
Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Алматы облыстық кәсіпкерлерінің өңірлік Кеңесі төрайымы Римма Салықованың төрағалық етуімен Көксу ауданының жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысы және есептері жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Көксу ауданының кәсіпкерлері, облыстық кәсіпкерлер Палатасының төрағасы Беньямин Файзулин қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев жиында сөйлеген сөзінде ауданымызда ауыл тұрғындарының жеке бизнесін ашуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығынатап өтті. Атап айтқанда, сүтті, етті бағыттағы қосалқы шаруашылықтарды кеңейту, ұлғайту мақсатында 5 кооператив құрылып, 92,4 млн. теңгеге мал сатып алынды, 32,5 млн. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды. Орта және шағын бизнес өкілдерінің саны 2017 жылы 7,2 пайызға артты. Орта және шағын бизнестің жергілікті бюджет түсімі 8,5 пайызға артып, жалпы үлесі 37,9 пайызды құрады. Заманауи талапқа сай сүт-тауарлы фермасы ашылды. Бүгінгі таңда аудан аумағында табиғи газ құбыры тартылуда екенін атап өтті. Дөңгелек үстел отырысында аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі «Али» фирмасының президенті Фахреддин Магеррамов орталық базарда ауру малдар сатылуда және бұған көңіл бөлінбейтіндігі туралы қынжыла айтып, осы келеңсіздіктерді тексеріп, кемшіліктерді жою жөнінде жұмысшы тобын құруды ұсынды. «Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Шеңгелбаев ауданда 1998 жылға дейін ветбак лаборатория жұмыс жасап келгенін, содан соң қызметі тоқтап қалғанын, мұның өзі мал ауруларын тез арада анықтауға қиындық туғызып отырғаны жайлы айтты. Бұл мәселені жоғары деңгейде өтетін жиында қозғамақ болып шешілді. «Строитель» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Александр Бузыкин мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған керамзит кірпіштерін салатын завод өнімін ұлғайту үшін мазут отынының қымбат екенін, өндірісті газ отынына ауыстыру қажет екенін айтты. Газ құбырын орнататын мердігерлік ұйым завод аумағынан 100 метр қашық орнатып, газды заводқа кіргізу үшін үлкен қаржы сұрап отыр, біздің ұжымның ондай қаражатты төлеу үшін күші келмейтінін жеткізіп, бұл мәселені шешудің жолын қарастыруды өтінді. Нұрдәулет Сағадиұлы: -Бұл мәселені Мұқыры ауылын газдандыру аясында бірге қарастырамыз,- деп жауап берді. Жиынды жүргізуші Римма Салықова Көксу ауданында шығарылатын өнімдердің сапасы жөнінде сұрақ қойды. Нұрдәулет Сағадиұлы ауданда шығарылатын өнім сапалары, мысалы, «Строитель» ЖШС-нің, Көксу қант зауытының өнімдері үлкен сұранысқа ие болып отырғанын атап өтті. Римма Салықова дөңгелек үстел отырысында қозғалған көптеген мәселелер кәсіпкерлердің аудандық кеңесі атқарушы органдарымен бірлесіп шешуге болатынын айта келе, аудандық кәсіпкерлер кеңесінің жұмысын жандандыруының қажеттігін ұсыныс ретінде атап өтті. Сонымен қатар жиын барысында бизнес пен жаппай кәсіпкерлікті дамыту, қолдау үшін бөлінетін несиенің аздығы жайлы да сөз болды.
Маман ҚАБЛИСАНОВ.