Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елде төтенше жағдай кезінде елді ауызбіршілікке жұмылдырып, індетті жеңуге бағытталған шараларға қолдап білдіріп, бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Алты құрлықты азуына алып, адамзатты әлжуаз хәлге душар еткен COVID-19 вирусы біздің елімізге де өз залалын тигізіп, баяғы тыныш қалпымызды бұзды. Әр ел бүгінде вирустың таралып кетуіне жол бермеу үшін өзінше әрекет етіп азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр. Біздің мемлекетіміз қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шараларын жасады. Санитарлық бекеттер орнатылып, тәртіп қатаңдатылды. Нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне жол бермеу үшін жауапты сала мамандары бар күшін аямай жылдам әрекет етуде. Індет адамзаттың тек тән саулығын сынап жатқан жоқ, бүйректен тиген соққы болып ғаламның экономикасы да секем алып, көптеген мемлекет абдырап отыр. Дегенмен ел билігінің тиісті уақытта тиімді шешімдер қабылдауының арқасында арнайы қорлар жұмысын бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жасаған үндеуіне нақты әрекетпен үн қосып жатыр. Бұл ел басына күн туса, ер етекпен су кешер деген халық даналығының іс жүзінде орындалып жатқанын айғақтайды. Елбасы елін, халқын бірлікке, бірігіп әрекет етуге шақыру арқылы ғана қауіптің бетін қайтарып, тәртіпке бағыну арқылы ғана індетті еңсеруге болатынын айтты. Осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. «Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды»,-деді. Осы бір ауыз сөз біздің дана халқымызды, бұрын соңды мұндай кеселмен күресудің нақты шараларынан бейтаныс болған бұқараны биліктің хабарлаған әр жаңалығына, төтенше жағдай кезінде қабылданған жаңа ережелерге бағынуға үндейді. Халық тарихтағы әр кезеңдердегідей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршіліктің асқан үлгісін көрсете білсек бұл індетті ауыздықтауға үлкен қадам жасаған болар едік.
Нуртаев Орынхан
аудандық мәслихат депутаты, "Нұр отан" партиясының фракция төрағасы