ӘЛЕУМЕТ

Тәрбие бастауы – отбасыдан

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 26.03.2021
Оқылды: 1683 Печать страницы
 Тәрбие бастауы – отбасыдан

Қазақ халқы ертеден-ақ тәрбиеге жете көңіл бөліп келеді. Оның айғағы ретінде тәрбиеге байланысты нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, өсиет сөздер, тіпті данышпан бабалардың артындағы ұрпақтары үшін жазып қалдырып кеткен асыл ойлары ғасырдан-ғасырға сақталып бүгінгі жеткіншектерге жетіп келеді. Мысалы,«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деген сияқты көптеген асыл сөз, салмақты ойлары бүгінгі күні де өз мәні мен қадір-қасиетін жоғалтқан емес.Бір ауыз сөзбен тобықтай түйін түйген, сөз қадірін түсініп, соған тоқтап, бас иген бабаларымыз қандай құдіретті десеңізші!..

         Әсіресе қыз бала тәрбиесіне келгенде «Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен де тыйым» деген сөзінде қаншама мән жатыр!Бұл жердегі халық мақалының мәні – қыз бала тәрбиесінің күрделілігі, ертеңгі елдің тұтқасы боларлық, ел тізгінін ұстар ұрпақты дүниеге әкелер, отбасының ұйытқысы болар қыз тәрбиесінің нәзік те маңыздылығы туралы анық айтып кеткені кімге де болса түсінікті.

         Алайда, қазіргі таңдағы қоғамның бармақ тістетер, сан соқтырар тұстары аз емес. Ойнап жүріп «от басқан» қаракөздеріміздің көз жасы мен өз «әкелік парызынан» ат тонын ала қашып жатқан намыссыз жігіт-желеңдер, туылмай жатып «жетімхананың» бір бұрышынан орын теуіп жатқан «жәудіркөздердің» тағдырына кім жауапкер, кім кінәлі?! Осы бір өмірдің бойыңды суытар, жүрегіңді сыздатар кейбір тұстарының арғы жағында, есірген ұл мен еліккен қыздың «шалыс басқан» қадамдарының ішіне үңілсең отбасы, ошақ қасында алған тәлім-тәрбиесі көрініс береді. Бұл турасында қазақтың тағы бір құдіретті сөзін ойға алсақ, «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме?!.Бұдан алып қарасақ, жасөспірім кезінен-ақ «тәйт» дегенді естімей, «әйт» дейтін ажасы, «қой» дейтін қожасы болмай бетімен өскен жасөспірімдер өз ата-аналарының жауапкершіліксіздігі мен немқұрайлылығының «құрбаны» болып жатады. Осы жерде тағы да халқымыздың даналығына сүйенсек «Баланы жастан» демей ме?! Яғни, баланы бала деп қарамай, ертерек «тәрбие беруді» қолға алған жөн. Біздің тақырыбымызды «Тәрбие отбасынан басталады» деп алуымыздың жөні де осында жатыр. Демек, өз отбасынан көрген-білгені кейінгі өміріне жолдама болып қалмақ.

           Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды да, ерекше уақыт. Осы тәтті шақтың әр сәтін дұрыс бағалап, тиімді пайдалану қажет. Балаға өскен сайын жауапкершілікті сезіндіріп, өз ісінің дұрыс-бұрысын бағамдайтын естиярлыққа, сабырлылық пен имандылыққа баулысақ нұр үстіне нұр болар еді.

            Адам жүрегінде орын алатын ұлы қасиет – имандылық. Ал иман –  жан азығы. Ал азықсыз адам бірте-бірте бойындағы адами қасиеттерін де жоғалтады. Иманды жүрек ешқашан қиянатқа, жаман істерге бармайды, обал мен сауаптың, ізет пен ізгіліктің не екенін біліп әрі елеп-екшеп отырады. Тіпті, қасиетті дінімізге келетін болсақ та Ұлы пайғамбарымыз Мұхамед ғ.с. «Балаларыңа алдымен тәрбие беріңдер!» десе, әлемнің ұлағатты ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби де «Ең алдымен тәрбие беріңдер, тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас-жауы» демеп пе еді?!

              Ойымызды қорыта келе, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан қазақи қадір-қасиетімізден ажырамайық, келешек ұрпағымыз салауатты болсын десек байырғы ата салтынан ажырамай, қайта оны заман ағымына сай әрлеп, ажарландырып ұстанып жүрсек ұрпағымыздың рухы биіктеп, олардың әрқайсысы өз шаңырағының түтінін түзу шығарары сөзсіз. Сонда ғана тіліміз көркейіп, дініміз қанат жайып, елдігіміз еңсеріле түспек!

Серік СМАҒҰЛОВ,

Жеңіс негізгі орта 

мектебінің химия-биология     

пәнінің мұғалімі

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.