
Алматы облысында еліміздің ең ірі челленджінің қатысушыларына "Елбасы медалі" табысталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жобада республика деңгейінде Алматы облысы бойынша үздік көрсеткіштер анықталып, 384 жеңімпаз анықталды. Марапаттау рәсімі Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың қатысуымен өтті.
«"Елбасы медалі" - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Оған қатыса отырып, жастар өз уақыттарын басқаруға, мақсаттар қоюға және оларға жүйелі түрде қол жеткізуге, салауатты өмір салтын ұстануға және үнемі өзін-өзі дамытуға үйренеді. 2020 жылы "Елбасы медалі" бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушыны қамтыды. Жас таланттардың басым бөлігі Жетісу өңірінен шыққаны қуантады. 2021 жылы аталған жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 118 млн теңге бөлінді. Алматы облысында ең өршіл, мақсатшыл, жасампаз жастар бар екенін атап өткім келеді және біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрқашан дайынбыз. "Елбасы медалі" жобасының барлық жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын, қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, тек алға ұмтылуды тілеймін» ,- деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Іс-шара барысында жас жетісулықтар Нұрсұлтан Назарбаев қорының қола медальдарымен марапатталды. Олардың арасында дарынды балаларға арналған М. Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейдің оқушысы Жасмин Дүйсенбекте бар. Жас талант 60-қа жуық тапсырманы орындап, көңіл қуантарлық нәтижелер көрсеткен.
"Елбасына, жоба ұйымдастырушыларына, тәлімгерлерге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл біздің дамуымызға, жаңа дағдыларды үйренуімізге үлкен көмек, болашаққа маңызды қадам. Біз жаңа белестерді бағындыруға, жаңа мақсаттарға жетуге ниеттіміз", - деп атап өтті Жасмин Дүйсенбек.
Алматы облысында "Елбасы медалі" жобасын іске асыру жөніндегі іс-шараларды "Жетісу дарыны" оқу-әдістемелік орталығы жоспарлы және белсенді үйлестіргенін атап өту қажет. Жобаға қатысуға ықылас танытқан жас азаматтардан 1121 өтінім қабылданған, жобаның соңына дейін 661 өтінім қабылданған. Сондай-ақ, 25 тәлімгер бекітіліп, жоба басталған күннен бастап қатысушылар 17 000-нан астам тапсырманы орындаған.
Айта кетейік, 2020 жылы "Елбасы медалі" бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушыны, 600 тәлімгерді, 17 өңірлік үйлестірушілер мен сарапшыларды қамтыды.