Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының басында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жариялады.
Жолдауда қазіргі әлемде орын алған пандемия жағдайында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері кеңінен көрініс тауып, 4-тарау толық қолжетімді, әрі сапалы білім беруге арналды.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру барысын қатаң сынға алды.
«Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет», - деген еді ел Президенті. Бұл өте орынды айтылған сын. Себебі, шынында мектеп мұғалімдері, ата-аналар мен оқушылар көптеген қиындықтар мен түсініспеушіліктерді бастап кешірді деуге болады.
Шынымен де бүгінде орта білім саласында оқушылар қолданатын бірыңғай онлайн білім беру платформасы жоқ. Жалпы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген 8 платформа бар. Осы платформалардың ыңғайына, беріп отырған мүмкіндігіне байланысты шешімдер қабылданып, келісімшарттар жасалды. Мәселен, бүгінде аудан оқушылары BilimLand пен Daryn.online платформасын қолдануда. Жалпы республикада мұнан бөлек, ұстаздар Teams, Zoom бағдарламаларын қолданып, WhatsApp әлеуетіне жүгінуге де мәжбүр болып отыр.
Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мемлекет басшысы орта білім бойынша қашықтан оқыту платформаларының мүмкіндігін арттыру тапсырмасын бергенін білесіздер. Біркелкілендіру, ортақ талаптар қою бойынша жұмысты бастап кеттік. Әрі қарай бұл жұмысты жалғастырып, тиісті деңгейде орындайтын боламыз», - деп алдағы уақытта бірыңғай платформа құру бойынша жұмыс жасалатындығын айтты.
Жаңа оқу жылында аудандағы 25 мектепке 7653 оқушы қабылданды, оның ішінде 1 сыныпқа 760 бала.
Бүгінгі күнге 12 мектеп 3958 оқушы санымен қашықтықтан, 13 мектеп 1619 оқушы санымен штаттық режимде, 11 мектепте 109 кезекші сыныпта 2076 бала оқытылуда.
12 мектеп –Дарын онлайн, 13 мектеп Онлайн мектеп платформасы арқылы оқытылып отыр.
Алайда, қазіргі кезде аудан орталығындағы мектептерде платформаларда жұмыс жүргізу мүмкіндігі бар болғанмен, ауылдық мектептерде интернет болса да, аталған платформаларға кіру және ресурстарды пайдалануда қиындықтар туындап отыр. Сондықтан әр мектеп осы платформаларда жұмыс жүргізу бойынша мониторинг жүргізіп отыруы тиіс.
Министр бұл жөнінде «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек»,- деп жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы» деп атады. Осы орайда ұстаздардың жалақысын 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 25 пайызға көбейтілетіні, бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетіні айтылды. Осы мәселеге орай қажетті қаражат бюджетте қарастырылған. Бұған қоса, осы жылдың қыркүйек айының өзінде ұстаздардың дәптер тексеру бойынша үстемеақысы 2 есе көбейіп, сынып жетекшілігі үшін алатын үстемеақысы да екі есе арттырылды. Ал магистратура бітірген ұстаздарға магистрлік деңгейіне сәйкес айына қосымша 27 мың теңге төленуде. Мұғалім жалақысын жоғарылату олардың сапалық құрамын арттыруға әкелері сөзсіз.
Сондай-ақ, білім министрі жуырда осы білім сапасын арттыру проблемасын көтере келе, мұғалімдік мамандықты «әлсіз» түлектердің таңдап жатқандығын, олардың сапасыз оқушы дайындап, ол оқушы ертең экономикамызға сапасыз маман болып кететіндігін, басқа салалардағыдай жұмысына немқұрайлы қарайтын мұғалімдер санының артып бара жатқандығын айтып өтті. Мұны біз министрдің проблеманы ашық айтып, білім саласына жанашырлығы деп қабылдауымыз керек.
Сондықтан білім мекемелерінің басшылары маман қабылдауда ертеңгі күні нәтиже көрсететіндей мықты мұғалімді таңдауы тиіс. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап әр мекеме басшысы жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленетіндігін ескеріп, жаңаша жұмыс жүргізуге бет бұруы қажет.
Жолдауда сонымен қатар 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 2025 жылға қарай 100 пайыз қамту міндеті қойылды. Бүгінгі күнге аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 88 пайызды құрайды.
6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту мәселесін іске асырудың екі ерекшелігі бар.
«Біріншіден, бұл тапсырманы мемлекеттік тапсырыс беру арқылы жекеменшік балабақшаның үлесін арттыру есебінен орындалады»,- деді министр.
Екінші ерекшелік – ваучерлік тетік.
«Ваучерлік тетік дегеніміз не? Мәселен, бүгінде ата-ана баласының кезегі келгеннен кейін қай балабақшаға баратынын мемлекет көрсетіп береді. Енді мұнан кейін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ваучерлік тетік қолданылады. Яғни, ата-ана өзінің ваучерін алып, өзіне ұнаған, тиімді деген балабақшаны таңдайды. Қазіргі уақытта облыс не қаланың, ауданның білім бөлімдері, басқармалары конкурс өткізіп, қай балабақша мемлекеттік тапсырыс алатынын анықтаса, енді ата-ана өзі таңдайды. Бұл ең алдымен бәсекелестікті арттырады.
Бұғанға дейін мемлекет басшысы ауыл, қала мектептерін дамыту, әсіресе жалпы білім беруді дамыту бойынша да тапсырма берген еді. Бұл тапсырманы орындау үшін де республика көлемінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Министрдің айтуынша «Ең алдымен шағын жинақты мектептерге қатысты. Оларда бірнеше проблема бар. Біріншісі - ұстаздардың жетіспеушілігі, екіншісі - материалдық-техникалық базасы, білім деңгейі. Сондықтан осы тұрғыда жұмыс жүргіземіз. Еңбекақы төлеу тетігін өзгертеміз. Ұтқыр мұғалім, интернат салу, әдістемелік көмек, оқыту жұмыстары, жалпы материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша іс-шаралар қабылданады.
Сонымен қатар, балалар мен жастардың шығармашылық әлеуеті мақсатында өңірлерде ұлттық қолөнер орталықтары ашылады. Онда жас ұрпақ өкілдері шығармашылық және қолөнер негіздерін меңгеретін болады.
Балаларды шығармашылыққа жаппай тартудың осындай қағидаты бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі мәдениет ұйымдарында шығармашылық үйірме құруға бастамашылық жасалады. Бұл балаларды дамыту мақсатында бос уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп, талантты баланы ерте анықтауға ықпал етеді.
Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінде қарастырылып жатқан бұқаралық спортты дамытуға бағытталған заң жобасы аясында мемлекеттік білім ұйымдарының педагогтарына сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы енгізу мәселесі пысықталу үстінде.
Президентіміз Жолдауында білім мен ғылымды дамытуды ең басты мақсат етіп қоя отырып,білім саласын көтеруді, жыл сайын бөлінетін граттардың санын көбейтуді көздеп отыр. Ғылымның дамуына қазіргі «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырды.
Бүгінгі күнде өзекті болып отырған балалар өмірінің қауіпсіздігі туралы да Жолдауда ерекше аталып өтті.
Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек.
Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда бұл проблема әлі де ушығып тұр.Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн.
Мұндай әрбір істі прокуратура органдары ерекше бақылауға алуға тиіс. Әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады» деп атап өтті.
Сонымен қатар, «Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн», дей келе, экологиялық тәрбие мен білім беру ісін жаңа деңгейге көтеруге шақырды.
Ендігі кезекте Президенттің Жолдауда білім саласына қатысты тапсырған міндеттерін толыққанды орындау мақсатында жан-жақты бағытталған жұмыстар жүргізуіміз қажет.
аудандық білім бөлімінің басшысы