ӘЛЕУМЕТ

«Үміт» үміт сыйлауда

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 24.09.2020
Оқылды: 286 Печать страницы
 «Үміт» үміт сыйлауда

Қоғамға жат адамдай өмір сүру, әсіресе жас жеткіншектерге қиын. Бүгінде сондай балалардың құқығын шектемеу үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың мүмкіндігі шектеулі болғанмен, арман-мұраттары шектеусіз. Лайықты білім алу, көшеде жүріп-тұру, өз бетінше қалаған жеріне барып - келу деген мұндай балалар үшін тек арман ғана секілді. Расында, көшеге шыға қалса, көпшіліктің назарын өзіне аудару, сондай-ақ көшедегі көздердің өзіне мүсіркей қарауы кемтар балалардың қоғамдық ортаға бейімделіп кету ынтасына бөгет жасайтыны сөзсіз. Арнайы балалар арбасымен кедергісіз қатынап, білім алып, өздері сынды жеткіншектермен қатар мектепке барып, қоғамда ешқандай алалау көрмейтін күн туар ма екен, соларға? Бұл кейбір балалар үшін мүмкін емес нәрсе болып көрінгенімен, біздің елде осындай армандарды жалғап, үміттерді оятатын орталықтар ашылуда.
Мүмкіндігі шектеулі баланы аяққа тұрғызу бірінші, ата-анасының парызы болса, екіншіден, әлеуметтік жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Ауытқушылығы бар немесе мүгедек баланың отбасында психологиялық ауыртпалық басым. Ата-аналарының да қоршаған ортамен қарым-қатынасы азаяды, арқалайтын жүктері ауырлайды. Сондықтан да мұндай балаларды тәрбиелеуде оңалту және бейімдеу орталықтарындағы арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. Инклюзивті білім беруден тыс мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектік белгіленген мерзімде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады, ортопедиялық - отрездік аяқ киім мен құралдар, мүгедек арбасы, гигиеналық заттар, жеке көмекші, құлағы естімейтіндерге жеке аудармашы, жылына екі рет оңалту орталықтарында ем алу қарастырылған.  Аталған жәрдемнің барлығы тегін рәсімделеді. Бұл көмектің барлығы елді мекендерде жергілікті әкімдік арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың жазғы демалысына да арнайы қаражаттар  бөлінген.
Ауданымыздағы Алматы облысының жұмыспен  қамтуды үйлестіру және әлеуметік бағдарламалар басқармасының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған « Үміт»  күндізгі болу орталығы  2010 жылдың  9 желтоқсанында ашылған.  Бұл мекемеде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек - қимыл аппаратында ақауы бар, жүйке- жүйе ауруларына ұшыраған мүмкіндігі шектеулі балаларға жеті түрлі арнайы  қызметтер  көрсетіледі. Атап айтсақ, әлеуметтік- тұрмыстық, әлеуметтік - медициналық, әлеуметтік - психологиялық, әлеуметтік - педагогикалық, әлеуметтік - құқықтық, әлеуметтік - мәдени, әлеуметтік - экономикалық.
Мекеменің негізгі міндеті: қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып,  олардың  даму деңгейін арттыруға, әлеуметтендіруге және қоғаммен араласуына  бағыт - бағдар беріп, науқас балалардың ақауларын түзету, ұсақ моторикасын, сенсорлық интеграциясын дамыту, түрлі ойындар ұйымдастыру, массаж жасау, емдік  дене шынықтыру жаттығуларын жасау арқылы денсаулықтарын нығайтуға баулу  сынды  арнайы қызметтер көрсетеді.
Бұдан сырт, мамандар психологиялық кеңестер бере отырып, қамқорлықтағы балалардың эмоциялық жай- күйіндегі ауытқушылықты жеңуге, тұлғалық қалыптасу кезінде болатын, әртүрлі бұзақылықтың алдын алуға, физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл- ес қабілеттеріне сәйкес, оқу бағдарламалары бойынша білім алуына, тұрмыстық бағдар беру негіздеріне, қол еңбегі машықтық жаттығуларына  жәрдемдеседі.
Мекеме ҚР Еңбек және Әлеуметтік қорғау минстрінің 2018 жылдың 29 тамыздағы  №379 және 2019 жылды  19 мамырда  шыққан №238 бұйрықтарын басшылыққа ала отырып жұмыс жасауда. Казір  орталықта  40 орындық , 41 қызмет алушы бар. Штаттық кестеге сәйкес мекемеде 50 қызметкер жұмыс жасайды. Олардың 23 - і тікелей әлеуметтік қызметтерге дайындалған мамандар болып,  99%-ы жоғары білім иелері. Барлығы біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Біліктілігін анықтайтын, медицина қызметкерлері  деген сертификаттары  бар. Мекеменің педагогикалық ұжымы біліктілігін арттыру үшін үнемі семинарларға, тренигтерге қатысады.Орталық қызметкерлері Алматы қаласы « Асыл Мирас» аутизм орталығының клиникалық тәрбиешілері өткізген мастер -класстарға қатысып тұрады. Сонымен қатар,  2018 жылы Орта Азия бойынша Халықаралық эксперт Human Rights Watch  Мира Ритман Орталығының жұмысымен танысып, орталық қызметкерлері мен және қызмет алушылармен танысып сұхбат жүргізді. Осы жиында Білім және ғылым министрлігінің кеңесшісі,мүгедектік туралы сарапшы маман Захира Бегалиева мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жүргізу жайында мастер- класс өткізді. Одан кейін, орталықтың мамандары Алматы қаласындағы Болат Өтемұратов қоры ұйымдастырған  « Аутизм, мүмкіндіктер әлемі» ІІІ Халықаралық конференцияға қатысып қайтты.
Орталық  сапалы да бағалы оңалту құралдарымен жабдықталған. Мұнда балалардың денсаулығын жақсартып, бұлшық еттерін нығайтып, аяқ - қолдарының қимылдарын жақсартуға көмектесуде өте маңызды орын алатын Имитрон, Веретикализатор, Мотомед тренажеры, Бруся, Ходуноктар, Тактильді жолдар, Иппотренажерлар, Құмда сурет салу столы қатарлы құрал- жабдықтар қойылған. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, орталықта ашық сабақтар, көрмелер ұйымдастыру, мұражайларды аралау сынды сабақтар өткізіліп тұрады. Ал қызмет алушылардың келіп-кетуіне қолайлылық жарату үшін, мекемеге 2018 жылы шілдеде 17 орындық NEXT Микроавтобусы сатып алынды.
Қазақ халқы ежелден төрт түлікпен бірге өсіп, біте қайнасқан малжанды ұлт болып саналады. Соның ішінде жылқыны «Жесең азық, мінсең көлік» деп қатты бағалаған. Оның тұла бойы тұнған шипа, сүті, еті тіпті атқа мінудің өз алдына бір ғылым. Сол себепті орталықта тәрбиеленушілер 2017 жылдан бері Талдықорған қаласы Еркін ауылында орналасқан «Ерасыл» этноауыл орталығында, аптасына бір рет  атқа мініп серуендеу арқылы иппотерапия қызметін алып келеді. Ең  алғаш атқа мінгенде қорқып жылап, үрейленетін балалар уақыт өте атқа еттері үйреніп, бәрі атқа мінуге асығады. Өйткені ат үстінде шалқасынан жатып тербелу немесе аттың жалынан  қапсыра  құшақтап, ат үстіндегі массажды сезіну балаларға ерекше сезім сыйлайды. Олардың бойларындағы биіктен қорқу мен сенімсіздіктері жоғалып, батылдық, үміт пайда болуы тәрбиешілерді еріксіз қуанышқа бөлейді. Кешенді түрде емдеу жаттығулары  арқылы бала денсаулығын жақсарта отырып, біршама нақты нәтижелерге жетуі - күнделікті жүйелі түрде атқарылған жұмыстардың жемісі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауларының бірінде, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. «Елімізде тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте  тұрғаны белгілі. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін, ұтымды шаралар қабылдауы қажет. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының  желісін  кеңейтіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы  өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын!»- деген еді. Сөйтіп қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне  биліктің  назар аударуын да  тапсырды.
Мекеме қоғамдық қорлармен, бірлестіктермен жүйелі жұмыс жасап келеді. 2018 жылы Ә.Тасмағамбетованың «Сәби» қоғамдық қорына хат жолдап, көлемі 150 шаршы метр тұратын балалар ойын алаңын салдырды. Сондай-ақ, 2019 жылы А. Сүлейменованың « Аяла» қоғамдық қоры қызмет алушы балаларға «НУМИКОН» жиынтығын сыйға тартты.
«НУМИКОН» жиынтығы дегеніміз – 1996 -1998 жылдары Англияда жасалған бағдарлама және көрнекі материялдар жиынтығы. 2019 жылдың басында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ММ мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі КММ және «Үміт» күндіз болу орталығымен келісімге қол қойды. Сол келісімге сәйкес орталықтан қызмет алушылар «Жастар» спорт кешенінде спортқа мүдделі спорттық сабақтар мен ПАУАРЛИФТИНГ, Стол теннисі, Арбадағы спорттық би, Ауыр өрмелеу секцияларына барып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. 2020 жылы елімізде «Еріктілер жылы»  болып жариялануына орай, Көксу ауданының еріктілерімен жоспарланған жұмыстар жүргізіліп, «Біз біргеміз» атты бірлескен акция өткізіліп, нәтижесінде ауданның еріктілері орталыққа көптеген сыйлықтар мен теледидар және  ГРОССО тренажер сыйлады.
Мекемеде қызмет алушылардың қабылеттерін дамыту мақсатында аудандық, республикалық байқауларға, мерекелерге, түрлі кештерге қатсып көптеген жүлделер мен жақсы жетістіктерге ие болып келеді. Мәселен, орталықтың қызмет алушылары осы уақытқа дейін, Талдықорған қаласы оқушылар сарайында өткен бүлдіршіндер мен жас-өспірімдер арасында ұйымдастырылған ІІ республикалық «Ұлы дала ұрпағы» балалар шығармашылық байқауы, «Жұлдызды қолтаңба» республикалық өнер орталығы ұйымдастырған «Өнерім, жастық жігерім, Арналсын саған туған ел!» атты мектеп оқушылар арасындағы өнер байқауы, Талдықорған қаласы №13 орта мектепте ұйымдастырылған XIV Халықаралық «Жұлдызай » фестивалі, Алматы қаласында өткен « АТАДАН-МҰРА» қоғамдық қорының Республикалық байқаулары,  Сондай- ақ Халықаралық «ART- BAITEREK ALMATY»  байқауы сынды байқауларға белсене қатысып, «Эстрадалық вокал», « Көркем сөз өнері», «Бейнелеу өнері» жанрларынан  үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп, өздерінің ешкімнен кем емес екендігін дәлелдеді.
Елімізде 2020 жылдың наурыз айында төтенше жағдай жарияланса да «Үміт» күндізгі болу орталығы қызмет алушыларға қызмет көрсетуді тоқтатқан жоқ. Орталық мамандары  ата –аналарымен бірлесе отырып, мерекелік іс шараларды және күнделікті өткізілетін түзету жұмыстарын қашықтықта ұйымдастыруға күш салды. Республикалық ғылым әдістемелік орталығының «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауының финалдық жарысына, сонымен қатар «Балдәурен» республикалық балалар мен  жасөспірімдер сайты ұйымдастырған «Абай дана,  Абай дара қазақта.... » байқауына, «Sana Education» интеллектуалды білім порталының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Абайға арнау» сияқты көптеген онлайн байқауларда өз өнерлерін көрсетіп, тағы да марапаттар қанжығалады. Осындай  биік белестер мен шалқар шыңдарды бағындырып, өз арманына аршынды қадам басу жолында ерінбей еңбектеніп, құлшына білу – кейбір он екі мүшесі сау, аяқ – қолы балғадай адамдардың қолынан келе бермейді. Тағдырдың ауыр сынағымен арпалыса жүріп, асқақ арманға қол созып, өмірден өз ақысын алу – тек осындай қайсар жандарға ғана тән қасиет. Ал сол қасиетті танып, біліп, ары қарай қол ұшын созып, үміт беру - «Үміт » күндізгі болу орталығы сияқты ыстық ұя мен онда үнсіз еңбек етіп жатқан жылы жүректі жандардың  өлшеусіз мейрімінің жемісі екені ақиқат.
Қызмет алушылар төтенше жағдай кезінде бос уақыттарын тиімді пайдалануға барынша күш салды. Орталық мамандарымен бірлесіп «Біз біргеміз» атты челендждер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге жариялап отырды. Мекеме санитарлық эпидемиологиялық  нормаларға сәйкес барлық тиісті құралдармен жабдықталған және қатаң бақылануда.
Мекемеде ұсынылып отырған арнайы әлеуметтік қызметтер тізімінде, қазіргі әлеуметтік заңнама және басқа да ақпараттар енгізілген ресми сайт жұмыс жасайды. Мекемеде  «Қамқоршылық кеңес», түрлі іс-шаралар үнемі ата-аналардың қатысуымен жүргізіледі. Жүйелік қолдау көрсететін Facebook, Инстаграмм әлеуметтік желісінде де ресми парақшалар бар.
Біздің орталықтың ұраны: «Біздің жүрегімізде мейірімділік пен үміт, біздің қолымызда балалық жүректің сенімі» - дейді орталықта қызмет атқарушылар мен қызмет алушылар. Олай болса, іші мейірімге, жан жылуына толған, шаңырағы шалқар армандар мен керегесі қажымас қайсарлықпен бекемделген  ұя « Үміт» күндізгі болу орталығы өшпес үміттер сыйлай берсін!

Әмина АДАЙХАН

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.