
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткен тарихымыздың жарқын келбеті деп білемін. Себебі, бүгіннің өткенсіз, болашақтың бүгінсіз айнасы бұлыңғыр.
Біз жаһандану заманына өзіміздің тарихымызбен енуіміз керек. Ал, сол түпкі тарих тағылымын Елбасы кезек-кезегімен атап өтті.
Қазақ халқының танымдық мұрасы, салт-дәстүрі мен өзіндік әдет-ғұрпы, өлең-жырлары, ұлттық ойындары, музыкалық шежіресі – баға жетпес асыл қазына. Сол қазынаны ұмытпау әрі дәріптеу – жастардың үлесінде.
Алғашқы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тарауында Ұлы дала төсінде пайда болған мәдениет, атқа міну дәстүрі, аң стилі, Алтын адам жайында айтып, біраз бағдарламалар мен жобаларды ұсынды. Сол Ұлы даланың жеті қырының ең алғашқысы ретінде, қазақ халқының жеті қазынасының бірі – жылқыны дәріптегені көп нәрсені аңғартады. қазақ ауыз әдебиетінде жылқы туралы «Құлын – тайға жеткізер, тай – құнанға жеткізер, құнан – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер» деп, жылқының өзінің бақыты мен мұратына жетудің негізіне балаған. Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлкен үлес қосты. Елбасы ең алдымен атқа міну мәдениеті жайлы сөз етеді. Жылқыны қолға үйрету қазақ жерінен басталғанын зерттеушілер еңбегіне сүйене отырып мысалдар келтіреді. Қамбар ата тұқымын қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетін қалыптастырған қазақ елінің айбарлылығын аңғартады. Осылайша дала өркениетінің ерте кезеңнен тамыр тартатынын нақты дәлелдермен мысалға ала атырып, бүгінгі киім үлгісінің негізі сол заманда қалыптасқанын әдемі келтіреді. Сол себепті де, ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін бағалауымыз керек.
Біздің кең байтақ қазақ жерімізде сан қилы тарих тағылымдарынан қалған мұралар өте көп. Ескерткіштер, обалар мен қорымдар, көне қалалардың орындары халықтың бай тарихынан сыр шертеді. Қазақ жерінен табылған теңдессіз жәдігер «Алтын адам» талай туристердің қызығушылығын арттырып, әлемдік аренаға тағы бір қырынан танылдық.
«Ұлы Жібек жолы» – әлемдік өркениет тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі. Батыс пен Шығысты бітімгерлік пен ынтымақтастыққа ұмтылған халықтарды өзара байланыстырған бұл жол – мәдени-экономикалық көпір іспетті.
Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны делінген. Ғалымдардың пікірінше, ғаламшарымыздағы барлық алма атаулының арғы атасы қазақтың жерінде өскен. Алатау баурайындағы пейіш бақтары орналасқан Жетісу өңірі «Жер жәннаты» деп бекер аталмағаны енді белгілі болғандай...
Ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін, тарихымызды түгендеп отыратын «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы орасан зор. Елбасы өз мақаласында Ұлы дала төсінің күллі түркі дүниесінің атажұрты саналатынына, бүгінде әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың да «тарихи отаны» қазір біздер өмір сүріп отырған қоныс екеніне айрықша назар аударған. Осындай тарихи кезеңде елімізді әлем таныған өркениетті мемлекеттер қатарына қосып, халқымыздың еңсесін көтеріп, мерейін үстем ететін «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы арқылы бейбітшіліктің символына айналған Астанамыз түркі тілдес халықтарының ортақ үйіне айналары анық.
Әлем тарихында қабырғасы қайысқан ұлтының рухын көтеріп, елінің еңсесін түзеген танымал тұлғалар жетерлік. Олардың қай-қайсы да өз ұлтының көшбасшысы, өркениетке жетелеуші арда ұлдар һәм жеке ұлттың емес, әлем тарихында аты қалған қайталанбас дара тұлғалар.
«Елдің елдігін ер білдіреді, ердің ерлігін ел білдіреді» демекші, танымал ұлттық қаһармандарымыз, ұлы ойшылдарымыз, елді басқарған тұлғаларымыз жайында деректі фильмдер түсіру арқылы ұлттық тәрбиеміздің бойына қан жүгіртіп, келешек ұрпаққа мол ұлағатты түсіндіреміз. «Ұлы дала тұлғалары» атты галерея жасауды атап өтті. Ол арқылы келешек ұрпақ жадына саңлақ тұлғаларымыз туралы естелік қалдырарымыз хақ.
Қарап отырсақ, Ұлы даланың ежелгі өнері қайта жаңғырып келе жатқандай. Кезіндегі қазақы бұйымдар, көне дәуірдегі қолданыстағы заттар әлі де болса, ескіре қоймаған. Кейбір қалашықтар да бүгінгі таңда өз атауын алып отырғаны қуантады. Осыған орай, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» клубын құрып, қазақтығымызды дәріптеуіміз қажет.
Бұл айтылған жобалардың барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деп атап өтті. Рухани жаңғыру – ой сананың кемелденуі, халқымызға рухани жол көрсететін бағдаршам. Осы бағдарлама негізінде ауданымызда біршама келелі істер атқарылды. «Атамекен» кіші бағдарламасы арқылы ел игілігіне спорт алаңдары мен мешіт салынып, кейбір ауылдарымызға жарық шамдары орнатылып, қуанышқа кенелді. «Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат» жобасы арқылы ауданымыздың бір топ азаматтары киелі жерлерге барып, тәу етіп, білімдерін шындандыра түсті. Кезекті мақала негізінде, аудан, округ мектептерінде ашық сабақтар өткізіліп, мектеп оқушыларына жеті қырлы тарихи тағылым насихатталды.
Түптеп келгенде, Елбасы нақтылап өткен Ұлы даланың жеті қырының әрқайсысы әр қазақстандықтың өткеніне үңілуі, қоғамның дамуына қосқан үлесін ой таразасына салуын көздейді. Жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізге оң көзқараспен қарауды, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосса, Ұлы даланың жеті қыры ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашары сөзсіз. Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өткен тарихтағы өр тұлғалардың ұрпағы екендігін мақтанышпен сезінетін болады
Ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды. Бұл менің мақаланы оқудан түйген ойым.
Алмас ӘДІЛ,
аудан әкімі.