ӘЛЕУМЕТ

Коронавирустың екінші түрі пайда болғаны рас па?

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1512 Печать страницы
 Коронавирустың екінші түрі пайда болғаны рас па?

Біраздан бері халық арасында «Коронавирустың екінші түрі пайда болыпты,  Алматыдан шығыпты, жоқ Нұрсұлтаннан шығыпты, ауру қайта көбейіпті, карантин басталады екен...» деген сияқты қауесеттер  желдей есуде. Ендеше коронавирустың екінші түрі пайда  болғаны рас па? Оның белгілері қандай?
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарының зерттеуінше, Ұлыбританияда тез  тарап жатқан вирус – коронавирустың  мутацияланған  түрі. Оған VOC-202 012/01  деген  атау  берілді. Қазіргі уақытта бұл штамның ерекшелігі – оның жұғу ықтималдығының жоғарылығында. Мамандар коронавирустың жаңа түрі бұрынғыдан 50-70 пайыз жылдам таралатынын айтып отыр. Вирус  мутациясы  Ұлыбританияда шапшаң  жайылғаны  салдарынан  аталған  елде кейінгі күндері бір тәулікте 50 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш.  Осының  кесірінен билік қайтадан  жаппай  локдаун  енгізуге  мәжбүр  болған.
Коронавирустың  «британдық  штамм» қазірге дейін әлемнің 40-тан   астам   елінде анықталды. Қыркүйектің ортасында Ұлыбритания астанасы  Лондонда  пайда болған коронавирустың жаңа түрі тез қарқынмен әлемге жайылып барады. Австралия, Дания, Германия, Италия, Испания, Канада,  Нидерланды, Швейцария, Франция және Жапония мен Қытай сынды 40-тан астам елге жеткен вирус мутациясы іргелес Ресейде де тіркелді. Бұл туралы  Роспотребнадзор  жетекшісі Анна Попова хабарлады. Вирус Ұлыбританиядан оралған  Ресей азаматынан анықталған. Бірақ, оның «британдық коронавирусты»  нақты қай  кезде  жұқтырғаны  белгісіз. Қазір екі ел  арасында  әуе қатынасы тоқтаған. Қазірде 50-ден астам ел Ұлыбританиямен арада әуе рейстерін жапты.
Бұл жаңа штамм былтыр алғаш рет қыркүйек айында анықталған. Қараша айында Лондондағы коронавирус жұқтырғандардың шамамен 25%-ы аурудың дәл осы жаңа түрімен сырқаттанған. Ал желтоқсан айының ортасында олардың  саны 65%-дан  асты. Алайда, бұл жаңа штамның қаншалықты жұқпалы  екенін  дәл көрсететін нақты сан жоқ.
Медицина мамандарының айтуынша, коронавирус мутациялануға  бейім.  Covid-19  анықталғалы 20 рет мутацияланған. Ал соңғысында үш фактордың жиынтығы ғалымдардың  ерекше  назарын  аударады: Ол  сол вирустың басқа штамдарын тез арада жояды; мутация вирустың ерекше маңызды бөліктерінде жүреді; осы мутациялардың кейбіреуі зертханалық жағдайда вирустың жасушаларға ену қабілетінің жоғарылағанын көрсетті. Мұның барығы бұл вирустың тез таралуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен, мамандарда  бұған әлі толық  сенім  жоқ.
Инфекционистердің  пікірінше, жаңа штамм коронавирусты жеңе алмаған иммунитеті әлсіз науқас ағзада жетіліп, дамыған болуы мүмкін. Коронавирустың жаңа нұсқасы, алдын-ала болжам  бойынша, әдеттегіден 70% жұқпалы болуына қарамастан, оның өлімге  немесе ауруханаға жатқызу деңгейіне әсері туралы әлі ештеңе айтылмаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай жөніндегі басқарма  жетекшісі  Майк Райан індет кезінде жаңа штамның пайда болуы қалыпты құбылыс, соған бола жағдай бақылаудан шықты деп айтуға болмайды деп санайды.
Желтоқсан  айында Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова коронавирустың «британдық штам» Қазақстанға жетуі мүмкін екенін  айтқан. Оның  айтуынша,  вирус үшін мутация – бұл табиғи процесс.  Коронавирус  айтарлықтай  мутацияға  ұшырады.  Қазақстанда мамыр айынан қыркүйек айына дейін жүрген  штамдар зерттелді, өкіншке орай Германияда, Испанияда, Украинада, Ресейде, АҚШ-та және Қытайда  таралған  штамдар  біздің  елде де  анықталып  отыр.
Сондықтан елімізде бір мезет барлығы әуелгі қалпына түскендей, мамыражай күйге түскен адамзат әлеміне қайтадан үрей мен алаң ала келген бұл дерттен сақтану шараларын жедел қолға алу жүріп кетті. Еске алар болсақ, ДДСҰ - ның мамандары коронавирус инфекциясы алғаш байқалғанда-ақ  дабыл қағып, бұл аурудан аман қалудың жалғыз жолы тек салауатты өмір салтын ұстану екенін, коронавирус инфекциясының таралуы инфекциялық дәуірдің басталуы екенін, оның жер бетінен  бірден жойылып кетпей, түрленіп көбейе беретінін ашып айтқан болатын.
Демек, бұл дертпен күресетін ешқандай дәрі де екпе де емес тек өзіміздің иммунитетіміз ғана болып табылады. Сол себепті әр адам сақтану шараларын қатаң ұстанып, дұрыс тамақтанып, дене әрекеттерін жасап, ауруға қарсылық қуатты арттыруға міндетті. Бұл өз өмірін сақтауға, өзгенің өміріне құрметпен қарауға деген зор жауапкершілік болмақ!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.