ӘЛЕУМЕТ

АЖЫРАСУҒА АСЫҚПАҢЫЗ...

Санат: ӘЛЕУМЕТ
Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1757 Печать страницы
АЖЫРАСУҒА АСЫҚПАҢЫЗ...

Біріміздің бауырымыз, біріміздің досымыз, көршіміз үйленіп қуанышына ортақтасып мәре-сәре болып жатамыз. Ата-анасы «Мәңгілік естелік, балам күнде үйленбейді ғой, сондықтан да қарыздансам да үлкен мейрамханада дүркіретіп өткіземін» деп алдын ала тума-туыстарды хабардар етіп, күнін белгілейді. Сонымен көптен күткен ақсақалдан бастап, ойын баласының тілекті жаудыратын «үйлену тойының» күні де жетеді. Осылайша қызыққа және шығынға толы тойымызда бір сәтте өте шығады. Иә, сол тойда айтылған «Жұптарың жазылмасын!» деген тілектеріміз қаншалықты шындыққа жанасып жатыр?!

Біріміздің бауырымыз, біріміздің досымыз, көршіміз үйленіп қуанышына ортақтасып мәре-сәре болып жатамыз. Ата-анасы «мәңгілік естелік, балам күнде үйленбейді ғой, сондықтан да қарыздансам да үлкен мейрамханада дүркіретіп өткіземін» деп алдын ала тума-туыстарды хабардар етіп, күнін белгілейді. Сонымен көптен күткен ақсақалдан бастап, ойын баласының тілекті жаудыратын «үйлену тойының» күні де жетеді. Осылайша қызыққа және шығынға толы тойымызда бір сәтте өте шығады. Иә, сол тойда айтылған «Жұптарың жазылмасын!» деген тілектеріміз қаншалықты шындыққа жанасып жатыр?!
Кей жас жұбайлардың уақыт келе, тіпті сол шаңырақ құрған жылы-ақ ажырасып кеткендігін естіп жатамыз. Сол сәтте ойымызға бірден мына бір сұрақтар тізіле кетеді: «Осындай шешім қабылдауларына не себеп болды екен?!», «Кім кінәлі», «Перзенттері кімде қалады екен?», «Қайта отбасын құрады ма екен?», «Оның зардабы қандай болмақ?». Ендеше осы көкейімізде жүрген сұрақтарға жауапты бірге іздеп көрейікші.
Әлеуметтанушылар мен психологтардың зерттеулеріне үңілсек құрылған әрбір екінші отбасы ажырасуға бейім, әрбір  төртінші құрылған отбасының соңы ажырасумен бітеді екен. Демек бұл көрсеткіштің аса жоғары екендігін, әрі қоғамымызда  ажырасу қалыпты жағдайға айналғандығын көрсетеді.
Әлем бойынша  ажырасудың жоғарғы  деңгейі Португалия  — 67%  , соған шамалас Чехия — 62-65%, Венгрия және Испания мемлекеттерінде әр құрылған 100 отбасының 67-62 ажырасады екен. Солтүстік Еуропада бұл көрсеткіштер біршама төмен: Германия, Норвегия, Нидерланды — 48% болса, Финляндия — 45% шамасында. Ал, Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде 10- орында тұр. Жыл сайын неке бұзушылар саны артып келеді. Оған дәлел Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 83%- ының ортақ балалары бар. Шамамен 400000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, жалғызбасты әкелердің саны 60000- нан асады. Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша ТМД- да бастап тұр.
Мұндай статистиканы «Бақытты отбасы ресурстық қолдау» орталығының мамандары айтып отыр. Олардың айтуынша ажырасуға арыз беретіндер көбіне үйленгеніне 1 немесе 2 жыл ғана болған жас жұбайлар және оған себеп- қаржы қиындықтарымен отбасына туыстардың араласуы. Ажырасудың себептері көп. Бірін- бірі алдау, көзіне шөп салу, енесі келінің ұнатпайды не болмаса келіні бөлек тұрғысы келетіні қазіргі таңда аз емес. Бірақ басты себептері не деген сұраққа нақты жауап табу қиын. Солардың ішінде ең маңыздысы жауапкершілік. Жастардың көбісі осы жауапкершілікті сезінбеуінде, 2020 жылдың жарты жылында 12 мыңнан аса жұп ажырасқан. Ажырасудың ең көбі Алматыда тіркелген - 2 мыңға жуық, одан кейін Алматы облысымен, Қарағанды облыстарында 1500 -  ден астам жұп.
Ал, ауданымыз бойынша соңғы 2 жылдағы неке  статистикасы мынандай: 2019 жылы 152 жұп некелерін қиса, оның 109 ажырасқан. Ал, 2020 жылы 202 жұп некелессе, 31 заңды түрде ажырасып кеткен.
Әр үйдің сыры басқа демекші, әр отбасының ажырасу себептері де әртүрлі. Қазақстан мен Орталық Азия отбасы Институты сараптамасына сүйенсек ажырасудың негізгі себептері: перзентсіздік, түсініспеушілік, отбасылық құндылықтардың болмауы, сенімсіздік, менмендік, қызғану,туыстар мен дос-жарандарының ықпалы,ішімдік, жұмыссыздық.
Ажырасқан жұптарға сұрақ қойылғанда көпшілігі «бір-бірімізді түсінісе алмадық»  деп жауап береді екен. Бір қызығы осы уақытқа дейін бір-бірін түсінісіп келеді де, осындай жауапты шешім қабылдауларына «Біздің мінезіміз сай емес екен, мен оны мүлде түсінбеймін» деп себебін түсіндіреді екен. Әлеуметтанушы мамандар осындай себептермен ажырасуда әйелдердің бірінші орында тұратындығын анықтаған. Көп жағдайда әйелдердің тұрмысқа шықпай тұрғандағы мақсатына назар аударатын болсақ, басым көпшілігі өз бетінше жұмыс істеп, өз-өзін қамтамасыз ете алатындықтан болашақтағы барлық әлеуметтік жағдайын жоспарлап тастайды. Бұл жағдайда қыздардың бойындағы өзіне деген сенімділік арта түседі. Тұрмысқа шыққаннан соң үйде сүйікті жар, аяулы ана болып отырғаннан, жұмыс істеп, отбасын қаржылай қамтамасыз етуді басты орынға қойып жатады. Уақыт өте келе батыл, ер мінезді, отбасын қаржымен қамтамасыз етіп отырған әйелде «Неге мен жолдасымның туыстарын асырауым керек, неге мен бәріне көмектесуім керек, неге мен?», - деген сұрақтар туындай бастайды. Нәтижесінде жолдасымен мүлік не болмаса оның туыстары жайлы пікірін жайып салады. Бұл түсініспеушіліктің жай бір ғана түрі, оның ішіне көптеген себептерді көрсетуге болады.
Дегенмен, ерлі-зайыптылардың ажырасуында міндетті түрде біреуі кінәлі  бола алмайды. Жалпы адам психологиясында әйел мен ердің ойы, пікірі, мінезі ешуақытта ұқсаған емес. Кінәліні іздегенше, үйленбей тұрып кеткен кемшіліктерге назар аударған жөн.
Қазіргі таңда көпшілік жастар үйленбей тұрып 2-3 жыл бірге қол ұстасып жүріп, бір-бірін толық таныдық деп жатады. Үйленгеннен соң «қыз кезінде бәрі жақсы..» деген мәтел ойға жиі түсе бастайды. Себебі үйленбей тұрып, тіпті үйленгеннен соң бірнеше жыл ішінде қыз да, жігіт те өзінің мінезін  толық көрсете алмайды. Әрі үйленгеннен соң жас келіннің  мінезінің өзгеруіне әсер ететін жаңа факторлар пайда бола бастайды. Оның бастысы жоғарыда атап кеткендей әлеуметтік жағдай. Осыған байланысты психологтар жұптарды үш топқа  бөліп қарастырады:
1)    Үйленбей тұрып, тек сезім жетегінде болғандықтан кемшіліктері бола тұра байқамайтындар (жастар);
2)    Бір-бірінің кемшілігін біле тұра отбасын құрғандар (үйленсек бәрі өзгереді деген оймен);
3)    Бір-бірінің кемшіліктерін ұзақ жылдар бойы білетіндер (уақыт өте өзгерер деген үмітпен);
Ажырасу арқылы барлық қиындықты жеңеміз деген қате пікір. Ол шешімді қабылдау арқылы біз өзімізге жаңа бір қиындықтардың болатынын біле бермейміз. Қазақта ешуақытта қайтып келген қызын себепсізден үйде ұстамаған, тіпті ажырасуға жеткізбес үшін бар ақылын, даналықпен жеткізе білген.   Барынша екі жастың туыстары жиналып, қайта жарастырып жіберуге тырысқан. Қазіргі уақытта бұл көріністердің аздығынан да болар, ажырасқан отбасылардың саны көбеюде. Себебі, бұл жағдайда үлкендердің іс-әрекеті керісінше, қызы не баласы ажырасып жатса, істің барынша жылдам бітуіне ат салысып, ойының бәрі тек мүлікті бөлісумен шектеліп жатады. Көпшілігі ажырасқан қызын құшақ жая қарсы алса, кейбір аналар ажырасқан ұлына қыз іздеп шыға келеді. Дүркіретіп жасаған тойымызда «Құда - мың жылдық, күйеу - жүз жылдық» деп, осындай жағдайда олардан жаман, олардан өткен парасатсыз адам таппаймыз. Себебі дұрыс болмаса да, қызын не ұлын жақтап шыға келеді.
Осы орайда ажырасудың сот жүзінде қалай іске асырылатыны жайында және кері әсері туралы азды-көпті сұрап білген едік.
«Некенi сот тәртiбiмен бұзған кезде ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне қоятын жеке мүлiктiк талаптары осындайда туындайтын жағдай ретiнде Кодексте көзделген. Мүлiктiк талаптар деп олардың ортақ меншiгiндегi мүлiктi бөлу туралы және еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын күтуге арналған төлемдер туралы дауларды түсiндіреміз. Ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келісiмдерi бойынша некелерiн бұзу, араларында мүліктiк және өзге талаптар болмаған жағдайда, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органдарында, яғни тіркеуші органда жүргiзiледi. Бiрақ, егер жұбайлардың бiреуi, қарсылықтары болмағанына қарамастан, некенi азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органдарында бұзуға жалтарса, ортақ арыз беру үшiн өз басы келе алмаған жағдайда немесе арызды бергеннен кейiн ажырасуды тiркеу үшiн келгiсi келмеген және т.б. жағдайда ортақ арыз беруден немесе жеке арыз беруден бас тартса, арызданушы тіркеуші органдарға некенi бұзу туралы арыз бергенiн және ерлi-зайыптылардың бiрiнiң оған келуден бас тартқанын растайтын анықтамасы болған жағдайда неке бұзу сот тәртібімен қаралады», - дейді  Көксу аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Ардақ Жақыпбайқызы.
Сондай-ақ «ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша, 2020 жылдан бастап, неке бұзу туралы сот шешімі негізінде неке бұзу туралы куәліктер берілмейді, неке бұзу туралы күшіне енген сот шешімі негізінде басқа некеге тұруға болады, яғни ол заңды құжат болып табылады. АХАТ бөлімі мұрағатында акт жазбалары тіркелмейді. Биылғы неке бұзу сотталған азаматтармен неке бұзу және ерлі-зайыптылардың ортақ балалары және бөлетін мүліктері болмау себептен, бірлесіп берген өтініштері болып отыр», - дейді Көксу аудандық АХАТ бөлімінің бас маманы Гүлнар Таласбаева.
Отбасын – кіші мемлекет десек, отбасында да мемлекеттегі сияқты қиыншылықтар мен сәтсіздіктер, ішкі және сыртқы әсерлер, қаржылық дағдарыс сияқты жайттардың орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті оны құру үшін алдымен мықты мамандар қажет.  Отбасын  құрудан алдын өнегелі жар болуға жақсылап дайындалған жөн. Яғни, отбасы туралы жазылған еңбектермен жіті танысу және тренингтерге қатысу керек. Бұған қаражат кетеді, бірақ алдын-ала отбасына қатысты жиған құндылықтар болашақта отбасын сақтайтын әрі дамытатын көмекші құралдар.
Ал біздің қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген мәтелдің мағынасы неткен керемет десеңізші. Отанды сүю, оны дамыту және зайырлы мемлекет қалыптастыру әрбір отбасыдан басталады. Жоғарыда келтірілген мәліметтер баршамызды толғандыруы қажет. Кемедегілердің жаны бір дегендей Отанымыз бір болғандықтан, онда болып жатқан жәйт бізге де қатысы бар.
Рас, заман өзгерді. Күнделікті күйбең тірлік басқаны былай қойғанда, отбасыңа мойын бұрғызбайды. Осыдан келіп, шаңырақтың шаттығы азаяды. Бұған, әсте жол беруге болмайды. Бұл күннің мақсаты – қоғам назарын отбасыға аудару. Әсілінде, жақындарымызға ұдайы көңіл бөліп, сый көрсеткеніміз абзал. Құрмет бар жерде сүйіспеншілік салтанат құрады. Ал, ол шаңырақтың беріктігіне сеп.

Отбасымыз аман, бауырымыз
бүтін болсын!

 

{BLOCK:banners}
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.