
Жалпы ротация дегеніміз не? Ротация қандай мақсатта жүргізіледі. Ротация жайлы толық ақпарат алғыңыз келсе, мына мақалаға назар аударыңыз.
Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, облыстарды, республикалық маңызы бар қалаларды, астананы, облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалаларды, облыстық маңызы бар қалаларды, облыстардың аудандары мен қалалардағы аудандарды дамыту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың профилактикасы, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін және басқару тәжірибесін тиімді пайдалану, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби дамыту және олардың басқару құзыреттерін жетілдіру болып табылады.
Ротацияға саяси мемлекеттік қызметшілермен, «А» және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жатады.
2020 жылы 13 қарашада ҚР Президенттінің Жарлығымен жаңа Ротация қағидалары бекітілді. Ротация қағидалары 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Қағидалармен саяси қызметшілердің ротациясы енгізілді.
Бұл ретте, ротацияға саяси қызметшілердің екі тобы жатпайды. Олар:
Бірінші топ –Президент және Елбасы тағайындаған саяси қызметшілер;
Екінші топ –Конституцияда және заңдарда өкілеттік мерзімдері белгіленген саяси қызметшілер.
Саяси және «А» корпусының қызметшілері өз лауазымдарына тағайындалған күнінен бастап төрт жылдан кейін ротациялауға жатады. Олардың ротациялау мезіміне екі ай қалғанда тиісті мемлекеттік органның кадр қызметі тағайындау құқығы бар адамды ескертуі тиіс.
Тағайындау құқығы бар адам екі түрлі шешім қабылдай алады:
біріншіден, саяси және «А» корпусының қызметшісін басқа лауазымға ротациялау туралы ұсынысты Президент Әкімшілігіне енгізеді;
екіншіден, тағайындау құқығы бар адам саяси және «А» корпусы қызметшісін ротациялау мерзімін екі жылға ұзарта алады.
Ұзартылған екі жыл өткеннен кейін, Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия, қызметшінің ротациялау мерзімін тағы да екі жылға ұзарта алады.
Ұзартылған екі жыл өткеннен кейін қызметшінің ротациялау мерзімін ұзарту мүмкін емес. Яғни, саяси және «А» корпусының қызметшісі бір лауазымды жалпы алғанда сегіз жылдан артық атқара алмайды.
Сонымен қатар, мемлекеттік орган басқа мемлекеттік органның саяси және «А» корпусының қызметшісін өзіне ротация тәртібімен тағайындай алады. Ол үшін Агенттік сіздерге өзге мемлекеттік органдарда істейтін, ротациялау мерзіміне үш ай қалған саяси және «А» корпусы қызметшілерінің тізімін ұсынатын болады.
Егер, саяси және «А» корпусының қызметшісі өзге мемлекеттік органнан ротацияланатын болса, онда сол қызметші істейтін мемлекеттік орган басшысының келісімі қажет болады.
Саяси және «А» корпусының қызметшісін ротациялау тәртібі түсінікті болуы үшін әкімдік пен министрліктің үлгісінде келесі мысалды ұсынамыз.
Мысалы, аудан әкімі 2017 жылғы 1 сәуірде тағайындалды. Төрт жылдық мерзімге екі ай қалғанда, яғни 2021 жылғы
1 ақпаннан кешіктірмей, кадр қызметі облыс әкімін ротация туралы шешімді қабылдау қажеттігі туралы ескертеді.
Облыс әкімі екі түрлі шешім қабылдай алады:
бірінші, аудан әкімін басқа лауазымға Президент Әкімшілігінің келісімімен ротациялау;
екінші, аудан әкімін ротацияалау мерзімін екі жылға ұзарту.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр аудан әкімдері «А» корпусынан саяси лауазымға ауысты. Осыған орай, әкімдіктерде «аудан әкімдерін ротациялау мерзімі қай күннен басталады» деген сұрақ болуы мүмкін.
Аудан әкімдері саяси лауазымға ауысқанына қарамастан, оларды ротациялау мерзімдер олардың бастапқы тағайындау күнінен есептелетінін атап өтемін.
Жоғарыда аталғаннан, Жарлықпен «Б» корпусының қызметшілерін де ротациялау тәртібі өзгертілді.
Біріншіден, Қағидалардан ротация жоспары алынып тасталды. Яғни, мемлекеттік органдарға бұрынғыдай жыл сайын ротация жоспарларын бекіту қажет емес.
Екіншіден, басқа облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада жұмыс істейтін әкімдіктердің басқарма басшылары бір-бірімен ротациялануы мүмкін. Осындай ротацияны жүргізу үшін Агенттіктің келісімі қажет.
Бұл ретте, егер өзге облысқа ротацияға ұсынылып жатқан қызметші, соңғы бір жыл ішінде сол облыс әкімінің тiкелей бағынысында істеген болса, Агенттік ондай ротацияға келісім бермейді.
Үшіншіден, «Б» корпусы қызметшілерінің де ротациялау мерзімдерін ұзарту тәртібі өзгертілді.
Осылайша,«Б» корпусының қызметшісі өз лауазымына тағайындалған күнінен бастап үш жылдан кейін ротациялауға жатады. Бұл ретте, қызметшінің қалауы бойынша оның өз лауазымын атқару мерзімі үш жылға ұзартыла алады.
Ұзартылған үш жыл өткеннен кейін, Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия қызметшінің ротациялау мерзімін тағы да екі жылға ұзарта алады. Аталған екі жыл өткеннен кейін қызметшінің ротациялау мерзімінтағы да ұзарту мүмкін емес.
Яғни, «Б» корпусының қызметшісі бір лауазымды жалпы алғанда сегіз жылдан артық атқара алмайды. Ротациялау уақыты келген жағдайда қызметші ротациядан бас тартып, өз лауазымынан босатыла алады, не оның келісімі бойынша лауазымын төмендетуге болады.
Төртіншіден, «Б» корпусының кейбір қызметшілері өз еркімен ротациялануы мүмкін. Бұл тәртіп бойынша басқарушы лауазымдарды соңғы үш жыл бойы атқарып келген, әр түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерді жұмыс істейтін қызметшілер бір-бірімен ротациялана алады.
Осындай ротация әр түрлі мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қызметшілер арасында да жүргізілуі мүмкін.
Бұрынғы Ротация қағидаларында ротациялау мерзімдерінің керi күшi көзделмеген болатын. Жаңа Қағидаларда арнайы өтпелі ережелер көзделген.
Осылайша, қазіргі уақытта өз лауазымын сегіз жылдан артық атқарып келіп жатқан қызметшілер Қағидалар қолданысқа енгізілгеннен кейін міндетті түрде ротациялануы тиіс. Олардың ротациясы 2021 жылғы 31 наурызға дейін жүргізілуі керек.
Ал өз лауазымын алты жылдан артық атқарып келіп жатқан қызметшілердің ротациялау мерзімі тек Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен ғана ұзартыла алады.
Бұдан басқа, ротациядан бас тарта алатын қызметшілердің шеңбері де кеңейтілді. Осылайша, зейнеткерлік жасқа жетуіне үш немесе одан да аз жыл қалған қызметші өтініш бойынша ротациядан бас тарта алады. Бұл саяси, «А» және «Б» корпусының қызметшілеріне қатысты.
Сонымен қатар, көпбалалы ата-ана болып табылатын қызметшілер басқа жерге көшумен байланысты ротациялаудан бас тарта алады.
Сонымен қатар, Ротация қағидаларынан басқа, қол қойылған Жарлықпен «Б» корпусының лауазымына конкурсыз ауысудың жаңа қағидалары бекітілді.
Қағидаларға сәйкес мемлекеттік органдарда екі түрлі ауысу болу мүмкін:
біріншіден, «Б» корпусының қызметшісі мемлекеттік органның ішінде тең лауазымға ауыса алады;
екіншіден, соңғы екі жыл бойы мемлекеттік органда келесі төмен тұрған лауазымды атқарған «Б» корпусының қызметшісі сол мемлекеттік органның ішінде жоғары тұрған лауазымға ауыса алады.
Қызметшіні аустыру үшін оның өтініші қажет, ал Агенттіктің келісімі қажет емес.
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агентігінің
Алматы облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы
Ж.Иманғалиева