
Еліміз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болғанына 28 жылдай уақыт өтті. Тарих үшін қас-қағым сәт аралығында мемлекетімізде саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларда түбегейлі реформалар жүзеге асырылып, бүгінгі таңда мемлекеттілік құру жөніндегі тарихи міндет орындалды. Бұл барлық қазақстандықтардың бірлігі мен келісімінің, табанды да қажырлы еңбектерінің ортақ жемісі.
Қазақстан Республикасы халқының еркін білдіріп отырған мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі, өкілді органдар - Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы – Қазақстан Республикасы мәслихатының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бұл – тәуелсіздік шежіресімен тұтасып, даму діңгегін нығайта түскен айтулы белес. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1993 жылы «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Заң қабылдады. Осы заңға сәйкес, мәслихаттарға жергілікті тұрғындардың құқығын көздейтін және олардың еркін білдіретін мемлекеттік органның қызметі мен өкілеттігі берілді. Қазақстан Республикасында 1994 жылы 7 наурызда елімізде Қазақстанның саяси көзқарасындағы жаңа толқынды танытқан жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттарға алғашқы бірінші шақырылымының сайлауы өтіп, Көксу ауданында 19 депутат сайланды. Мәслихаттардың 25 жылдығы – өткен істерге марқайып, жинаған іс-тәжірибені бағамдай отырып, есеп беретін кезең ғана емес, бұл – ауқымды жоспарлар жасап, әлеуметтік дамудың болашақ бағыт-бағдарларын айқындайтын жауапты уақыт. Бұл ретте, татулықты ту еткен көпұлтты еліміздің береке-бірлігін нығайту, халқымыздың әл-ауқатын көтеру, экономикалық, рухани дамуымызға сүбелі үлес қосу – әрбір халық қалаулысының азаматтық борышы деп түсінеміз.
Осы шақырылымда мәслихат құрамына ауыл шаруашылығы, білім беру және бірқатар таңдаулы өкілдері сайланды, олардың көпшілігі өздерін қайраткер, іскер басшы, ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Халық қалаулылары ретінде тұрғын халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілектерімен көп жұмыс жасады. Қалың бұқара мен билік органдары арасында алтын көпір бола білді. Осы атаулы күнге орай, аудандық әкімшіліктің үлкен мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Шара шымылдығын аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы құттықтау сөзімен ашты:
- Құрметті депутаттар! Құрметті жиынға қатысушылар!
Елімізде қос палаталы Парламент пен жаңа үлгідегі мәслихаттардың құрылғанына ширек ғасыр толып отыр. Бұл ізденістер мен күрес, қателіктер мен түзету, уақытпен санаспай еңбек ету үстіндегі 25 жыл. Еліміз егемендігін алып, аяққа енді тұрып жатқанда тұрғындардың қордаланған мәселелерін шешу депутаттарға оңай соққан жоқ.
Еліміздің Ата Заңында «Жергілікті өкілетті органдар мен мәслихаттар тиісті әкімшілік аумақтық бөліністе халықтың еркін білдіреді делінген». Халықтың еркін білдіруі, әр депутатқа мерейлі міндет жүктеп, өзінің құзыры арқылы билікке араласуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының дамуына, оның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік салаларда мол табыстарға қол жеткізуіне өлшеусіз үлес қосқан Парламентаризм институтының жергілікті тармағы саналатын мәслихаттар екені сөзсіз.
Мәслихат халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және ҚР заңына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, олардың жүзеге асырылуын қадағалайтын жергілікті өкілетті орган.
Мәслихат депутаттары 25 жылда әлеуметтік ортамен қоян- қолтық араласып, халықтың талап-тілек ұсыныстарын тыңдап, атқарушы билік пен әлеуметтік ортаның арасындағы мәселені шешетін алтын көпірге айналды.
Осы ширек ғасыр ішінде аудандық мәслихатты Уахит Есмұрзанов, Болат Қисметов, марқұм Жанасыл Жанатұлы сынды тәжірибесі мол, істің ретін жетік білетін мамандар басқарды. Қазір де мәслихат депутаттары құрамында өмірден түйгені көп, еңбекте тәжірибесі мол, елге беделді азаматтар жетерлік.
Бүгінгі күні Әлдибек Досымбеков басшылық етіп отырған депутаттық корпус та өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып отыр. Жергілікті атқарушы органның да, мәслихаттың да ортақ міндеті, ел игілігіне қызмет ету болғандықтан осы жылдар ішінде біз бір мақсат, бір мүддеге жұмылып, ауқымды жұмыстарды бірге атқарудамыз.
Қазақстанның мемлекеттік билік сатысында мәслихаттың алатын орны зор. Бүгінгі дүбірлі мереке соның айғағы. Мерейлі мерекемен баршаңызды тағы бір мәрте құттықтаймын!
Ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге жеміс, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, - дей келе аудан көлемінде сүбелі үлестерімен көзе түскен жандарды марапаттады.
«Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен ардагер Парламент сенатының депутаты болған Жомартқали Жексенбинов мадақталды. «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен Уахит Есмұрзанов, Таңатар Әбдірахманов, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амангелді Қалдыбек, ардагер депутат Ұзақ Ақжолов, Әлия Садықова, депутат Марқаш Көпбаева және мерекелік медальдармен ардагер депутат Бердібек Нүсіпов, Кенетай Шайықов, «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәлік Бейсенов марапатталды.
«Біздің депутат» Республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтингі бойынша Үздік мәслихат хатшысы 2019 төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына орай, жергілікті өкілді органдардың қалыптасып нығаюына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен аудан мәслихатының хатшысы Әлдибек Досымбеков наградталды.
«Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен және Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Алғыс хатымен аудан мәслихатының депутаты Қалибек Алпысбаев, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовтың Құрмет грамотасымен аудан мәслихатының депутаты Ғалым Қазбекұлы, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен және Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембіновтың Құрмет грамотасымен аудан мәслихатының депутаты Қанат Қарабасов, Қуат Жүнісов, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен аудан мәслихатының депутаты Шахгусен Гусенов, Инна Кан және басқа да депутаттар марапатталды.
Диляра ЮСУПОВА.