
Елбасының 27 ақпанда “Нұр Отан” партиясының 18- кезекті съезінде берген тапсырмасы бойынша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемін ұлғайту жөнінде аудан бойынша түсіндіру жұмыстары басталды. Осыған орай, ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Шаяхметова мен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Руслан Байменов Айнабұлақ, Алғабас және Мұқыры ауылдарын аралады.
Әлеуметтік көмек алу үшін жалғыз төлқұжат жеткілікті. Тұрғылықты жерінде тіркеліп, арнайы комиссияның тексерісінен өткен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар жәрдемақыға ие бола алады. Алайда отбасылық табыс мұқият есептеледі. Мәселен, жанұяда жұмыс істеп отырған адамдардың табысына ауылдық жерде мал асырап отырған отбасылардың мал саны түгел есептеліп қосылады. Осы аталған табыс көздерінің қосындысын сол жанұядағы адамдардың санына шаққанда белгіленген 20789 теңгеден аспауы керек. Ескере кететін жағдай, отбасыда 1,2,3-дәрежедегі мүгедектігіне байланысты алатын көмекақысы болса, жанұяда зейнеттік жасқа келіп, зейнетақы алатын кісілер болса, бала 1-жасқа толғанға дейін анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақысы болса, бәрі қосылып саналады. Ал, көпбалалы аналарға, мүгедек балаға және мүгедек балаға қарап отырған анаға төленетін осы үш жәрдемақы кіріс болып есептелмейді. Яғни, бұл үшеуі отбасылық табысқа жатпайды.
Мысалмен түсіндіретін болсақ, отбасында 4 бала және ата-анасы бар, олардың отбасылық айлық табысы 110 мың болса, осы сомманы отбасындағы адам санына шағасыз. Біздің жағдайда бұл 18333 теңгеге тең, яғни мұндай отбасылар мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға ие бола алады. Бірақ, жәрдемақы алушы мен оның отбасы міндетті түрде тіркеуде тұруы керек.
Осыған орай, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Нұртайқызы барша халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді. Әрі бұл әлеуметтік көмек тек көпбалалы отбасына ғана емес, жағдайы төмен отбасыларға да берілетінін айтты. Ал, жәрдемақы алуға тіркелу, керекті құжаттар жинау уақыты сәуір айының 1-не дейін екендігін ескертті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолдау тапқан “Әлеуметтік қамқорлық” шараларын түсіндіру жұмыстары бұдан ары да жалғасын таппақ.
Іңкәр МҰҚАШЕВА