Мектеп оқушыларын ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулы – маңызды мәселенің бірі. Ол – балалардың дарындылығын дамытуға, үлкен зерттеушілік ізденістің бастау алуына апарар алғашқы қадам. Мектептегі ғылыми зерттеу – өскелең ұрпақтың кез келген дүниеге терең үңіліп, білуге деген құштарлығы жан-жақты дамып, өзіндік пікірінің қалыптасуына ықпал ететін рухани-ғылыми ізденістің қайнар көзі.
Бұл бағытта бүгінгі таңда білім саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сөзімнің айғағы, таяуда ғана І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқу үдерісінің сапасын жетілдіру мақсатында біліктілікті арттыру және қосымша білім беру базасы орталығында колледж оқытушылары мен мектеп мұғалімдеріне арналған «Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында онлайн біліктілікті арттыру курсын өткізді. Аталмыш курсты Айгүл Тәңірбергенқызы ұйымдастырды. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессорлары– Сарбасова Қарлығаш Базарбекқызы мен Гүлнар Төребекқызы екі апта бойы курсқа қатысушыларға дәріс берді.
Курс барысында ғылыми жобаның кіріспесін, яғни ғылыми аппаратын жазу; ғылыми жоба мен мақалаға жазылатын аннотацияның айырмашылығы, ізденіс кезінде пайдаланатын интернет ресурстар жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Ғылыми жоба жазуда ең бірінші тақырыптың өзектілігі, оның мақсаты, міндеті, проблемалары, негізгі және қорытынды бөлім мен әдебиеттер тізімі қалай берілу керектігі де терең түсіндірілді. «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» демекші, оқушылардың ғылыми ізденісін қалыптастыру үшін ғылыми жетекшісінің білімі мен біліктілігі зор болуы ақиқат. Ұстаздардың ұстазы, өз білгендерін өзгенің бойына сіңіруге аянбай тер төккен лекторлардың еңбегін ақтау, мектепте оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту енді бізгі сын.
Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА,
Қ.Қ.Жалайыри атындағы орта мектеп – гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.