
Қадірлі қауым!
Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – бұл үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болды.
2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталды.
Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау.
Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жиналды.
Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті.
#BIRGE акциясына қатысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін.
Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз.
Оның шешу жолдарын білеміз.
Бүгін халықты, ең алдымен, не мазалайды?
Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды.
Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа
әділ қызмет көрсетуін талап етеді.
Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы.
Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті.
Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды.
Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе.
Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды.
Сондықтан, дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортамерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе.
Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет.
Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек.
Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету.
Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет.
Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе. Бұл – жолдардың сапасы.
Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі.