
«Ешкім де іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады».
Бауыржан Момышұлы.
Қиын сәттерде, ауыр кезеңде еліне демеу болып, аудан тұрғындарының қасынан табылатын Көксу аудандық Ішкі Істер бөлімінің қызметкерлерінің құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулігіне 24 сағат қалтқысыз қызмет атқарып, арыз-өтініштерін қанағаттандырып, алғыстарына бөленіп жүрген жайы бар. Күнделікті атқаратын жұмыстарының қиындығына қарамастан, полицейлердің табандылығы, төзімділігі, қырағылығы, қарапайымдылығы, өз істеріне деген сүйіспеншілігі кімді де болса қайран қалдыратыны анық.Олардың қызметі уақыт таңдамайды. Күн - түн демей тынымсыз еңбек етеді. Ал, соңғы бірнеше айда елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты полицейлердің қызметі тіптен ауырлады. Пандемияның алдын - алу мақсатында карантин жарияланып, әр облысқа блок бекеттер қойылды. Дәл осындай ауыр кезеңде ел алдында ант берген бүгінгі күннің батырлары отбасынан жырақта жүріп, бастарын бәйгеге тігіп тәулік бойы қызмет етті.Бүгінгі қалам тартар мақаламыз бойындағы қайрат пен жігерін, білімі мен қажырлы еңбегін ел тыныштығын қамтамасыз етуге арнаған полиция қызметкерлері жайында болмақ.
Полиция қызметі қай кезде де оңай болмаған. Отанның тұтастығы мен халықтың тыныштығы Ішкі Істер қызметкерлерінің қолында. Осы аса маңызды да қастерлі міндет олардан қашан да тап-тұйнақтай жинақылықты, темірдей тәртіпті, сақадай - сай дайындықты талап етеді. Әсіресе, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне талап күшті. Мереке қарсаңында осы бір сәтті пайдаланып, олардың жұмысы мен аудан тұрғындарының қауіпсіздігін білу мақсатында Көксу ауданы ІІБ-нің басшысы Гимадиев Рамиль Раифұлымен сұхбат жүргізген болатынбыз.
-Ең бірінші, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз? Шеніңіз турасында. Сұхбатымызды жалпы еңбек жолынан бастасаңыз?
- Мен, Рамиль Гимадиев Көксу ауданының ПБ-нің басшысымын, шенім подполковник.Мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы ҚР ІІМ академиясына түсіп, 2006 жылы тәмамдадым.Еңбек жолымды алғаш рет Талдықорған қалалық ІІБ-нің тергеушісі болып бастадым.2009 жылы жақсы қызметім үшін Алматы облысы ПД-нің криминалдық полиция басқармасына аға жедел уәкіліне тағайындалып, сол жердегі криминалдық полиция басқармасының орынбасарына дейін көтерілдім. Сонымен қатар, Текелі мен Ұйғыр аудандарында бес жылдай уақыт басшылық қызметте болдым. Қазіргі таңда Көксу ауданында қызметте жүргеніме 2 жылдай уақыт болды.
- Құқық қорғаушының келбеті қандай болуы тиіс?
- Полиция органдарының қызметкерлеріне қойылған талаптарын табысты орындау үшін - жоғарғы оқу орнын тәмамдаған заңгер маманы болуы айтпаса да белгілі.Алайда, полиция қызметкері әрбір шиеленіскен жағдайда өзін-өзі білікті, ұстанымды, арнайы құралдарды қолдана алатын кәсіби және дене шынықтыру даярлығын жетік меңгерген, ұдайы шебер әрекет етуге әзірлігі мол маман болуы керек. Себебі ол жай адам емес, ол тәртіп сақшысы. Бір сөзбен айтқанда, құқық қорғаушы жауапты болуы тиіс. Ол неғұрлым жауапты болса, келбеті де соғұрлым айқын болады.
- Еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар, азаматтардың конституциялық құқықтары, яғни қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы ауданымызда тәртіп сақтаушылардың қызметіне тоқталып өтсеңіз?
- Елімізде төтенше жағдайды енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығына сәйкес төтенше жағдайлар кезі көп қиындық туғызды. Азаматтарды қабылдау және олардың конституциялық құқықтарын бұзбау үшін, әрбір өтініштерді қарау біз үшін өте маңызды. Кез-келген жағдайда мына телефон нөмірлері үнемі қосулы тұрады: 8778-744-74-39, 87714150618 телефон шалып жазылуға болады. Ал «ВАТЦАП» желісіне 87001020031 номері арқылы байланыс бейне және аудио арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау, қылмыстың жолын кесу мақсатында ауданда ұдайы «Құқықтық тәртіп», «Пәтер», «Мал ұрлығы», «Балалар түнгі қалада» деген сияқты әртүрлі жедел іс-шаралар өткізілуде. Соның арқасында ауданда өзгенің мүлкін ұрлау дерегі 94-тен 61-ге дейін төмендеді.Сонымен қатар, біз тіркейтін барлық арыз, шағым және басқа хабарламаларды полиция департаменті, облыстық және аудандық прокуратура, төтенше жағдайлар басқармасы мен басқа да органдардан күнделікті электронды түрде қарап қадағалап отырады. Сол себептен түскен арыз, шағым және басқа хабарламалар дер кезінде тіркеліп, тиісті шешім қабылданады. Осыған байланысты аудан тұрғындарының жағдайы жылдан-жылға жақсаруда. Тонау, қарақшылық, алаяқтық, адам өлтіру деректері күрт төмендеуде.
- Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзінің жауапты міндетін мүлтіксіз атқару - полиция қызметкерінің жеке басына, яғни азаматтық қасиеттеріне және білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы орайда полицияның уақыт талабына сай жарақтандырылуының маңыздылығы түсінікті. Аудан тәртіп сақшыларының еңбек және тұрмыстық жағдайы қандай деңгейде?
- Иә, дұрыс айтасыз. Жауапты міндетін мүлтіксіз атқарып жүрген полиция қызметкері жұмыс барысында жаңа технологияларды қолдануы тиіс. Қазіргі таңда қарамағымда 70 - тен аса жауынгер, яғни тәртіп сақшылары қызмет етеді. Солардың барлығы дерлік керекті қару-жарақтармен, планшеттер және басқа да қызметке керекті заттармен толықтай жабдықталған. Бұл дегеніміз атқарылып жатқан жұмыстардың еш кедергісіз жақсы нәтижеге қол жеткізілуінде.
- Полиция қызметкері болу оңай емес. Бұл қызмет өте ауыр әрі қауіпті екенін білеміз. Бірақ, осындай салада күні-түні жанқиярлықпен қызмет атқарып жүрген адамдардың өзгешеліктеріне тоқталып өтсеңіз?
- Мен жоғарыда айтып өткендей, полиция қызметкерлеріне қойылған талаптар өте жоғары. Күнбе-күн полиция қызметкері әртүрлі жағымсыз жағдайларды бастан кешіріп, көзбен көреді. Ал, оның барлығы ерте ме, кеш пе, адамға әсер етпей қоймайды. Олардың жұмысы да қырық тармақты, сан - салалы әрі жауапты.Әрбір жасқа қарай өзінің нормалары бар. Полиция қызметкері болу үшін, білімді де білікті болу аздық етеді. Елдің алғысына бөленіп, бейбіт заманның батыры деген атқа лайық болу үшін, ең алдымен өз мамандығын жақсы көріп, жұмысын жетік менгеріп, күн-түн деп бөлмей, ауа-райына қарамай аянбай еңбек етуге дайын болу керек. Сондай-ақ, полиция боламын деп шешім қабылдаған әрбір адамның бойында ең алдымен ел мен жерге деген патриоттық сезімнің болуы маңызды.
- Мерейлі мерекеге орай айтар тілегіңіз қандай?
- Бүгінгі Қазақстан полициясы – еліміздің ішкі тәртібін сақтауда шыныққан, орасан зор тәжірибеден өткен нағыз кәсіби құрылым. Дүниежүзін алаңдатып отырған пандемияға қарсы күресте де полиция қызметкерлерінің атқарған рөлі ерекше. Осы орайда егеменді еліміздің тыныштығы үшін жауап беретін полиция қызметкері болу – үлкен мәртебе. Мен Қазақстан полициясының қиын да қатерлі міндеттерін орындауда абырой шыңына шығуларына тілектеспін!
- Сұхбатыңызға рахмет!
Сізді де төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Алар асуларыңыз биік болсын!