ӘЛЕУМЕТ

Зайырлы мемлекеттегі рухани құндылықтарды қалыптастыру

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 303 Печать страницы
Зайырлы мемлекеттегі рухани құндылықтарды қалыптастыру

Жаһандану заманында әлем үшін басты мақсат – бейбіт өмір мен тұрақты дамудың тұғыры – қоғамдық келісім мен төзімділік мәдениеті екені күмәнсіз. Заманауи әлем қазіргі таңда экономикалық дағдарыс, қаржылық тұрақсыздық, әлеуметтік күйзеліс, саяси кеудемсоқтық келіп отыр. Дін және діни құндылықтар әлемдік саясатта мемлекеттер мен өркениеттерді диологқа жетелеуші қайнар көз ретінде қарастырылуда. Зайырлы мемлекетімізде дін қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың қоғамдық өмір мен санадағы орнын зерделеу әрқашанда да өзекті болмақ. Дін күрделі қоғамдық сананың формасы және әлеуметтік институт ретінде адамзат тарихымен бірге жасауда. Себебі дін адам мен азаматтың бостандығымен, құқығымен, дүниетанымымен және ұлттың мәдениетімен, құндылықтық ұстанымымен байланысты. Дін – әлеуметтік құбылыс ретінде адамдардың санасы мен мінез – құлықтарына ықпал етуші объективті фактор. Зайырлы қоғамда дін дүниетанымдық, реттеуші ұйыстырушы, мәдени – шығармашылық, рухани – адамгершілік, т.б қызмет атқарады. Сондықтан да зайырлы қоғамда әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен танып білу маңызды.
Біздің қоғамда зайырлылық қағидаты 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызда және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда бекітілген. Зайырлылық қағидаты адамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болуы керек. Сондай – ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, дәстүр, тіл, дін, діл,отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Зайырлылық ар – ождан бостандығы және төзімділік сынды ұғымдармен тығыз байланысты. Зайырлылық қағидаты – дүниетанымдық, ұлтаралық және дінаралық төзімділік мәдениетінің тұғыры. Қазіргі мектепте рухани – адамгершілік тәрбие ісі білім беру жүйесін ізгілендірумен байланысты. Дін туралы білім дін тарихы, діни сенімдер мен ілімдер жүйесі туралы білім беру болып табылады.
Қазақстан жері – бүкіләлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның, зороастризмнің де, иудаизмның да тоғысқан жері. Біз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни көзқарасы мен діни наным-сенімі айқын да терең, ұлттық және діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Ислам ғасырлар бойы қазақ халқының, оның мемлекетінің тірегі, жүрер сара жолы болып келді. Исламды қабылдап, Аллаға шын жүрегімен берілген біздің арғы тегіміз, ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгілерін қалдырып кетті. Ежелден «Ерен дарып ер болған, Қыдыр дарып ел болған, Шілтеннің шылауы шалған» қазақ деген халықтың неше ғасырлар бойы молынан қорланған миялы, рухани мұрасы бүгінде кез-келген теріс пиғылды жалған дінге де, ұлттық табиғатымызға жат мәдениетке де қарсы тұруға әбден жетеді. Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зайырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал.
Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн…


Ұлан ДОСЫМБЕКОВ,
аудан әкімінің орынбасары                                      

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.