
Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса назар аударғандығы белгілі. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс.
Балаға сөйлей бастағанынан-ақ ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлтымен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс. Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың бастау көзі тек халықтық тәрбие беру тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан мол мұраларымыздың құндылығына ешкім дау айта алмасы анық. Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді.
Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта тәрбиесі түзу болып бой көтерсе, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ болары анық.
Лаура Абайбекова,
Жеңіс негізгі орта мектебінің педагог-психологі.