ӘЛЕУМЕТ

Полицейлер кәсібі аса қиын және қауіпті

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 357 Печать страницы
Полицейлер кәсібі аса қиын және қауіпті

Адамдарға алаңсыз жұмыс істеуде, бейбіт өмір сүруде, тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етіп, заңсыз әрекеттерден қорғауда алдымен қол ұшын беретін құрылым – полиция. Сала қызметкерлері халықтың басына қиын жағдайлар туғанда олардың қасынан табылып, көмегін көрсетеді. Полиция жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, ішкі иірімдері шытырманға толы болады. Құқық қорғаушылардың жұмысы таңғы сағат тоғыз бен кешкі сағат алтының аралығында шектелмейді. Тәртіп сақшылары халықтың тыныштығын күні-түні күзетіп, әлеуметтік тәртіпті бақылайды. Қауіп-қатердің алдын алады, төнген қауіпті ауыздықтауда басын бәйгеге тігетін кездері де аз емес. Елдің қалай болмағы ел басқарғандардан дейтін пәлсапаға салар болсақ, ауданымыздың бүгінгі тыныштығы, полиция қызметкерлерінің іс-қимылына, шешім, қарекетіне байланысты екені анық. Жалпы, полиция туралы әңгімені бекер бастап отырғанымыз жоқ. Бүгін аудандық полиция бөлімінің ел тыныштығын сақтаудағы халыққа жасап жатқан қызметі туралы біраз әңгімелесек дейміз.
Дүниежүзінің барлық елдерінде ішкі қауіпсіздік үшін полиция жауап береді. Егер тəжірибе жасап, полицияны біраз уақыт алып тастаса, қаншама адам қылмыскерлердің қолынан зардап шегер еді?! Сондықтан, халыққа сапалы қызмет көрсету, қоғамдық тəртіпті қадағалау, қылмыстың алдын алу, олар бойынша дəлелдемелер жинау – полицияның негізгі міндеті. Полицияның жұмысы ұстаған адам санымен емес, халық тыныштығы үшін жасаған қызметімен бағаланды. Жан дауа қысталаң кезеңде демеу болып, аудан тұрғындарының қасынан табылатын Көксу аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері құқықтық тәртіп пен қоғамның қауіпсіздігі үшін тәулігіне 24 сағат қалтқысыз қызмет атқарып, арыз-өтініштерін қанағаттандырып, алғыстарына бөленіп жүрген жайы бар. Күнделікті атқаратын жұмыстарының қиындығына қарамастан, полицейлердің табандылығы, төзімділігі, қырағылығы, қарапайымдылығы, өз істеріне деген сүйіспеншілігі қайран қалдырды.
Жалпы бүгінде қоғамда қалыптасқан бір көзқарас бар. Полиция біткеннің бәрі дойыр, дөкір, дөрекі, дарақы болатын сияқты. Біздің санамызда сондай ой қалыптасқан. Ал жол сақшыларын, тіпті, қарақшының деңгейіне дейін түсіріп жіберетініміз бар. Ондайда өзіміздің жол ережесін сақтамайтынымызды есепке алмайтынымыз өкінішті. Айыптауға жүйрік ағайын ешқашан өзін полиция қызметкерінің орнына қойып көргісі келмейді. Ал шындасақ, от пен оқтың ортасында жүретін ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысын екінің бірі атқара алмайтыны айдан анық.
Полиция қызметі қай кезде де оңай болмаған. Отанның тұтастығы мен халықтың тыныштығы ішкі істер қызметкерлерінің қолында. Осы аса маңызды да қастерлі міндет олардан қашанда тап-тұйнақтай жинақылықты, темірдей тәртіпті, сақадай сай дайындықты талап етеді. Әсіресе, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне талап күшті. Үлгілі полиция қызметкері қандай болуы тиіс? Күнделікті қоғамдағы тәртіпті күзететін полиция қызметкерінің бейнесі қандай? Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта полицейлердің қызметіне ғана емес, түр-тұлғасына да сын жиі айтылып жүр. Бұған тәртіп сақшыларының өзі не дейді? Осы мақсатта Көксу аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиевпен арнайы тілдескен едік.
Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны дейміз. Олай болса, түрлі қылмыскерлермен күресетін сол сақшылардың өздері әлжуаз болмауы керек. Сондықтан ішкі істер саласының мамандары полицияға үміткерлердің арасынан спортшыларды құшақ жая қарсы алады. Әрине, бұл – қатаң талап емес. Дегенмен, егер сіз екі иығына екі адам мінгендей еңгезер бойлы, жауырыны қақпақтай болсаңыз, бұған қоса адамдармен тез тіл табыса алатын сыпайылықты сақтасаңыз – полиция қатарына қабылданып, халықтың тыныштығын күзетуге атсалысуға мүмкіндігіңіз мол. Мұны ішкі істер бөлімінің басшысы да растайды.
— Рамиль мырза, полиция қызметінің өте ауыр әрі қауіпті екенін білеміз. Бірақ, осындай салада күні-түні жанқиярлықпен қызмет атқарып жүрген адамдардың өзгешеліктеріне тоқталып өтсеңіз?
— Күнбе-күн полиция қызметкері әртүрлі жағымсыз жағдайларды бастан кешіріп, көзбен көреді. Ал, оның барлығы ерте ме, кеш пе, адамға әсер етпей қоймайды. Олардың жұмысы да қырық тармақты, сан салалы әрі жауапты.
— Мамандық таңдаудың өмірлік мәні бар екені белгілі. Осы бағытта сіз қателeскен жоқсыз ба?
— Мен өзім жүріп өтетін өмір жолымды дұрыс таңдағанымды бақыт деп есептеймін. 2006 жылдан осы салада қызмет етіп келемін. Осы жылдар ішінде түрлі жағдайларды бастан кешірдім. Жұмыстың барлық сынағынан өтуге тура келді. Қуану да, қиындық та, шаршау да бәрі осы Ішкі Істер саласында басымнан өтіп келеді. Тәуелсіз еліміздің жағдайының жақсы болуына үлес қосуды басты міндетім деп білемін. Елбасы Н.Назарбаевтың мына сөзін айта кеткім келеді: «Өзіміздің өмірлік мақсатымызды дұрыс таңдап, соған сәйкес жоспар құрып, сол жолда шыдам мен төзімділік көрсетіп, өзімізді қорғай біліп, күш, қайрат жұмсасақ, жетістікке жетеміз». Әрбір азамат өзінің қоғамдағы алар орнын анық білсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз.
— Полиция қызметкері болу оңай емес. Сіз не айтасыз?
— Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды.
-Тәртіп сақшыларының қатарында әйел заты болса да ерлермен бірлесе талай қылмыстың бетін ашуға, қоғамдағы тыныштықты сақтауға үлес қосып жүрген шенді аруларымыздың бар екенін білеміз. Полицей қыз-келіншектер туралы айта өтсеңіз?
Бұл өте машақатты мамандық. Осы саладағы әйел-қыздар криминалдық бөлімде, кәмішілік іздестіру бөлімінде қызмет атқарады. Үйде мейірімді ана, ибалы келін, нәзік жар. Түзде темірдей тәртіпке бағынған сақшы. Олар арқалаған жүк жеңіл емес. Қос міндетті қатар алып жүрген қыз-келіншектердің ісі көпке үлгі деп ойлаймын. Сондықтан полиция қызметіндегі нәзік жандыларға алғыс айтқым келеді. Мамандықтың қиындығына қауіп-қатеріне қарамастан өз істерін адал атқарып жүр.
-Тәулік бойы қызметтегі қырағылықты талап ететін кезекші бөлімнің жұмысы қаншалықты қиын?
– Кезекші бөлімде тәулік бойы халықтан түсетін хабарламаларды, аудан тұрғындарының арыз-шағымдарын қабылдаймыз. «102» телефонына түскен хабарламалар бойынша шұғыл әрекет етіп, арнайы топты оқиға орнына жібереміз. «Біреуді ұрып кетті, түнгі уақытта тыныштығымызды бұзды» деген хабарламалар жиі тіркеледі. Одан бөлек мал ұрлығы, ұсақ бұзақылық, тұрмыстық оқиғалар бойынша хабарласатындар бар. Кезекші бөлімнің шұғыл әрекетімен орын алған қылмыстық оқиғаларды тез арада анықтап, ашуға тырысамыз. Қылмыстың алдын алу үшін де күресудеміз. Соңғы үш жылда қылмыс деңгейі 33 % төмендеп отыр. Карантин жағдайына байланысты пәтер ұрлығы азайғанымен, мал ұрлығы азаймай тұр. Көп жағдайда қорадан емес, өрістен айдап кетіп жатады. Малының барымташылардың қолында кетуіне иелерінің де жауапкершілігінің төмендігінен де бар. Тұрғындардан сұрайтынымыз қырағы болып, жайылымға малдарын қараусыз жібермей, бақташы жалдап, мүмкіндігінше өзінің қора-жайларын сенімді қоршаулармен бекітіп, жарықтандыруды сұраймыз.
- Учаскелік полиция қызметкерлері жайлы не айтар едіңіз?
Учаскелік полиция инспекторларының әр жұмыс күні таңғы сағат 8.30 басталып, қараңғы кешке дейін жалғасады. «Негізінен учаскелік полиция халықпен жұмыс істейді. Қажетті ақпаратты халықтан алады. Халық арасында жүреді. Тығыз байланыста болады. Өйткені, учаскелік полиция аз, халық көп. Ал халықтан ақпарат келіп тұрса, жұмыс әлдеқайда жеңіл болмақ. Барлық тұрғын үйлердің кіре берістеріндегі ақпараттық тақталарға, орталыққа учаскелік инспекторлардың аты-жөні мен телефоны көрсетілген фотосуреттер ілінді. Қабылданған шаралар өз тиімділігін көрсетті. Осы тұста ювеналды полиция инспекторларының жұмысы туралы қоса айтқым келеді. Олар жұмыс күндері жас жеткіншектермен және олардың ата-аналарымен кездесіп, әңгімелеседі, ал демалыс күндері – кәмелеттік жасқа толмағандардың құқық бұзуларына жол бермеу мақсатында рейдтік шараларға шығады. Ювеналды полиция инспекторлары иықтарына шен таққан қызметкер ғана емес, олар әрі психолог әрі тәрбиеші. Олардың негізгі міндеті – кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу және бастысы – балаларды түзу жолға салатын қасиеттерін ашып, тәрбиелеу.
-Иә, айта берсек полиция жұмысы жайында сағаттап сөйлесуге болады екен. Сізге соңғы сауалымды қойсам. Полицей иттерді іздестіру жұмыстарына қалай дайындайды?     
- Өңір тыныштығы, адамдар қауіпсіздігі, қылмыскерлерді ұстау және заңсыздықты болдырмау үшін иттерге арнайы оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, заңсыз есірткі тасымалын әшкере ету үшін ерекше қырағылық танытатын неміс пен бельгия иісшіл овчаркаларын қолданамыз. Түн уақытында кез-келген қозғалысты 100 метр қашықтықтан біле алады. Мұндай байқампаздығынан бөлек, олар 25 метрден шыққан дауысты айна қатесіз табады. Аса ауыр қылмыстарды ашып, күдіктілерді анықтап, қылмыс құрамын ашуда иттердің еңбегі орасан зор. Себебі, иттер оқиға орнынан айғақтарды дәл тауып, қылмыскерді анықтауда таптырмайтын «маман».
— Қызықты әңгімеңізге көп рахмет, еңбегіңіз табысты болсын!
- Рахмет! Сіздерге де бар жақсылықты, тыныштықты тілеймін. Есігіміз әрдайым ашық. Аудан тұрғындары кез келген уақытта келіп, өздерін толғандырған сауалдарын айтып, сұрақтарын жолдауларына болады. Күштік құрылымдардан қорқу қажет емес. Ол кездер өтті. Қазір біз барынша ашықпыз. Мен әрдайым орынбасарларыма, қызметкерлерімізге осыны қайталаудан жалыққан емеспін.
Түйін:
Иә, расымен полиция қызметкері болу оңай емес, бұл — маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Ол үшін байыпты білім мен айбарлы жүрек, сабыр мен төзім, қажырлы күш-қайрат қажет. Дүниедегі ең оңай нәрсе – кінә арту, айыптау, сынау. Ал бір сәт өзімізді сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың да «ойнап жүрмегенін» түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол біздердің әрқайсымыздың міндетіміз. Тәртіпті әркім өзінен бастауы тиіс.

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.