
Адам тағдырын өмір таразысынан өткізіп, барды бағалауды, алысты жақын, жақынды жанашыр еткен бұл оқиға талайдың ойында ұзақ сақталары анық.
Халқымыз ежелден сан түрлі қиыншылықты бастан өткергені тарих беттерінде алтын әріппен жазылған бейне бір хаттардай сайрап жатыр. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, ерлік көрсеткендерді әрдайым үлгі тұтып, ұрпақтан ұрпаққа мақтанышпен айтып келдік. Одан бері еліміз талай нәубетті бастан кешті, соған қарамастан, ұрпағының қам-қатерсіз болашағы үшін төзді, шыдады. Аңсаған тәуелсіздігімізге жетіп, халқымыз есін енді жиды-ау дегенде қауіпті індеттің алауы шарпып, бүйірден соққы бергендей болды. Бұл бүкіл дүние жүзіне әсер етіп, әлемді дүр сілкіндірген індет болды.
Әлемді әбігерге салған коронавирус эпидемиясына тұп-тура бір жыл. 2020 жылы наурызда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, дабыл қақты. 2020-ның 11 наурызында әлемнің 114 елінде 118 мың адам вирус жұқтырған болатын.
Әлем жаңа вирустың қаншалықты қауіпті екенін, бір жыл ішінде адамзаттың өмір сүру дағдысы орасан зор өзгеріске ұшырайтынын сезбеді. Қытайдан басталып, алты құрлықты жаулаған пандемияның бір жылдық тарихына шолу жасалық.
Бүгінгі таңда коронавирус әлемнің алты құрлығында да бар. Антрактидадағы зерттеушілерден де анықталғандықтан, вирустың бас сұқпаған жері қалмағаны белгілі болды. Вирустан әлемде 2,4 млн адам көз жұмып, 118 млн адам жұқтырып үлгерді. Бір күнде жұқтыру бойынша рекорд 2020 жылдың 20 желтоқсанына тиесілі, бұл күні 843 мың адамнан қауіпті вирус анықталған.
Коронавирус дағдарысы Орталық Азия елдері үшін күтпеген жайт болды. КСРО құлап, тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай көлемде індеттің таралуы болмаған Орталық Азия елдері денсаулық сақтау саласындағы көптеген кемшіліктердің барына көздері жетті. Коронадағдарыс тек денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарды емес, сонымен қатар азық-түлік саласының қауіпсіздігі, білім саласының дағдарысқа дайын еместігі мен интернет жылдамдығының тым төмен екенін көрсетті.
13 наурызда Алматыда коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайлары анықталды. Германиядан Алматыға ұшып келген Қазақстанның екі азаматынан коронавирустың инфекциясы анықталды. Ал 16 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантиндік шектеулер енгізіле бастады. Кейіннен шектеу жаппай республикалық деңгейге өтіп, оқу орындары онлайн және қашықтықтан оқу формасына, ал көптеген жұмыс орындары онлайн жүйеге өтті. Ойын-сауық орталықтары мен сауда кешендері, мейрамханалар, кафе мен парктердің жұмысы тоқтатылды. Алғаш рет Қазақстанда жұмысынан айырылғандарға, жұмыссыздарға, жұмысы уақытша тоқтағандарға арнайы көмек көрсетілді. Ол 42500 теңге көлемінде болды.
Қазақстан коронавируспен күресуге 326 млрд теңге жұмсаған. Қаржының басым бөлігі дәрі-дәрмек сатып алуға, дәрігерлерге үстемақы төлеуге, медициналық құрал-жабдықтармен ауруханаларды қамтамасыз етуге кеткен. Бүгінгі таңда ресми статистика бойынша Қазақстанда 220770 адам вирус жұқтырып, 2830 адам көз жұмған. Ал коронавирустық пневмония жұқтырғандар саны 49670, қайтыс болғандар саны 657 адамды құрайды. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап коронавирустық пневмонияның статистикасы жеке жүргізілуде. Қазақстанның көптеген аймақтары сары аймақ статусынан шықса да, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы вирус тарау қарқыны бәсеңдер емес. Алматы облысында да карантиндік талаптарды сақтау шаралары күшейтіліп, «Наурыз» мерекесі тойланбайтын болды.
Әлемдік экономика дағдарысқа ұшырап, туризм, сауда-саттық саласы, киім өндірісі құлдырап кетті. Коронадағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2022-2028 жылдар аралығында деген болжамға сүйеніп отыр.
Елімізде алғаш төтенше жағдай енгізілгенде барлығына ауыр соққаны белгілі. Әсіресе, ақ халатты абзал жандар деп баға берілген дәрігерлер бастаған барша медицина қызметкерлері алғашқы сәттен бастап қалтқысыз қызмет етті. Жұмысына адал болғандары сонша, науқастарды аман алып қалу барысында өз өмірлеріне де қауіп төніп, тіпті қайтыс болғандар да жиілеп кездесті. Арада өткен бір жылға қарамастан, еліміз әлі де пандемиямен күресу үстінде. Осы жылдың ақпанынан бастап елімізде салынып жатқан вакцина осы тәжді вирусқа төтеп берудің бірден бір мүмкіндігі болып отыр. Сондай-ақ, тұрғындардың босаңсымай, әлі де сақтық шараларын қатаң сақтауы маңызды.
Үкімет өз тарапынан коронавируспен күресте вакцина егуді тегін және екпе салу құқығын әр адамның өз еркінде екенін атап өтті. Соған қарамастан бұл жағдайға бей-жай қарамағанымыз абзал. Себебі саулық сақтықта екені хақ. Әр адам шешім қабылдау барысында өзіне ғана емес, жақындары мен айналасындағы адамдарға қауіп төндірмеуді естен шығармағаны абзал. Бір жылдың өзінде қаншама ел қалаулылары, азаматтарымыз, жақындарымыздан айырылып қалдық. Алдағы жағдайдың қалай болары уақыттың һәм халықтың еншісінде.