ӘЛЕУМЕТ

КӘСІБІҢЕ МЕН СЕНІҢ БАСЫМДЫ ИЕМ...

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 18.06.2020
Оқылды: 253 Печать страницы
КӘСІБІҢЕ МЕН СЕНІҢ БАСЫМДЫ ИЕМ...

Маусым айының үшінші жексенбісі Қазақстан медицина қызметкерлерінің төл мерекесі.

Сіздерді кәсіптік мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.

Құрметті медицина қызметкерлері! Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, өздеріңізді нұрға бөлесін. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, күш - жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер дегім келеді.

Ізгі ниетпен аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы

Адам - жер бетіндегі тіршілік иесі, қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалы дүние не дейсіз ғой? Қымбат көлік, бағалы дүние, кең сарайдай үй, ақша, өмір бойы қалталы азамат болып өту, мүмкін, мансап шығар...Жоқ, адам өміріндегі басты байлық – оның Өмірі мен Денсаулығы. Өміріңді қалдырып, денсаулығыңды алса, адам болудан қаласың. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Халық айтпай ма, «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп.
Пенде болған соң ауырмай бола ма. Денсаулығың сыр беріп, басың ауырып, балтырың сыздап дегендей түрлі ауруға шалдығасың. Жаның мұрныңның ұшына келіп қысылғаныңда, сол бір азаптан құтқаратын жан іздейсің.  Ол - дәрігер. Науқастың жанына желеу болып, ем-домын жасап жататын – дәрігер. Ол – адам өмірінің сақшысы. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден  бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар көрсетуден бөлек,  аурухананың өзге де күйкі тірлігіне де араласады.
Иә, шынымен, дәрігер болу оңай емес. Бұл мамандық жайында осы саланың білікті мамандары: «Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек», -дейді екен. Менің ойымша, дәрігер болу үшін жүректілік, шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білу керек. Ең бастысы, мамандықты сүю қажет. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпай, әрдайым  ізденісте жүруге дағдыланып, күресе білу керек. Себебі дәрігер -  күрескер адам. Орысша айтқанда, ол – «Борец». Ол жұмысын күресумен өткізеді.
Жалпы, медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екендігін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.
Ақ халатты абзал жандар ретінде әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп,«Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығады. Науқасқа көмек қолын созу – барлық мұсылманның міндеті болғанымен, дәрігерге бірнеше есе жауапкершілік жүктеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады», - деген болатын. Дәрігер адамдарды емдеу арқылы, өзінің ақыретінің қамын жасайды. Адам дәрігерге жанына батқан ауруымен, көңілі түсіп, жаны жылап келеді. Жан баласына көмек қолын созып, өз міндеттерін шын ниеттерімен орындаған дәрігерлердің есімін халық ұмытпайды, жақсылықпен еске алады, артынан дұға етеді.
Жер бетінде қанша адам болса, сонша ой-пікірдің болары хақ. Кей кездері аурухана, жалпы медицина саласының қызметкерлеріне наразылықтарын білдіріп жатқандарды да естіп, біліп жатамыз. Қандай медицинасы дамыған мемлекет болсын, кемшіліктер кездеседі. Өйткені, бұл халыққа қызмет көрсететін сала. Сіз қазір қайда барсаңыз да, кілтипан табасыз. Шаштаразға, мейрамханаға барсаңыз, әйтеуір ұнамайтын жағын көзіңіз шалады. Ал, дәрігерлер қауымы  адамның денсаулығына жауапты. Оларды дұрыс түсінбей төмпештеп жатады. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары негативті жағын айтады. Бұдан соң халық арасында дәрігерлерге деген кереғар пікір қалыптаспай ма?!
Қай салада болсын, кез - келген реформаның жақсы және жаман жағы бар. Нәтижесін де беріп жатыр. Оның жақсы жағы – әр адамға дәрігер, емхана таңдауға мүмкіндік туды. Бұрын шалғайдағы ағайын бір аудан, ауылдың көлемінен шыға алмайтын еді. Қазір қалаға келе алады. Әрі өздері жаны қалаған дәрігерге көрінуге мүмкіндік туып отыр. Осы жағдайдың барлығы халықтың денсаулығына жауапты болған мамандардың арқасы деп білу қажет.
«Қаперге алмаған қатерге ұрынар» демекші, биылғы 2020 жылғы жағдай еліміз үшін өте ауыр болды. Жаһанды жайлаған кесірлі кесел біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Аурудың алдын - алу шаралары дер кезінде қолға алынса да,  коронавирус Қазақстан аумағына жетті. Мемлекет басшысы елде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салды. Наурыз мейрамына арналған шараларды, Жеңістің 75 жылдығына орай жоспарланған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылданды. Мектеп оқушылары уақытынан бұрын демалысқа жіберіліп, университеттер мен колледж студенттері қашықтықтан оқу жүйесіне көшті. Десе де, әлемнің барлық түкпірін шарпыған індет Қазақстан аумағына да енбей қоймады. 13 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелді. 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. 16 наурыздан бастап күшіне енген Жарлық бойынша ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылды, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатылды. Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, сондай-ақ той-томалақтарды өткізуге тыйым салынды. Ел азаматтарына шетелге шығуға, шетелдіктердің елге кіруіне рұқсат берілмеді. Ал, осы тәжді вирустың төрінде күн-түн демей, өз жұмысын міндетім деп білген ақ халатты абзал жандар жүрді.
Отандық БАҚ пен әлеуметтік желіде дәрігерлерге қолдау ретінде әртүрлі бастама көтеріп жатқандар көп. Қиын шақта қатерге басын тіккендер еңбегін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да елеп-ескеріп, қаржылай көмек көрсетілетінін айтты. Әуелден «ақ халатты абзал жан» деп ардақтап келсек те, қазір олардың қадірін шынайы ұғынғандай болдық. Қанша дәрігер олардың қас-қабағын бағып жүргенін ескеріңіз, науқас жандар жат болса да жақынына айналып кеткені анық.  Осы тұрғыда адамзат баласының тәні мен жанының емшісі дәрігерлерге мың алғыс дейміз! «Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін медицина қызметкерлері!

Дәрігерлерім!

Қолыңда тұрса келеді бәрін емдегің!
Жаныңды салып жатсаң да, жігерің сарқып,
Бұл ауру алып ұрды ма әлі келгенін?!

Ақкөңілдерім,
Талас пен тартыс болды ма тәтті өмірлерің?
Сынаққа сынып, сырқатқа сыр бергендерді,
Қасқайып тұрып емдедің, қақ бөлінбедің!

Төзімділерім,
Арпалыстардың ішінен сезілді демің!
Ақ періштедей пендені күзетіп жүріп,
Келген де болар бір сәтке көз ілгілерің.

Жауда сынарым,
Шыңдала берсін ширығып алда шыдамың!
Саулығын тілеп жүретін әрбір жандардың,
Мен сендер үшін Тәңірден сауға сұрадым!

Түсін, бағала!
Дәрігер біткен бүгінің үшін ғана ма?!
Оның да өз отбасы, өмірі бар ғой,
Оларды ойдан біз үшін ұшырған ада!
Себебі, мынау қалаға азуын білеп,
Бұл келген нәубет батырды тісін далаға!
Құрметті ақ халаттыларым! Мың алғыс саған!
Қалауыменен Тәңірдің Құранды ұстаған
Өмірге құштар жандардың үміті соңғы,
Сендер көтерген иненің ұшында ғана.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.