ӘЛЕУМЕТ

Жас келсе - іске

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 594 Печать страницы
Жас келсе - іске

«Әкім бол, халқыңа жақын бол»,- деген аталы сөз тегін айтылмаса керек-ті. Қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатып, ақсақалдарынан жөн сұрайтын, өлкенің өркендеуі мен өрлеуі үшін аянбай тер төгетін әкім қашан да халық тарапынан қолдау көретіні анық. Жергілікті тұрғындар арасында «Батырлар ауылы» атанып кеткен Еңбекші ауылдық округі - Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбай және еңбекқор халқымен аты шыққан, сәні мен салтанаты жарасқан құтты мекен. «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» дегендей, бұл ауылдан бір жылдары 78 мың тонна қант қызылшасы жиналып, бір аудан орындай алмайтын мөлшерді осы ауыл азаматтары орындағаны жайында ел аузында әлі күнге дейін зор мақтанышпен және абыроймен айтылып жүр.
Аптаның дүйсенбісінде аудан әкімі Әділ Алмас Қабдулұлы Зылиха Тамшыбай ауылында болып, жаңадан Еңбекші ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалған Асқар Алпысбаевты тұрғындарға таныстырды. Бұл таныстыру рәсіміне аудандық мәслихат хатшысы Әлдибек Досымбеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Жамбыл Бейсенбай да қатысты. Аудан әкімінің тағайындау туралы өкімі шығып, арнайы тексеруден өткенге дейін міндетін атқарушы болып тағайындалғанын айта келе, жұмысына сәттілік тілеп, құттықтады. Асқар Алпысбаевтың өмірбаянымен, еңбек жолымен таныстырған аудан әкімі Алмас Қабдулұлы: - Жергілікті халық пен ауылға жаны ашып, қоян-қолтық жұмыс жасаса, ауыл шаруашылық саласын дамытып, тазалығын сақтап, халықтың мұң-мұқтажын түсіне білсе, басшыға да, халыққа да керегі осы деп білемін. Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан ауылдық округтерге бюджет енгізіліп, ауылдың қажеттіліктерін жергілікті әкімдер өздері шеше алатындай жағдай жасалып отыр. Ауылдың тыныс-тіршілігін, жай-күйін ауыл қазыналары - ақсақалдарынан артық ешкім білмес. Сол үшін де ауыл қарияларымен ақылдасып, кез келген мәселенің шешілу жолдарын бірге кеңесіп отырғаны дұрыс деп есептеймін,- деп, жаңа басшыны халықпен бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Айта кетсек, сәуірдің 10-шы жұлдызында өткен сайлауда Асқар Ахметқалиұлын 13 аудандық мәслихат депутаттары-таңдаушылардың 7-еуі қолдап, яғни, ең көп дауыс жинаған болатын.
Кездесуде ауылдық округтің жаңадан тағайындалған округ әкімінің міндетін атқарушы Асқар Ахметқалиұлына сенім артқан ауыл ақсақалдары Ақжолтай Көлбаев, Таңатар Әбдірахманов, Серғазы Шеңгелбаевтар «Жас келсе іске» дегендей, жаңа басшыға ағалық ақылдарын айтып, тұрғындармен бірлесіп жұмыс жасауға, ауылды көркейтуге аянбай еңбек етуге шақырып, ақ баталарын берді. Сенім білдіріп, үміт артқан ауыл ақсақалдары мен тұрғындарға Асқар Алпысбаев өзіне артылған жауапкершілікті терең сезіне отырып, халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауға уәдесін беріп, алғысын білдірді.

Меруерт Рахмишева

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.