ӘЛЕУМЕТ

Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 331 Печать страницы
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

      Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы  мақаласы – қазақ көшбасшысының көрегендігін тағы бір рет айғақтады. Президентіміз мақаласын 175 жасқа толып отырған халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арнап, қалам тербеген.

      Бүкіл әлемге қазақ деген халықты танытқан ғұлама ақынымыз, біртуар перзентіміз Абай Құнанбайұлы халықты өнер-білімге шақырып, мыңмен жалғыз алысып, надандықпен күрескен ұлы тұлға. Барша халық Абай тәлімін оқып, түсініп сол жолмен жүретін болса, ақын өзі айтқандай, дүниенің бір кірпіші болып қаланарымыз анық.

    Ғажайып талант иесі, қазақ поэзиясы ғұламасының - көркем табиғат , сұлу қыз, жүйрік ат, достық пен махаббат туралы өлеңдері эстетикалық тәлімнің қайнар бұлағы.  

   Абай бүгін де жарқын бейнесімен, жалынды жырымен бізбен бірге.  Біз ұлы ақынымызбен мақтанамыз! Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық жұмысы өткен жылдан бастау алды.  Бүкіл әлем жұртшылығы ұлы ақынымыздың өлеңдерін жатқа оқып, челлендж ұйымдастырды. Бұл  Абай ұрпақтары үшін зор мақтаныш, үлкен мәртебе. Еліміздің әр түкпірінде ұлы ақынымыздың  шығармаларын насихаттау жұмыстары жоспарланып, өткізілуде.    

     Абай Құнанбаев - қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлға. Ақын  жиырма бесінші қарасөзінде: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деп, көп тіл білудің пайдалылығын атап көрсетеді. Ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне баса назар аударып, оның мәртебесін арттыруға  зор көңіл аударады. Білім алу ісін де  Абай  өз шығармаларынан  тыс қалдырмай, үнемі насихаттап отырады. Дүниеге әр адамның кірпіш болып қалануына шақырады. Ұлы ойшылымыз әр сөзінде ұлттың өресін өсіруді көздеп, аянбай қалам тербеді.  Қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан зор еңбек етті.

     Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты мақаласындағы Абай мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі дей келе, азаматтарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін Абай шығармаларын оқуды, ақын өлеңдерін жаттауды насихаттап, үндеу қалдырады.

     Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді және де жасай бермек. Абай – ұлы тұлға!

 

Тлеумұрат СЕЙТНИЯЗОВ,

         аудандық білім бөлімінің басшысы

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.