
Қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өз өлеңінде:
Сендердікі қоғам, өмір, заман да,
Сен түзеген қалаңменен далаң да,
Болашақта барлығы да сендердікі, жас ұрпақ,
Сендерге аманат етіп табыстаймыз, қабыл алыңдар! - деп атап өткен болатын. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар екені даусыз. Елбасымыз халыққа Жолдауында: "Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті тұр",- деп жастарға зор сенім мен үміт артып отыр. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын ету, елімізді өркендету үшін білімді жастар керек. Кез-келген ел өзінің болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Демек, елімізді өркендетіп, мемлекетімізді көркейту үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алу – жастардың басты міндеті. 2019 жылдың "Жастар жылы" деп аталуында да үлкен мән жатыр. Себебі, жастар – болашақтың негізі. Сондықтан, өскелең ұрпақтың өркендеуі мемлекеттің басты назарында.
Сәрсенбінің сәтті күні аудандық мәдениет үйінде "Жыл үздігі" атты жастарға арналған үлкен жиын өтті. Бұл шараның басты мақсаты – ауданымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан жас азаматтарды елге таныстыру. Ең алдымен аудан әкімі Алмас Әділ мінберге шығып, жалынды жастарға деген ілтипатын білдірді:
- Құрметті жастар!
Баршаңызбен бүгінгі "Жыл үздігі – 2019" жастар сыйлығын тапсыру рәсімінде жүздескеніме қуаныштымын! Бұл шара биылғы жылғы айтулы мереке жастар жылына тарту болмақ.
Кез -келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр – бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп ойлаймын. Ауданымызда барлық істе жастар белсенділігі күшейіп, әлеуметтік және қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылып келеді. Елбасымыз бен Президентіміз Қазақстан жастарына деген сенімі жоғары екендігін, бүгінгі қыз-жігіттеріміздің интелектуалдық белсенділігін жоғары бағалайтындығын білеміз.
Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ ауданымыздағы 41-мыңнан астам халықтың 8672-сі яғни, жалпы халықтың 21,1 пайызы жастар деген сөз. Заманның заңғар тұлғаларының бірі - Мыржақып Дулатов: "Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын", - деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанына әрқашанда мақтанамыз. 2009 жылдан іске қосылған "Дипломмен ауылға" бағдарламасының игілігін 445 жас маман көріп, оның 262-і баспаналы болды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен 122 адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіліп, 57 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. "Бастау Бизнес" жобасы бойынша жастардан 37 адам кәсіпкерлік оқуға тартылды, 6 адам шағын несие алып, өз істерін дөңгелетуде.
Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді ортақ күшпен тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдық. Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, әрбір азаматтың, баршамыздың жауапкершілігіміз".
Алғашқы марапат, "Үздік жас спортшы" номинациясы қазақ күресінің спорт шебері, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионатынын 3 дүркін чемпионы, 2016 жылғы Әлем чемпионатынын күміс жүлдегері, 2017 жылғы жабық Азия ойындарынын чемпионы, 2019 жылғы Әлем чемпионатынын қола жүлдегері Динара Жұмабаеваға тиді. Жылдың "Үздік жас дәрігері" болып дүниежүзілік мейірбикелер күніне арналған "Мейірбике ісінің ең үздік маманы" байқауының бас жүлдегері Нүрбек Исаканов атанды. Көксу ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің жұмылдырушылық жұмыстары, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Қанат Оразбаев "Үздік жас мемлекеттік қызметкер" болды. "Үздік жас әскери қызметкер" номинациясы бойынша Әлібек Асым марапатталды. Әлібек Ермекұлы Алматы облысы ішкі істер департаментінің Көксу аудандық ішкі істер бөлімінің полиция лейтенанты, ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі білім беру ұйымына жауапты участкелік полиция инспекторы. Ол жасөспірімдер арасында қылмыстың деңгейін төмендетуге сүбелі үлес қосуда. "Үздік жас ұстаз" болып Б.Құндақбаева атындағы орта мектебінің ұстазы Әлібек Көкенов танылды. Айгүл Новасбаева "Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы" номинациясымен марапатталды. Жетісудын жезтаңдай алтын дауыс иегері, 2019 жылдың студенттік көктем облыстық байқауының вокал номинациясының 2-ші орын иегері, "Жігіт сұлтаны" байқауының бас жүлде иегері Еламан Сағатбеков "Үздік мәдениет қызметкері" атанды. 2015 жылдан бастап "Көксу ауданының жастар ресурстық орталығының" маманы, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына ықпал етіп, белсене ат салысып, аудан жастарының отансүйгіш, патриот жас болып өсуіне, салауатты өмір салтынын қалыптасуына өз ықпалын тигізіп жүрген жанның бірі Әйгерім Артамоноваға "Үздік жас маман" атауы берілді. Және өзге де "Жас кәсіпкер", "Үздік жасыл ел сарбазы", "Үздік жас өнерпаз" номинацияларына лайықты деп танылған жандар аудан басшысының қолынан марапат алды.
Келесі кезекте мемлекеттік жастар саясатын ауылдық жерлерде жүзеге асыруда ат салысып, ауыл жастарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында өз үлестерін қосып жүрген жастарымыз наградталды. Марапаттау алаңына аудандық "Жастар ресурстық орталығының " жетекшісі Қуаныш Дүйсенбаев шығып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Елбасымыз бір сөзінде "Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса,азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа", - деген болатын. Ендеше, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін ұстайтын, еліміздің дамуына үлес қосатын жастар дәл біздің ауданымыздан шығарына сеніміміз мол.
Егеменді елімнің болашағы,
Кімге де ой тастамас бала қамы.
Білімді ұрпақ елімнің шам-шырағы,
Өшпесін мәңгі бақи бала шамы.
Еркін өссін жастарым елімізде,
Тәуелді болмай өссін жерімізде.
Жастар аман бақытты болып тұрса,
Желбірейді көк байрақ төрімізде.
Болашағы елімнің жас қолында,
Адаспасын жастарым өз жолында.
Ұлы Абай айтқандай кірпіш болып,
Қалансын керекті боп орнында.
Алға ұмтыл, жастарым тек шегінбе,
Білімнің қайнар көзі мектебіңде.
Ерінбей жас кезіңде көп ізденсең,
Өкінбейсің оқысаң сен тегінде.
Диляра ЮСУПОВА.