
Кез-келген адамның өмірі қуанышпен қатар, сын-қатерлер мен кедергілерге толы. Басына түскен қиындықтарға төтеп бергендер ғана тұлға болып қалыптасып, елінің ертеңгі ұрпағына үлгі бола алады. Аптаның сәрсенбісінде Ауған соғысының ардагері, соғысты көзімен көрген қатардағы солдат Бақыт Шәбденұлымен кездесу өтті. Мұқаншы ауылдық округіне қарасты Жетіжал орта мектебінде ауған соғысы ардагерімен өткен мерекелік шараға мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
- Ауған соғысы өмірімнің өліммен бетпе-бет келген ең ауыр кезеңі болды. Өкінішке орай, соғыста көргендеріңнің бәрі көз алдыңда тұрады екен,- деп күрсінді Бақыт Шәбденұлы. Біраз үнсіздіктен кейін: - Туған жерім Көксу ауданы, Мәмбет ауылы. Ауған соғысына қатысты айтар болсам, 1985 әскер қатарына шақырылдым. Алдымен, әскерге шақырылдым деген ойда болдым. Ауғанстанның Кандагар аймағы Шахджой провинциясына барғанда білдім соғысуға келгенімді. Бұл ауған соғысының оты лаулаған шағы болатын. Небәрі 18 жаста болған қазақ солдаты едім. Мұндағы міндетім өздігінен жүретін зениттік қаруда оператор болып жұмыс жасадым. Соғысты, қан төгісті, көз алдымда қыршын кеткен жастардың қандай азаппен, зорлық- зомбылықпен өлгенін көрдім. Алғашында біраз есеңгіреп жүрдім. Негізгі мақсатым Отан алдындағы борышымды әскерге барып өтеу болатын. Қиындықпен бетпе-бет келгенде түсінгенім ойлануға уақыт жоқ еді. Өлім де ештеңе емес сияқты болып көрінді. Маған Отан алдындағы борышымды жаттығу алаңында емес, соғыста өтеу жазылған екен. Соғыс барымызбен бөлісуге, бір-бірімізге көмектесуімізге, бауырмашылдыққа үйретті. Кім қандай ұлт екеніне емес, отансүйгіштігіне, адамгершілігіне қарай достастық, - дейді ағамыз соғыс жылдарын есіне ала отырып.
-Ауғанстаннан 1987 жылы туған жеріме келдім. Алдыма мақсат қойып, 1984 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-дегі бастаған білімімді әскерден кейін аяқтап, мұғалім мамандығын игеріп шықтым. Мамандығым бойынша біраз жылдар қызмет етіп, кейін 23 жасымда отбасын құрдым. Аллаға шүкір, соғыстан аман-есен оралып, шаңырақ көтеру нәсібі бұйырған екен. Қазіргі таңда Отанымыздың жарқын болашағы үшін еңбек етудеміз,- деп Бақыт Әділқожаев оқушыларды батыл болуға, еңбектен қашпай, білім алып Отанына қызмет етуге шақырды.
Мектеп оқушылары өз кезегінде арнайы дайындаған сұрақтарын ауған соғысы ардагеріне қойып, өздерінің өнерлерін ортаға салды. «Мен көрген соғыс» бейнебаянынан үзінді көрсетілді, «Жылдар сөйлейді» деген тақырыппен соғыс жылдары жазылған хаттарды оқып, соғысты сипаттап, көрермендерді сол заманда болғандай әсерде қалдырды, әндер шырқалып, ұлттық билер биленді.
«За боевой услуги», «70 лет Вооруженных сил СССР», «Воину- интернационалисту от благодарного Афганского народа», «Афганистан 25 лет в память о выполнения воинского долга», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалдарын омырауға таққан бүгінгі күннің батыры Бақыт Шәбденұлы Ауған соғысының ардагері ретінде кейінгі өскелең ұрпаққа бейбітшілік үшін күрескенін, еліміздің өркендеуіне білімімен, біліктілігімен, күш-жігерімен, адал еңбегімен қызмет етсе деген тілегін білдірді.
Бүгінде әлемнің өркениетті елдері дағдарыстан шығудың амалын таппай, жұмысшы санын қысқартып жатса, елімізде керісінше, шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті, ауылшаруашылығын дамытуға айтарлықтай көңіл де, қаржы да бөлініп жатыр. Біздің жастық шағымыз соғыс пен елдегі дағдарыс кезіне тап келсе, қазіргі таңда жастарымыздың армандағаны алдында тұр. Тек соған ұмтылып, қол созса болғаны. Өмір дегенің қайта шаппайтын бақ. Сол бағын әр адам қолына қондырса екен,- деп өсиет етті.
Ия, соғысты бастан кешу қалай қиын болса, ағамыздан сұрапыл жылдарды айтуын өтінгеніміз шайқасты қайта есіне түсіргені анық. Ауған соғысы – Бақыт Әділқожаев секілді, сол жылдары әскерге шақырылған 22 мың қазақстандық сарбаздардың басынан өткен ауыр кезеңі. Сол кездегі жас сарбаздар бүгінде Ауған соғысының ардагерлері, оларға көрсетілетін құрмет те мәңгілік. Ауған соғысы ардагерлері елімізде, әсіресе, кейінгі өскелең ұрпаққа кеңінен насихатталуда. Олар Отан алдындағы борышын соғыс майданында дәлелдеген ерлікті, елдікті, отансүйгіштікті ту еткен біздің - мақтанышымыз, абыройымыз!
Болашаққа қадамды нық басу үшін, өткенімізді өшірмей, ерлігімізді жәдігердей сақтауымыз қажет.
Меруерт Жабел,
Жетіжал орта мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.