
Биыл әлем үшін ауыр жыл болды. Пандемия жарияланып, коронавируспен алысып, жұмыр жер әбігерге түсіп жатыр. Соған қарамастан, халықтың денсаулығын сақтау, әлеуеті мен тұрмыс жағдайын жолға қою мақсатында қыруар жұмыс атқарылуда. Елбасы мен Президентіміз көптеген іс-шараны іске асырып келеді.
Күнделікті ақпараттардан көріп отырғанымыздай, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек, 1 миллиондай адамға азық-түлік пен тұрмыстық заттар таратылған. Коммуналдық төлемдердің тарифтері төмендетіліп, аса мұқтаж адамдарға 15 мың теңге көлемінде қаржылай көмек берілуде. Несие төлеу мерзімі де кейінге шегерілді. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Зейнеткерлердің де зейнетақысы өсті. Оның сыртында атымтай жомарт азаматтар тонналап азық-түлік таратып жатыр. Тіпті, ыңғайы келген жерде баспана мәселесін де шешіп беріп жатқандар бар.
Талай адам осындай қиын қыстау кезеңде көмек қолын созып жатқан Елбасына, Президентімізге, ел азаматтары мен жергілікті басқару органдарына шексіз алғыстарын білдіруде. Алайда бұл ауыртпалық талай адамның бетпердесін де шешіп берді. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр айтудың орнына, айғай-шу туғызып, жеке басының басқа да мәселерін шешіп алуды мақсат еткен жерлестеріміз де төбек көрсетіп қалды. Жақында ғана әлеуметтік желіде жеті баланың анасы мемлекет тарапынан беріліп жатқан азық-түлік қорабындағы тағамдарды балаларының жемейтіндігін айтып, облыс әкіміне үн тастапты. «Менің балаларым ет, жеміс-жидек, көкөніс жеуі керек. Мұндай ботқаларды жемейді. Қайда тастарымды білмеймін. Сондықтан, бұл азық-түліктің орнына ақшасын бер», - деп бәлсінгенін көпшілік көріп, түрлі пікір айтты.
Айналайын-ау, адамдардың пейіліне не болған? Жер шарында сондай ботқаны таба алмай, аштан жан тапсырып жатқан жандар қаншама? Бір уақыт осындай жағдайды да ойлау керек емес пе?
Үкімет тарапынан көпбалалы отбасыға жәрдемақы беріледі. Жақында ғана ол қаражат көбейтілді. Ата-аналар сол ақшаны балаларға жұмсамағанда қайда жұмсайды? Сол ақшаға қалаған тамағын алып беруге болады емес пе? Егер ақшалай берсе, оны басқа қажеттеріне жұмсап қойып, балалардың ашығуы әбден мүмкін. Осы жасқа келгенше талай жағдайға куә болғанбыз. Балаларға берілген ақшасын маникюр-педикюрге, көйлек-көншекке жұмсап, балаларын ашқұрсақ ұстайтын ата-аналарды да көргенбіз. Балалардың ақшасын тартып алып, араққа салған, «ақшаны бермедің» деп әйелін сойылға жыққан ер-азаматтарды да көрдік. Отбасындағы мұндай кикілжіңді атқамінер азаматтар білмей отырған жоқ. Сондықтан, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқандары өте дұрыс деп ойлаймын. Басқа салғанға көнетін халықпыз. Ашаршылық заманда да бір жапырақ нанды бөліп жеп, аман шыққандардың арқасында өмір жалғасуда. Оған қарағанда, Аллаға мың шүкір, баршылық заманда өмір сүріп жатырмыз. «Маған анау керек, маған мынау керек» деп тек масылдық ұғыммен отырғанымыз дұрыс емес.
Қасиетті Құранда: «Алла тәубе еткендерді жақсы көреді» делінген. Сондықтан, уақытымен тәубеге келген дұрыс. Ең дұрысы, өзіңнен жағдайы тәуірге емес, керісінше, әл-ауқаты өзіңнен төмендеу кісіге қарап, шүкір ете білуді үйренсек деймін. Біз көбіне өзімізден дәулетті адамдарға көз тігіп, соның деңгейіне жетуді аңсап өмір сүреміз. Адам бақытты болуы үшін барға қанағат етуі керек.
Негізінде, екі көз тек топыраққа ғана тоятынын естен шығармаған абзал. Қанағат ету абыройыңды арттырады. Ал үнемі біреуден бірдеңе дәметіп отыру, керісінше, сені қор етіп көрсетеді. Қанағатшыл адам біреулерге мұқтаж, тәуелді болмайды. Атамыз қазақ ежелден иманы аузында, Аллаға шүкірі көп, қанағатшыл болған. Обал, сауапты ұмытып барамыз. Ашкөздік пен тойымсыздықтан арыла алмай отырғанымыз өкінішті. Барға қанағат етіп, еңбекпен мал тапқанның орнына тегін дүниеге бейімбыз, жалқаулығымыз басым. Аз тер төгіп, көп пайда көргіміз келеді. Жеңіл табысқа ұмтыламыз. Көре алмаушылығымыз тағы бар. Соның нәтижесінде дау туындатып, бейбастыққа барамыз.
Ойланайық, айналайындар! Уақытша ауырлық та өтер. Елдің тыныштығы мен амандығын ойлайық. Адамдық қасиетімәздә бәрінен биік ұстайықшы.
Жұмабала Балақаранова,
зейнеткер.