамдар үшін ортақ мереке, әсіресе, оның балалар өмірінде алар орны айрықша.
Жылдағы дәстүр бойынша әсерлі қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын балалардың дәстүрлі той-думаны Қадырғали Жалайыри атындағы мектеп-гимназиясында өтті.
Сән-салтанатқа толы мерекенің қонақтары алдымен театрландырылған бағдарламаны тамашалады. Кейін барлығы Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып, ойын-сауық әсем шыршаның маңында жалғасты. Көздері бал-бұл жанып тұрған оқушыларды мерекелерімен аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы құттықтады:
Жаңа жыл табыс пен молшылық әкелсін. Еліміз тыныш, заманымыз бейбіт болсын,- дей келе балғын балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар табыс етті.
Әкім шыршасында Аяз ата, Ақшақар мен қыс ханшайымы сынды мифтік кейіпкерлер жиналғандардың көңілін серпілтті. Шырша тойы әртүрлі кейіпкерлер қатысқан музыкалық композициямен өріліп, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар билер биленді.
Жаңа жылдық кештің иелері мәре-сәре болып, кеш соңында аудан әкімінің тәтті сыйынан дәм татып, жақсы тілектер айтып тарқасты.
Диляра ЮСУПОВА.