ӘЛЕУМЕТ

Қашықтықтан оқыту шеңберінде оқу платформаларының тиімділігі

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 06.11.2020
Оқылды: 620 Печать страницы
Қашықтықтан оқыту шеңберінде оқу платформаларының тиімділігі

Әлемді дендеген індет еліміздің білім саласына да өзіндік өзгерістер алып келді. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің шұғыл әрекет етуімен оқу мен тәрбие алу процесі қашықтықтан оқытуға көшірілді. Алғашқы кезеңде аталған үрдіс көптеген қиындықтар мен түсініспеушілік туғызғаны рас. Себебі, тез арада шұғыл шешім қабылдап, балалардың денсаулығына қауіп келмеуі үшін әрекет етумен қатар, білім алу үрдісін де тоқтатпау керек болды. Бұл індет бүкіл әлемге тарағандықтан, көптеген мемлекеттер қашықтықтан білім беруге көшті.

Қазіргі кезде сандық технологиялар күн сайын қарқынды дамып келеді. Мұны біз дұрыс қабылдап, заман талабынан қалмай қадам басып, мейлінше пайдалы жағын өзімізге қабылдап, мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз керек. Біз сан түрлі себептер іздеп тартынғанмен, ғаламдану үрдісінен біз шет қала алмаймыз. Ал, дамып бара жатқан үрдістен шығып қалу - тоқырауға ұшырататындығымен және ол үрдісті қуып жету мүмкін еместігімен қауіпті.

Қашықтықтан оқыту – оқушы мен мен мұғалім алыстан немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз қашықтан оқыту мен онлайн оқытуды бірдей ұғымда пайдаланамыз. Негізінде қашықтан оқыту онлайн оқытуға тең емес ұғым. Қашықтан оқыту – жаңағы біз айтқан пошта, теледидар, радио, тапсырмаларды интернет арқылы алып оқу. Осы екі ұғымды бөлек тануымыз керек. Мысалы, Bilimland.kz платформасында бүгінгі күні 40 мыңнан астам әртүрлі ресурстар бар. Оған тіркелу, пайдалану толығымен тегін. Қашықтан оқыған кезде WhatsApp, электронды пошта және басқа да мессенджерлерді пайдалануға болады. Интернет бұл жүйені көтере алмады. Онлайн оқудың орнына платформалар арқылы қашықтан оқытуды жүргізуіміз қажет » деп атап өткен.

Сондықтан білім беру жүйесінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияны дамытудың тиімді құрылымы – білім платформалары болып табылады.

Қазіргі таңда ауданымыздың 12 мектебі Daryn.online, 13 мектебі Оnlinemektep платформасына тіркеліп жұмыс жасап жатыр.

Теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл – тіптен жаңа формат. «Балапан», «Ел Арна»,и«Қазақстан» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынуда. Мұның барлығы бұғанға дейін орын алмаған үдіс.

Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бұл сандық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды орындауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне

қол жеткізу ақылы болса, қазіргі кезде біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Тапсырмалар баланың жасына сай, шағын, бірақ қызығушылығын төмендететін өте жеңіл болмауы керек. Оқушыға қойылатын талаптар азайғаны мен жауапкершілік төмендемеуі керек. Әр мұғалім өзінің шәкіртінің әлеуметтік жағдайын және интелектуалдық деңгейін білуі шарт. Кейде оқушы шамасы келіп тұрған тапсырманың жартысын ғана орындап жібереді. Ондайға жол бермеуіміз керек. Сонда ғана білімнің сапасын жоғалтпаймыз. Бұл өте маңызды. Оnlinemektep, Daryn.online, Орig.kz платформаларындағы электронды мәліметтерді оқушыларға лайықтап беру қажет. Әр мұғалім оқушылардың ғана алдында тұрмағанын әрдайым естен шығармау керек. Өйткені әр тапсырманы оқушы ата-ана, туған туыстарымен бірге талқылайды. Соған байланысты мұғалім сабағын мұқият дайындауы керек. Кейбір жағдайда оқушыдан гөрі ата-аналардың абыржуы мен жоқтан кінә іздеуі оры налады. Сондықтан мұғалімнің ата-аналармен ынтымағы күшейіп, байланысы артуы керек. Оқушының үйінде жұмыс орны өзіне қолайлы жерде ұйымдастырылуы қажет. Оқушы үйінде жұмыс режімін сақтауы маңызды. Мысалы, оқушы уақытымен оянып, уақытымен тамақтануы, бір пәннен тапсырманы орындап болғаннан соң 10 минутқа үзіліс жасауы, белсенді демалуы сияқты қажеттіліктерді ата-аналары мұқият қадағалауы керек. Ал танымдық телеарналарды жібермей қарау шарт.

Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті білім алушының келесі түрдегі орындалатын өз бетінше жұмысын басқару болып табылады: туындайтын мәселелерді қарастыру; мақсат пен міндеттерді қою; білім, тәжірибелерді беру; ұйымдастыру қызметі; білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру; оқу процесін бақылау.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет». Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесіне, мектеп өміріне енуде. Қазіргі жағдайда аудан педагогтары сабақтың сапасын түсірмей, ертеңгі ел болашағы - оқушыларымыздың білімін табандылықпен арттыра беретіндігіне сенім мол.

 

Е.Нүсіпжанов

Аудандық білім бөлімінің әдіскері

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.