
Бүгінгі Үкімет отырысында коронавирустың тарауына байланысты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік жасалатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
⠀
Жеке тұлғалардың тұтыну қарыздары бойынша 90 күннен астам мерзім өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады.
⠀
"ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген кепілсіз тұтыну несиелеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде төтенше жағдай кезеңінде және одан әрі заңнамалық деңгейде жеке тұлғалардың барлық кепілсіз қарызы бойынша 90 күннен астам мерзімін өткізіп алған кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады", - дейді Әбілқасымова.
⠀
Сонымен қатар, ол қазақстандықтардың несие тарихын түзеуге мүмкіндігі болатынын айтты.
⠀
"Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін қарыз алушы үшін 12 ай ішінде мерзімі өткен берешектің 50 пайыздан астамын өтеген және кейіннен міндеттемелерді орындаған жағдайда теріс кредиттік тарихты түзету мүмкіндігі қарастырылады", - деді Әбілқасымова.
⠀
Жеке кәсіпкерлерге Қазақстанда Төтенше жағдай режиміне байланысты 90 күнге несие бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.
⠀
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
⠀
"2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың белгілі бір салаларына қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты халықтың және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қажет", - деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында.
⠀
Әбілқасымова екінші деңгейлі банктермен және несиелік нарық субъектілерімен, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлерінің Қауымдастығымен бірлескен шаралары туралы айтты.
⠀
Мәдина Әбілқасымова осыған байланысты қарыздар мен микрокредиттер бойынша төтенше жағдай енгізілгендіктен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдерді кешіктірген кезде айыппұлдар мен өсімақылар (тұрақсыздық айыбы) есептелмеуі тиіс екенін түсіндірді.