
Сәуір айының 10-ы күні Еңбекші ауылдық округі әкімі лауазымына сайлау өтті. Көксу аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен өткен сайлауға аудандағы мәслихат депутаттарының-таңдаушылардың барлығы қатысып, өз таңдауларын жасады. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков ашып, дауыс беру барысын түсіндіру үшін сөзді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ғани Ағыбаевқа берді.
Айта кетейік, өткен жұмада Еңбекші ауылдық округінің әкімі лауазымына үміткерлер Асқар Алпысбаев, Төлеген Қожабеков және Санат Шаухаров аудандық мәслихаттың депутаттарымен, яғни таңдаушыларымен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында үміткерлердің әрқайсысы өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, округтегі келелі мәселелер және оларды шешу жолдары жөнінде өздерінің пікірлерін білдірген еді. Аудандық мәслихат депутаттары– таңдаушылары мен округ әкімі лауазымына үміткерлер арасындағы әңгіме округке қарасты елді мекендердегі санитарлық тазалық, көше жарығы, ауылішілік жолдар, көгалдандыру-абаттандыру, ауыл шаруашылығы, ұжымдардың, шаруа қожалықтарының жұмыстары жайлы болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының биыл жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында және «Бес әлеуметтік бастама» атты Үндеуінде айтылған басты міндеттерді жүзеге асыру барысы жайында айтылып, үміткерлер қойылған сауалдарға өздерінің жауаптарын берді. Үміткерлердің қай-қайсысын алсақ та, басшылық қызметті терең меңгергендіктен, округ әкімі лауазымын үлкен абыроймен алып жүретініне сенім мол. Сонымен, сайлау қорытындысында белгілі болғандай, 13 аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беру нәтижесімен Асқар Алпысбаевқа 7 дауыс, Төлеген Қожабековке 4 дауыс және Санат Шаухаровқа 2 дауыс беріліп, Асқар Алпысбаев Еңбекші ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Асқар Алпысбаев бұған дейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы, аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметтерін атқарған. Енді жуырда аудан әкімінің округ әкімін тағайындау жөнінде өкімі шығып, ауыл тұрғындарына округ әкімі таныстырылатын болады. Еңбекші ауылдық округі әкімі болып сайланған Асқар Ахметқалиұлына таңдаушылар округтің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына өз үлесін қосады деген сенімдерін білдірді.
Меруерт РАХМИШОВА.