
Жастар корпусын дамыту жобасы 2017 жылдан бастап ел аумақтарында жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл –жастарға арналған бірегей бағдарлама.
Бұл-Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Жобаны конкурстық негізде анықталған Үйлестіру агенттігі іске асырады.
Жобаның басты мақсаты- жастарды,әсіресе осал топтарды қоғамның белсенді өміріне тарту. Қоршаған ортаның игілігі үшін пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту.
Аталған бағдарламамен жұмыс жасаудың 4 негізгі бағыты бар Олар:
- Әлеуметтік бағдарламаны іске асыру үшін гранттар мен шәкіртақылар;
- Өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды оқыту;
- Жастардың осал топтарымен жұмыс істеу;
- Үйлестіру, ақпараттық жұмыс және есептілік.
«Zhas Project» жобасына 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастарға жоба аясында басымдылық беріледі. Яғни олардың грант иегері атанып, шәкіртақы алуға мүмкіндіктері көп деген сөз.
Жобаға қатысудың шарттарына тоқталып өтсек. Бірінші, 3 адамнан 5 адамға дейін топ жинау керек. Егерде үш адамнан кем болса жобаны іске асыру мүмкін емес. Екінші, топтың әр қатысушысы тіркеуден өтуі және барлық қажетті тармақтарды толтыруы тиіс. Осы орайда топтың жетекшісін тағайындау керек болады. Бір ескертетіні 18 жастан кіші қатысушы топ көшбасшысы бола алмайды.
«Жобаның қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, бес ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады, сондай-ақ, ай сайынғы шәкіртақылар: ЖОО-ның түлектері - 60 000 теңге, қалған барлық қатысушылар – 40 000 теңге алады. Сонымен қатар 1000 000 теңге қайтарымсыз грант беріледі»,- дейді Үйлестіру агенттігі басшысының орынбасары Алена Баянбекова.
Жобаға қатысушыларды оқыту бағдарламасы 3 кезеңнен тұрады.
1-кезең. 3 күн – шебер жаттықтырушылар менторларды оқытады. 4 күн- менторлар қатысушыларды оқытады.