ӘЛЕУМЕТ

АЛҒЫС АЙТУ –ДӘСТҮРІМІЗ

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 25.02.2021
Оқылды: 1210 Печать страницы
АЛҒЫС АЙТУ –ДӘСТҮРІМІЗ

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 наурыз – «Алғыс айту» күні деп белгілеуінде үлкен негіз бар. «Баталы ел –арымас, батасыз ел жарымас» деген халқымыздың қашан да бір-біріне тілеулес болуы – ықылым заманнан қалыптасқан ұлттық құндылығымыз. Ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезім. Отбасының басты қызығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың қоғамға бейімделіп, тұлға болып қалыптасуында ұстаздардың ролі зор.
Ұстаз болу аса маңызды және өте қиын мамандық, өйткені ұстаз білім ғана беріп қоймайды. Ұстаз баланы болашақ үлкен өмірге дайындап қажетті кеңестермен сусындатады. «Ұстаздық еткен, жалықпас үйретуден балаға» дегендей  болашақтың басшысын да, данасын да ғалымын да, еңбекқор егіншісін де  тәрбиелейтін – ол ұстаз. Ұстаз  – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиеттерін баланың бойына дарытуға бар саналы ғұмырын арнайтын жан. Биылғы оқу жылы  оқушыларға, ұстаздарға, тіпті ата-аналарға да оңай соқпады. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты білім беруде ең тиімді жүйе болып отырған қашықтықтан оқыту арқылы балалар білім алды. Осындай қиын-қыстау заманда Жетіжал орта мектебінің ұстаздар қауымы да жаңа формат негізінде жас ұрпаққа білім беруді жалғастырды. Whatsapp мессенджері арқылы оқушылармен байланыс жасап,  «Daryn.online» мен «Bilimland.kz»  сияқты интернет платформаларын тиімді қолдануға бағыт-бағдар көрсету арқылы оқушылардың білім алуына өз үлестерін қосып отырған пән мұғалімдері мен мектеп ұжымының алар орны ерекше. Қай заманда да жаңалықтың жаршысы болған ұстаздарға білімді шәкірттерінің көп болғанын тілейміз. Ата-ана ретінде балаларымыздың өз бетінше білім алуына жағдай жасап,  жауапкершілігі мен оқуға деген ынтасын арттыруын қадағалап отырдық. Елімізде енгізілген карантин шаралары да мемлекетіміздің қауіпті індеттен аман қалуымызға жасалып жатқан ауқымды шаралар деп білеміз.
Ғалым да, шахтер де бас иетін ұстаздар қауымына қандай құрмет көрсетілсе де жарасары хақ. Бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнайтын аяулы жандардың ерен еңбегі қоғамда өзінің лайықты бағасын алатын болады.   


Жайна ЖАРЫС,
Жетіжал орта мектебінің ата-аналар комитеті.

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.