ӘЛЕУМЕТ

ОБЛЫС БАСШЫСЫ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП БЕРДІ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 21.02.2020
Оқылды: 227 Печать страницы
ОБЛЫС БАСШЫСЫ ХАЛЫҚ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП БЕРДІ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың халық алдында есеп беру жиыны  Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында өтті.
-    2019 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі 4,5 пайызға өсіп, үш триллион теңгеден асты. 48 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 31 мыңы тұрақты жұмыс орындары. Мемлекеттік бюджетке түсімдер 509 млрд. теңгеден асты, оның ішінде тек өзіндік кірістер - 226 млрд. теңге болған.
«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында «Талдықорған-Өскемен», «Үшарал-Достық», «Күрті-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» көлік жолдарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл барлық стандарттарға сай келетін шамамен 1526 шақырым тамаша жолдар, осының есебінен облыстың транзиттік әлеуеті одан әрі ұлғая түседі. Жергілікті маңызы бар және ауылішілік жолдардың да сапасы төмен болмауы тиіс. Жергілікті маңызы бар жолдардың 81% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2020 жылы бұл көрсеткіш 84 пайызға жетеді, облыстық және аудандық маңыздағы 492 шақырым жолдар, сондай-ақ 108 елді мекеннің ауыл іші жолдары жөнделеді.
Ауылды жерлерде қолайлы өмір сүру ортасын құруға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл бағдарламаны халық өте жақсы қабылдады. Ол біздің облыс үшін аса маңызды, себебі халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Былтыр жеті аудан орталығында ауруханаларды, мектептерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және ауыл іші жолдарын күрделі жөндеуге 6,1 млрд.теңге сомасына 45 жоба іске асырылды. Алакөл, Балқаш, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарында бес дене шынықтыру - сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы 21 ауылда жалпы құны 14,4 млрд. теңгеге 37 жоба іске асырылады.
Ауыл - елдің алтын бесігі, ұлттың тамыры. Әр адам үшін ауыл – ыстық, қасиетті мекен. Елбасының Жарлығымен қайта құрылған Райымбек ауданының халқы ризашылығын білдіруде. Аудан қарқынды дами бастаған. Үш ғимарат қайта жаңартылып, аудандық, ауылдық әкімдіктер, қазынашылық пен салық қызметі орналастырылды. Жергілікті атқарушы органдар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін 37 тұрғын үй салынуда, барлығы 111 тұрғын үй салынатын болады. Аудан орталығының жолдары 100 пайыз жөнделіп, барлық орталық көшелерге жарық орнатылды. Қазіргі заманға сай дене-шынықтыру сауықтыру кешені биыл пайдалануға беріледі, ол үшін 1,1 млрд. теңге бөлдік, - деді Амандық Баталов.
Аймақ басшысы облыс экономикасында агроөнеркәсіп кешені маңызды рөл атқаратанын және осы салада жетекші позицияларды сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығын жеткізді. Мәселен, облыста ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 852 млрд.теңгеге жеткен. Жыл сайын қант қызылшасының алқабы ұлғайып келеді. Жалпы көлемі 14 мың гектарға, ал қант өндіру 51 мың тоннаға дейін өскен.
Инвесторлармен бірлесіп, тростник шикізатын өңдеу үшін қант зауыттарын жаңғырту жүргізілуде. Бұл зауыттардың жыл бойы жүктелуін қамтамасыз етеді және 2023 жылға қарай елдің ақ қантқа деген сұранысының 70 пайызын жабуға мүмкіндік береді (өндіру - 350 мың тонна, қажеттілік - 480 мың тонна).
Райымбек ауданында өнеркәсіптік картоп өндірісін дамыту жалғасуда. 100 гектардан басталған картоп өсіру ісі өткен жылы 600 гектарға дейін ауқымы кеңейген. Биыл 5 мың гектарға картоп егілмек. Ерекше сортты картоптың өнімділігі әдеттегіден 1,6 есе жоғары және 300 центнерді құрайды. Сол сияқты, қарқынды бақтар туралы айтуға болады (2,6 мың гектар), олардың өнімділігі әдеттегіден 1,5 есе жоғары. 2018 жылғы бірінші өнімге қарағанда өткен жылы алма екі есе көп жиналған.
Облыс әкімі есепті кездесуде жастарға да ерекше тоқталды. Облыста, жалпы 18 спорт орталығы ашылған. Талдықорған қаласы мен Қаратал ауданында төрт студенттік жатақхана салынуда. Барлығы 1 968 орындық 10 жатақхана салу жоспарланған.
- Біздің мақсатымыз - жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Өткен жылы 20,3 мың жас адам қамтылды, оның ішінде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1663 адам оқытылды, - деген аймақ басшысы «2020 - Еріктілер жылына» да тоқталып өтті. «Ағымдағы жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланды және біз оны облыстық форум өткізуден бастадық. Облыста барлығы 19 еріктілер ұйымы бар, олардың ресурстары әлеуметтік мәселелерді шешуде кеңінен қолданылатын болады», - деді Амандық Ғаббасұлы.
Тағы бір айта кетер дүние – 2021 -2025 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламалары жаңа форматта әзірленген. Онда әкімнің жеке қабылдауы барысында, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтар тарапынан көтерілетін барлық мәселелер ескерілген. Облыс әкімі сөзінің соңын:
- Құрметті жерлестер! Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін алдымызға қойылған нақты міндеттерді орындаймыз, - деп аяқтады.
Әкім есебінің сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жылдығына орай көше атын беру, әлеуметтік көмек, «Бақытты отбасы» жобасы, жол құрылысы, су жүйесі, алқаптарды суару, туризм мәселелерін көтерді.
Сондай-ақ, Арыс қаласының тұрғыны апат кезінде қолдау көрсетіп, үй құрылыстарына қол ұшын созғаны үшін Амандық Ғаббасұлына алғыс айтты.

(7-su.kz)

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.