
Аптаның алғашқы күні яғни желтоқсанның жиырма бірінші жұлдызында «Есіктен есікке» акциясы аясында аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер Әлдибек Досымбеков Алғабас ауылдық округінің әлеуметтік жағдайын көріп қайтты. Атап айтар болсақ, үміткер ең алдымен «Көбен» шаруа қожалығына барып ондағы мән-жайды өз көзімен көрді. Сонымен қатар, қожалықтың ұжымы, яғни еңбеккерлерімен және инженер механик Айдос Көбеновпен кездесті. Кездесудің басты мақсаты сайлауалды бағдарламаны түсіндіру болғандықтан, әңгіменің барлығы дәл осы сайлау мәселесінің шеңберінде өрбіді. Келелі кездесудің соңында аталған қожалықтағы ұжымның еңбеккерлері үміткерге сауалдарын қойып, тұшымды әрі нақты жауап ала білді. Содан соң үміткер Әлдибек Рғайбекұлы жеке кәсіпкер Мукаев ЖШС-нің дүкеніне табан тіреді. Мұрат Мукаев Алғабас ауылының тұрғыны әрі жеке кәсіпкер. Ол өз сауда дүкенінің арқасында нәпақасын тауып жүрген азамат. Дегенмен, оның бұл ісі халыққа да өз пайдасын тигізуі керек. Міне, осы себептен де үміткер дүкеншімен кездесіп қайтты. Кездесуде Әлдибек Досымбеков сауда дүкеніндегі азық-түіктің бағасын тексерді. Сондай-ақ, дүкеннің қызметкеріне өз жеке бастарының пайдалары үшін бағаны көтеріп қоймауларын ескертті. Кездесудің соңында үміткер дәстүрлі түрде сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.